Басты жаңалықтар

Жедел жәрдем бекетінің 500 қызметкеріне тосынсый жасалды

Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Көк Жайлау Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының қолдауымен індетке қарсы күресіп жүрген жедел жәрдем бекеті қызметкерлеріне тосынсый жасалды. Тәулік бойы жұмыс жасаған медицина қызметкерлері қала сыртындағы «Көк жайлау» сауықтыру-демалыс орнына 6 сағатқа жолдама алды.

Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем бекетінің 500 қызметкері кезекшіліктен босаған күндері 50 адамнан демалыс аймағына баратын болады. Дәрігерлерді «Көк жайлауға» жеткізуді Алматы ауданы әкімдігі қалалық жолаушылар тасымалы мекемесімен бірлесіп қамтамасыз етуде.

Тәулік бойы кезекшілікке шығатын дәрігерлердің еңбегін бағалау керек. Бүгінгі күннің қаһармандары медицина қызметкерлері екені сөзсіз. Оның ішіне дәрігерлерден бөлек медбикелер де, жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері де, санитарлар да кіреді. Олар күні-түні өз жандарын аямай, өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін еңбек етіп жатыр. Осындай сый-құрметке дәрігерлер әбден лайық. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған  «Біз біргеміз!» акциясы аясында қазір көптеген қайырымдылық шаралар өтуде. Облыс, қала әкімдігі тарапынан  дәрігерлердің жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл орайда біз де өз тарапымыздан акцияға үн қосуды жөн көрдік. Кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз, оның ішінде осы демалыс орталығының басшысы Бауыржан Алинге дән ризамыз, — деді Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев.

Сондай-ақ ол бір топ медицина қызметкеріне облыс әкімі Оңдасын Оралазиннің атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлықтарды табыс етті. Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, қалалық мәслихат депутаты, газшылар ассоциациясының төрағасы Алтынай Мұқанова және «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин індет кезінде күні- түні еңбек еткен медицина мамандарына алғысын білдіріп, сәтті демалыс тіледі.

Қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан «Көк Жайлау»  демалыс орталығы агротуризмді, иппотерапия әдісімен ерекше балаларды емдеуді дамытуға бағытталған. Мұнда саумал мен қымыз өндірісі, балық шаруашылығы қолға алынған. Мұғалжар тұқымды жылқылардың сүт өнімдерінен індетке қарсы шипалы сусындар әзірленуде. Ақтөбелік кәсіпкер орталық құрылысына 18,4 миллион  теңге көлемінде жеке қаржысын жұмсаған. Бүгінгі таңда бұл кешен Ақтөбе қаласында бірегей жоба саналады. Демалыс орталығының әкімшісі Еркебұлан Шынбергенов «Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы аясында дәрігерлерге қолдау танытуды жөн санағанын айтты.

Әлемді шарпыған індет біздің елімізге де оңай тиген жоқ. Қиындықты бірлесіп қана жеңеміз. Сондықтан індетпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлерге қолдау танытуды жөн санадық. Олардың қалай жұмыс жасағанын естіп, көрдік. Барлығы бес жүз дәрігер кезекпен келіп, осы жерде демалады, — деді орталық әкімшісі.

Бұл жолы демалыс орталығына жедел жәрдем бекетінің елу қызметкері келді. Олар күні бойы демалып, қымыз ішіп, көңілдерін көтерді. Жедел жәрдем бекетінің фельдшері Бақытгүл Назарова орталық басшысына ризашылығын білдірді.

Індет белең алған кезде медицина мамандары бар мүмкіндігі келгенше тынымсыз еңбек етті. Оның ішінде жедел жәрдем қызметкерлері күні-түні жұмыс жасады. Біздің еңбегімізді елеп, көмек қолын созған кәсіпкерлер көп болды. Бірі түскі ас әкелсе, енді бірі кешкі асымызды дайындап берді. Ал бүгін демалыс орталығының басшысы тамаша кеш сыйлады. Жұмыстан бір сәт босап, көңілімізді көтердік. Бізге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді Бақытгүл.

Жедел жәрдем бекетінің диспетчері Мәдина Ілиясова маусым айында жұмыс үш есе ауырлағанын айтты.

Алғашқы кезде жұмыс өте ауыр болды. Демалыссыз жұмыс жасадық. Науқас жандарға көмек көрсету біздің міндетіміз болғандықтан оны бұлдаған емеспіз. Бірақ осы еңбегімізді елеп, қолдау танытқан жандарға алғысымыз шексіз. Індет тезірек аяқталсын деп тілеймін, — деді Мәдина.

Демалыс орталығына келген мамандардың барлығы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button