Ауыл

Жасұланның жігері

Кәсіп

Денсаулығында кінәрат болса да, алдына мақсат қойып, соған жетуге тырысып жүрген адамдардың бірі — Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылының тұрғыны Жасұлан Көшкінбаев.

Ол 2012 жылы қатты ауырып, басына ота жасатады. Содан кейін денсаулығына көбірек мән беру керек болыпты. Алайда тепсе темір үзер шағында Жасұлан құр қарап, үйде бос отырғысы келмейді. Тұрақты жұмысы болмағасын аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына жолығып, сол жердегі мамандардан кеңес алады. Сөйтіп, былтыр маусым айында аталған орталық арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында бір айлық курсқа жолданып, соны бітіріп алады. Білікті мамандардың көмегімен бизнес-жоспар құрып, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болады.

— Негізі, күркетауық бағып, өсіргім келіп еді. Оған қаражат күзде берілді, алдымыз қыс болған соң құс алу ыңғайсыз болды. Сосын қайтарымсыз грантқа екі бас сиыр сатып алдық. Ата-анаммен бірге тұрамын ғой. Үй тірлігіне әлім келгенше көмектесемін. Әкем — құрылысшы, анам — медбике. Үйдегі сиырларды анам сауып алады, — дейді Жасұлан Қонтайұлы.

Бадамшаға бара қалсаңыз, әр үйдің ауласынан тауық, үйрек, қаз көруге болады. Жасұланның да ауласында он шақты тауық пен он шақты қаз бар. Жасұлан бізге үй құстарының рақатын күзде көретіндерін, алдағы уақытта үйдегі ірі қараны көбейткісі келетінін айтып берді.

«Сүтті сиырдан гөрі, етті малдың басын көбейтуді ойлаймын. Әттең, үйдегілер де, дәрігерлер де ауыр шаруаларды жасауға денсаулығымның жарамайтынын айтты. Әйтпесе құрылысқа барып, әкеме де көмектесер едім. Әзірге қолымнан келетінін жасап, үйдегілерге қолғабыс етіп жүрмін», — дейді жас жігіт.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button