Басты жаңалықтарДенсаулық

Иммунитетті нығайту үшін қалай тамақтану қажет?

Былтырдан бері шартарапты шарлап жүрген коронавирустың ерекше екпіні осы айда сәл бәсеңдегендей, алайда еркінсуге еш болмайды. Жұрттың біразын жақынынан айырып, халықты қынадай қырған індеттің таралуы да тез, ауа арқылы жұғатын вирус болғандықтан ең әуелі тыныс алу органдарын зақымдайды екен. Алайда қазір індеттен мазасы қашып, карантиннен мезі болған халық ауырмаудың жолын іздеп, иммунитет көтерудің түрлі шараларын жасап жүр. Осы орайда біз М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі департамент жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ақмарал Баспақовамен иммунитет және салауатты тамақтану тақырыбында әңгімелескен едік. 

Иммунитеті мықты адам суық тию, жел тию дегенді білмейді, мүмкін, елемейді. Ауырған күнде де ауруынан тез айығып кетеді. Ал қорғанышы әлсіз адамға бәрі үйір келеді, аурудан көз ашпайды. Сондықтан да күн суытпай тұрып, иммунитетті күшейтудің маңызы зор.

Ақмарал Мұхамбетжанқызының айтуынша, аурудың алдын алып, иммунитет көтеруде дұрыс және салауатты тамақтану ерекше маңызға ие. «Алыс-жақын шетелдік ғалымдардың ғылыми зерттеу мақалаларына көз жүгіртсек, кейбір жеміс-жидектер мен көкөністер және тағам өнімдері расында да иммунитетті көтеретін қасиетке ие. Биыл маусым айында халықаралық «Nutrients» журналындағы мақаладағы шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, COVID-19 кезінде тағам арқылы иммунитетті қалай күшейтуге болатыны жөнінде ұсыныстар берілген. Аталған мақалада тағамнан алатын дәрумендеріміз туралы тарқатып айтылған: ақуыздарды жеткілікті мөлшерде тұтыну ағзаға түскен вирусқа қарсы антиденелердің синтезделуінде елеулі рөл атқарады. Тәуліктік рационда А витамині мен мырыштың төмен болуы, ауруды жұқтыру қаупі жоғары болатынын көрсетеді. Бұдан басқа С, Е дәрумендері және каратиноидттар мен полифинолдар сынды фитохимиялық заттардың антиоксидантты қасиеттері жоғары. Д дәруменінде де вирустың жасушасын бұзатын қасиет бар. Мысалы, 100 грамм лимонда 40 милиграмм С дәрумені бар, ал аталған дәруменге тәуліктік қажеттілік ер адамдарда — 90 милиграмм, әйелдерде — 75 милиграмм. С дәрумені лимоннан гөрі итмұрында, тәтті бұрышта, қарақатта, аскөк пен қырыққабатта көп», — дейді Ақмарал Мұхамбетжанқызы.

Әлеуметтік желілерде ақжелкек (хрен) тамыры, зімбірдің пайдасы туралы көп айтылып жүр. Бұл өсімдіктердің қандай дәрумендерге бай екендігін де әңгіме барысында бізге Ақмарал Баспақова айтып берді.

  • Ақжелкек тамырының құрамында В, Е, РР тобындағы дәрумендер, темір, кальций, магний, фосфор секілді минералды элементтер, амин қышқылдары мен фитонцидттер көптеп кездеседі. Ал аталған элементтер ақжелкекті қабынуға қарсы табиғи емші деп атауға болатынын көрсетеді. Енді зімбірге тоқталсақ, оның құрамында да А, С, В1, В2 тобындағы дәрумендер, магний, фосфор, темір, кальций, натрий, мырыш, калий секілді минералды элементтер және пайдалы амин қышқылдары көптеп кездеседі Аталған элементтер иммунитетті нығайтатын қасиет береді. Ақжелкекті де, зімбірді де белгілі бір мөлшерде тұтынса, әрине, иммунитет көтереді, денсаулықты нығайтуға септігі тиеді. Алайда асыра сілтеуге болмайды. Бәрін мөлшерімен тұтынса ғана пайдасын көруге болады, — дейді ол.

Ел аралап, «қыдырып» жүрген коронавирустан қорыққан жұрт ұлттық сусындарымыз — шұбат пен қымыз іздеп кеткенін көрдік. Осыны аңғарған дәрігер де бізге қымыз бен шұбаттың С және В тобындағы дәрумендер екенін, амин қышқылдарына, ағзаға маңызды макро және микроэлементтерге өте бай екендігін айтты. «Дұрыс тамақтанудың міндетті негізгі бөлшегі — сүтті-қышқылды өнімдер, қазақша айтсақ, ағарғандар. Ал қазақтың ұлттық тағамдарының дені — сүт, айран, шұбат, қымыз, түрлі дақыл қосып, ашытып жасайтын көжелер. Бұлар — дайын пробиотиктер. Өз кезегінде асқазан-ішек жолдарында жеңіл сіңіріледі, құрамындағы нәрлі заттар бойымызға сіңіп, ауруқоздырғыш микроорганизмдерге қарсы тұру қасиетін күшейтеді. Қабынуға қарсы, жалпы ағзаны тыныштандырып, қуаттандырады. Біздің халық қай кезде де құнарлы тамақтанатын болған ғой. Бағзы заманнан бері ата-бабамыз тұтынып келе жатқан ұлттық тағамдардың барлығын еш ойланбастан тұтына беруге болады. Әрине, дүкен сөрелеріндегі көздің жауын алатын қызылды-жасылды сусындардан гөрі өзіміздің табиғи өнімдерге не жетсін. Жасанды сусындар қазіргі заман талабына сай жеңіл сіңірілетін көмірсулар мен түрлі бояуларға бай әрі газдалғаны тіпті зиян. Мамандар газдалған сусындарда қанттың көп мөлшерде болатынын айтып жүр», — дейді Ақмарал Мұхамбетжанқызы.

