Басты жаңалықтар

Алға, Әйтеке би аудандары: орындаушылық тәртіп оңды ма?

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аудан әкімдерінің орындаушылық тәртібі бойынша мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, Алға, Әйтеке би аудандарының әкімдері қатысты.

Аталған аудандардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров Алға ауданындағы бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Шағын қалаларды дамыту шеңберінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірде-бір «зәкірлік» жоба жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ ауылшаруашылық, сауда-саттық, өнеркәсіп өнімдерінің көрсеткіштері төмен.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов Алға ауданындағы энергетика, денсаулық салаларына қатысты мәселелерді көтере отырып, шешу жолдарын ұсынды. Мәселен, ауданда педиатр, иммунолог, жалпы практика мамандары сынды медицина қызметкерлері жетіспейді. Мамандарды әлеуметтік пакет, тұрғын үй, біліктілігін арттыру арқылы жұмысқа орналастыру қажеттігі ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин ауданда асылтұқымды мал сатып алу, ет экспорты, бос жатқан жерлерді игеру бойынша жұмыстар көңіл көншітпейтіндігін атап өтті. Ұсақ малдар сатып алу — 4,3%, ірі қара мал етін экспорттау 14,9% төмен.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазовқа қатаң ескерту жасады. Және төмен көрсеткіштерді жыл соңына дейін қалыпқа келтіруді тапсырды.

Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылында құны 499,6 миллион теңге болатын сумен жабдықтау құрылысы жүзеге асырылған. 462,2 миллион теңгеге аудандық маңыздағы Светлый-Құмқұдық-Жабасақ жолдары орташа жөндеуден өткен.

Облыс басшысы Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовке ауданда шығарылатын пайдалы қазбалардың (мыс, каолин, темір) мүмкіндіктерін толық пайдалану қажеттігін айтты. Әйтеке би ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқандығына қарамастан, жолаушыларға арналған кемпингтер жағы кемшін. Аудан басшысына осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру тапсырылды.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетов аудандардағы қосымша білім беру ұйымдарын оңтайландыру, жаңа мектеп ғимараттарын салу, білім, руханият салаларына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Облыс әкімі аппаратының басшысы Амангелді Нұғыманов облыс басшысы берген тапсырмалардың уақтылы жүзеге асуы мен оны сапалы орындау жайына тоқталды.
Сонымен қатар облыс әкімінің баспасөз қызметі тарапынан Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуын қадағалау мақсатында мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі қызметі үнемі бақыланып, талдау жүргізіледі. Талдау нәтижесінде Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазовтың әлеуметтік желідегі белсенділігі төмендігі байқалды. Халықпен кері байланыс жоқ. 10 шілде мен 10 тамыз аралығында Алға ауданы бойынша 15 жағымсыз жарияланым анықталды.

«Президент тапсырмасына сәйкес әрі уақыт талабына сай халықпен кері байланыс орнату маңызды. Оның үстіне карантиндік режимдерге байланысты жеке қабылдауларға да шектеу енгізілген. Тұрғындар наразылығы мен өтініштерін әлеуметтік желі арқылы жеткізеді. Сондықтан бір сәт әлеуметтік желідегі халық үніне құлақ асу қажет», — деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button