Әлеумет

Екі күнде — 4 баспана

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Ел үлесі — пәтерге» акциясының аясында облысымызда екі күн ішінде 4 баспананың кілті табыс етілді.

Атап айтқанда, Байғанин ауданында 4 балалы Көбеновтер отбасына — 4 бөлмелі жер үй, ал Темір ауданының орталығында ІІ топ мүгедегі әрі 3 баласы бар азаматқа көп қабатты үйден 1 бөлмелі пәтер әперілді. Жаңа баспананың кілтін табыстау рәсімдеріне аталмыш аудандарда діни ахуалмен танысу мақсатында іссапармен жүрген облыстың бас имамы Төлеби Оспан мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрәлиев қатысты.

— Бұл баспаналарды сатып алу үшін қаражат жинауды ұйымдастыруға жергілікті имамдар Ержан Көрпебаев, Мадияр Пірімқұлов, Қайрат Дәрменовтер көп еңбек етті. Алла сауаптан жазғай! — деді бізге Төлеби Оспан.

Биыл ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті, соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлердегі жас имамдарды баспанамен қамтамасыз ету ісіне барынша көмек көрсетуге үндеген еді. Темір ауданындағы Ақсай ауылдық мешітіне жаңадан тағайындалған жас имам Хабибулла Түрікменбайға жергілікті кәсіпкер Батырғали Қалдымұратовтың демеушілігімен баспана әперілді. Дәстүрлі исламды насихаттау жолында осы бағыттағы оқу орындарын бітірген мамандардың ауылдық жерлерде тұрақтап, жұмыс істеуі өте маңызды. Алайда тұрақтау мәселесі көбіне баспананың жоқтығы салдарынан аяқсыз қалып жатады. Ал Ақсай ауылында игі іс арқылы баспана мәселесі шешіліп, имамның алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік жасалды.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкерлері үшін «Ел үлесі — пәтерге» акциясы аясында бір қызметтік пәтер сатып алынды.

Жалпы, облыста осы акция аясында былтырдан бері 10 отбасы баспанамен қамтылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button