Басты бет » Басты жаңалықтар » Залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізіледі

Залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізіледі

Облыс  әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

Облыс басшысы  алдымен Үкімет  отырысында қаралған мәселелердің Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылуын пысықтады. Жаңа оқу жылының таяп қалуына байланысты облыстық білім басқармасы мен «Қазақтелеком» АҚ басшылықтарына оқушыларды  қашықтықтан оқыту жүйесіне қажетті құралдармен қамту, интернет жылдамдығының сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ аудан әкімдеріне салынып жатқан мектептердің құрылысын бірінші қыркүйекке дейін жылдам аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың көрсеткішіне тоқталды. Әйтеке би, Темір аудандарында жақында ветеринарлық лабораториялар базасында зертхана ашылады. Ауруға шалдығушылардың саны төмендеген. Төсек-орын саны 78%- дан 33,4% -ға дейін төмендеп, провизорларда 575 орын жабылды, 1 335 төсек-орын резервке ауыстырылған. Жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңыраулар 2 600-ден 700-ге дейін төмендеді. Күн сайын 160-қа жуық науқас стационарға жеткізілсе, қазір олардың саны 20 адамға дейін төмендеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жүргізілген талдау тиісті департаменттер тарапынан түсіндіру жұмыстарының соңғы уақытта жүргізілмейтіндігін, тек ақпарат берумен шектеліп отырғандығын көрсететінін атап өтті. Облыс әкімі аталған  бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтты.

«Науқастар санының  азайғандығын айтып арқаны кеңге салуға болмайды. Күзде екінші толқын бола қалған жағдайда дайын болуымыз керек. Тұрғындардың сақтық шараларына деген жауапкершіліктерін арттыру  қажет. Көшеде бетпердесіз жүргендер көп, сондай-ақ қажетті қаражат бөлінгендігіне қарамастан, соңғы кездері залалсыздандырудың жүргізіліп жатқандығын мүлде кездестірмейтін болдық. Науқандық жұмыс секілді қарамай, бұл шараларды үздіксіз жүргізу керек», — деді  Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі полиция депараменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиевке түнгі уақыттарда қадағалауды күшейтіп, тәртіпсіздіктерді болдырмауды, заңбұзушылықтардың алдын алуды тапсырды.

Облыста биыл  597,9 мың га жерге жазғы дақыл  егілген. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин егін жинау жұмыстарының дайындығы туралы баяндамасында айтып өтті. Ауа райының қолайлы болуына байланысты биыл егін шығымы жақсы. Орта есеппен әр гектардан түсім 10 центнер шамасын құрайды.

435,8 мың гектар  дәнді, 46,2 мың гектар  майлы, 103,7 мың гектар мал азығы дақылдары мен 12,2 мың гектар  картоп пен көкөніс-бақша дақылы егілген. Егін жинау жұмыстарына 960 бірлік астық ору комбайны, 860 жүк автомобилі жұмылдырылған. Жаңа астықты қабылдауға астық сақтау қоймалары жеткілікті. Жалпы сыйымдылығы 395 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар ауылшаруашылық тауарын  өндірушілерде 123,4 мың тонна сыйымдылықты құрайтын 184 астық сақтау орны бар.

Экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл облыс әкіміне жер учаскелеріндегі заңсыз орналасқан қалдықтарды 1 ай мерзім ішінде жою туралы Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы туралы баяндап берді. Заңсыз орналасқан қалдықтар  617 жер учаскесінде  анықталған болса, 15 күн ішінде Ақтөбе қаласында 27, Алға ауданында 52, Мәртөкте 11,  Хромтауда 15, Қарғалыда 4  заңсыз орын жойылған. Қазіргі уақытта жалпы 539 жердегі қалдықты  жою қажет.

Департамент басшысы Ақтөбе облысында ғарыштық түсірілім анықтаған заңсыз орналасқан қалдықтардан бөлек, басқа да жер учаскелерінде қоқыстардың әлі де көп екендігін және күннен-күнге саны артып отырғандығын айтты.

Оңдасын Оразалин заңсыз орналасқан қалдықтар мен қоқыстарды  дер кезінде  тазалау бойынша қала, аудан  басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.