«Ауру — астан» демей ме. Дұрыс, уақтылы тамақтанбаса немесе жартылай өнімдерді жиі қолданатын болса, әрине, адам ағзасы, анығы, иммунитеті әлсірейді. Ал әлсіз адам аурумен күресе алмайтыны анық. Сол үшін де ғалымдар иммунитетті дұрыс тамақтану арқылы көтеруге болатынын жиі айтады. Осы кезде нені ескеру керектігін салауатты тамақтануға қатысты дәріс оқып жүрген Ақмарал Мұхамеджанқызы айтып берді.

  • Иә, иммунитетті дұрыс тамақтану арқылы нығайтуға болады. Бұған дәлел — Қазақ тағамтану академиясы ұсынған «салауатты тамақтану пирамидасы» және Гарвард медицина мектебі ұсынған «дұрыс тамақтану тәрелкесі». Өзінің денсаулығына бейжай қарамайтын адамға осыларды негізге ала отырып тамақтануды ұсынар едім. Ең әуелі — тәтті сусындардан аулақ болып, кәдімгі таза суды жиі ішу қажет. Күніне бір адам кем дегенде 1,5-2 литр су ішкені жақсы. Екіншіден, қоспасы көп транс-майлардан аулақ болып, керісінше зәйтүн, күнбағыс секілді өсімдік майларын тұтынғаны дұрыс. Үшіншіден, картопты қоспағанда көкөністер мен жеміс-жидектерді көп мөлшерде жиі жеу керек. Әсіресе таңғы аста кебегі алынбаған дәнді дақылдарды тұтыну ішек жолдарының жұмысын жақсартады. Ал иммунитеттің мықты болуы осы ішектермен тығыз байланысты. Сосын күнделікті ас мәзірінде майы алынған қара ет, балық өнімдері болғаны жөн. Тағамтану саласындағы мамандар майлы тағамдарды ұсынбайды, «майлы емес етті тұтынған жөн» дейді. Сондай-ақ, рационнан тәттілерді шектеген абзал, — дейді ол.

Ақмарал Мұхамбетжанқызы тағамтану саласындағы бірқатар ғалымдардың ұсынысына сүйеніп, иммунитетті нығайтуда тағамдар тізіміне түзету енгізуге болатынын, ол сол баяғы өзімізге белгілі макро және микронутриенттердің мөлшерін реттеу арқылы жасалатынын да айтты.

  • «Орыс моншамен, қазақ сорпамен емделеді» деген сөз бар ел аузында. Сосын ауырған адамға жас малдың етінен сорпа әзірлеп беріп жатады. Тағамтану саласының мамандары да иммунитетті нығайту үшін ең алдымен ақуыз көзі — жұмыртқа, балық, тауық еті, малдың майлы емес қара етін жеуді ұсынып отыр. Себебі, ет жеу, еттің сорпасын ішу — өз кезегінде ағзадағы қабыну процесін басатын қасиетке ие. Ал май демекші, майлардың ішінде омега-3 және омега-6-ны тұтынған жөн, аталған элементтердің де қабынуға қарсы әсері өте жоғары. Аталған өнімдердің тағам көздері — балық өнімдері. Ал көмірсулардың қайнар көзі — тазартылмаған, яғни кебегі алынбаған дәнді дақылдар. Дәрумендер мен минералдар барлық жеміс-жидектер мен көкөністерде, атап айтсақ, алма, шалқан, мүкжидек (клюква), асқабақ, қара зере, сарымсақ, қырыққабат, итмұрын және тағы басқаларында көптеп кездеседі. Ағзаға қайсысы жетіспейтінін дәрігермен кеңесіп білген жөн. Соған сай мөлшерді де реттеуге болады, — дейді Ақмарал Баспақова.

Ақмарал Мұхамеджанқызы тұрғындарға қандай жағдайда да жеке гигиенаны, сақтық шараларын қатаң ұстануға, бетперде киіп, қолды тазалап жиі жууға, көпшілік жерлерде 1,5-2 метрлік әлеуметтік арақашықтықты сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ ол ауырмаудың жолын іздеп, денсаулығыңызды нығайту үшін жоғарыдағы кеңестерді негізге ала отырып, «салауатты тәрелке» тәртібіне сүйенген жөн деп есептейді. Дені саудың — жаны сау. Ендеше, тек қана дұрыс тамақтанып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті дене жаттығуларын жасап, шынығудың да маңызы зор. Сондықтан да мамандар таза ауада көбірек серуендеуді, әсіресе жаяу жүруді, жылдам жүруді ұсынады.

Осылардың бәрін орындап жүрсеңіз, көңіліңіз сергек, қимылыңыз ширақ болары анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button