Жаңалықтар

Елу қорап азық-түлік мұқтаж отбасыларға жеткізілді

 Марафон

Ақтөбелік кәсіпкерлер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі бастаған «Жақсылық жаршысы» қайырымдылық марафонына белсенді қатысып жатыр.

Марафон мақсаты — коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медициналық ұйымдарға және мұқтаж азаматтарға көмектесу.

Бұл жолы қайырымдылық акциясына Қазақстанның Еңбек Ері, Ақтөбе қаласындағы «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құралай Байменова, облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Айтбаева, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Серікжан және басқалары қатысты.

Акция кезінде жергілікті өнім өндірушілер 50 қорапқа салған азық-түлікпен қоса, санитарлық қорғау құралдары, яғни антисептиктер мен дәрі-дәрмектерден тұратын жиынтықтар облыстық кәсіпкерлер палатасы орналасқан ғимарат алаңына жеткізілді.

«Жақсылық жаршысы» акциясына бұл жолы «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты» ЖШС ұн, макарон өнімдерін ұсынса, «Рамазан» кәсіпорны — печенье, «Айс-плюс» серіктестігі — пісірілген қою сүт, Ақтөбе кондитерлік фабрикасы — кәмпиттерін, «Актөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы — 100 келі алма, «Банк ЦентрКредит» АҚ Ақтөбе филиалы тарапынан да азық-түлік пакеттері жеткізілген.

Сонымен қатар марафонға «КамКор Company LTD» ЖШС дәрі-дәрмек препаратынан, «ТК Фарм-Ақтөбе» ЖШС медициналық бетперделерін, «GRANT ADAL» және «Splendor»  мекемелері жуғыш заттар мен антисептикалық құралдар ұсынған. Қайырымдылық шарасынан облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері де тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, «Экспресс-груз» ЖШС директоры Айгүл Сақтағанова күріш, қарақұмық жармаларын әкелсе, «Тәшиева Разида» жеке кәсіпкерлігінен шай жеткізілді. Ал «ПАКсервис Ақтөбе» компаниясының  директоры Үмбет Сәрсембин қорап жағынан қолдау білдірген.

Акцияда қаладағы «Адани-Кейтеринг» ЖШС директоры Жанна Көптілеуова жаңа туған нәрестелердің салмағын өлшейтін 3 дана таразыны Ақтөбе медициналық орталығының перзентханасына тапсырса, «Cafe Taksim» және «Afsona» кафесінің  иеcі, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Күлшат Масалимова төрт оттегі  концентраторын сатып алуға қаражат бөлген. Марафон кезінде медициналық аппараттар облыстың Байғанин, Қарғалы, Ырғыз және Мәртөк аудандарындағы ауруханаларға жолданды. Дәл осындай бір аппаратты «Алға Құрылыс» ЖШС директоры Дархан Аманғосов Темір ауданының Кеңқияқ поселкесіндегі ауруханаға тапсырды. Сонымен қатар қаладағы бұдан өзге де бірқатар кәсіпкерлер қолдан келер көмегін аяған жоқ.

Марафон кезінде аталған компаниялардың өкілдері мен танымал тұлғалар, сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студент-еріктілері бірінші қажеттіліктегі жиынтықтарды үйлестіріп, қораптарды көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ аутизмге шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен мұқтаж жандардың үйлеріне жеткізді.

Акция кезінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова қиын сәтте қолдау танытып, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созған ақтөбелік кәсіпкерлерге алғысын білдірсе, Құралай Байменова:

Індетке байланысты елдегі карантин кезінде «Жақсылық  жаршысы» акциясына қатысып, көмек қолын созып жатқан барша ақтөбелік кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз. Қораптағы азық-түліктердің барлығы — дәмді әрі қажетті өнімдер. Ақтөбеліктер қай кезде де қолдау көрсетуге әзір. Ең бастысы, бәріміз аман болайық, елімізде тыныштық болсын, — деді.

Қайырымдылық шарасы кезінде «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің үйіне 10 қорап таратылды.

«Жақсылық жаршысы» акциясынан «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да шет қалған жоқ. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасын қолдап, біз 100 келі алманы акция ұйымдастырушыларына табыстадық. Акция аясында 50 отбасына көмек көрсетіледі, — деді Нұрлан Серікжан.

10 тамыз — Абай күнімен тұспа-тұс келген акция барысында әнші Светлана Айтбаева шырқаған «Көзімнің қарасы» әнін марафоншылар бірігіп орындады.

Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі күні еріктілер халық пен бизнес арасында санитарлық талаптарды ілгерілету бағытында ірі сауда нысандарында #3жаңаәдет челлендж жапсырмаларын жапсырып жүр. Себебі қазіргі жағдайда әрбір адам үш қарапайым санитарлық талапты сақтауы керек. Ол — бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау әрі қолды жиі жуып, зарарсыздандыру.

Бүгінде «Жақсылық жаршысы» марафоны еліміздің басқа да аймақтарында өткізіліп жатыр.  Марафон эстафетаны Ақтөбе Қызылорда облысынан қабыл алды. Бұдан әрі қайырымылық эстафетасы Алматы облысына жолданады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button