Жаңалықтар

Дәрігерлер демалыс базасында тынықты

Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен қаладағы жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері апта сайын кезекпен демалыс орталықтарында тынығады. Бұл жолы 50 медицина қызметкері «Green Land» демалыс базасында тынықты.

Бұл шара Алматы ауданы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Жедел жәрдем бекеті қызметкерлерінің қауіпті де адал еңбегі ескеріліп, оларға апта сайын құрмет көрсетілуде. Аудан аумағында орналасқан демалыс орталықтары барлық карантин ережелеріне сай санитарлық талаптарды сақтай отырып, күндіз-түні үй көрмей, науқастарға қызмет ететін дәрігерлерге есіктерін ашты. Жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері кезекшіліктен босаған күндері осындай орындарда 50 адамнан 6 сағатқа демалып қайтады.

Өткен аптада «Көк жайлау» сауықтыру-демалыс орталығы 50 адамды қабылдаса, бұл жолы «Green Land» демалыс базасы 50 қызметкерді қарсы алды. Осылайша екі айдың ішінде 500 медицина маманы қала аумағындағы демалыс орталықтарында тынығатын болады.

Дәрігерлерді демалыс базасына жеткізу үшін «Автопарк» мекемесі екі автобуспен қамтамасыз етіп отыр.

— Тәулік бойы кезекшілікке шығатын дәрігерлердің еңбегін бағалау керек. Бүгінгі күннің қаһармандары медицина қызметкерлері екені сөзсіз. Оның ішіне дәрігерлерден бөлек, фельдшерлер де, жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері де, диспетчерлер де кіреді. Күні-түні олар өз жандарын аямай, өзгелердің өмірін сақтап қалу жолында еңбек етіп жатыр. Олар осындай құрметке әбден лайық, —  деді Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев.

Демалыс базасында дәрігерлерге таза ауада ұлттық шипалы сусындар — саумал мен қымыз ұсынылды. Карантин режиміне байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталды. Сондай-ақ төтенше жағдай уақытында ерен еңбегімен көзге түскен ақ халатты абзал жандарға аудан әкімі облыс және қала басшылығы атынан Алғыс хаттар табыстады. Бұл орайда қалалық мәслихат депутаттары атынан да медицина қызметкерлеріне алғыс айтылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button