Басты жаңалықтарСпорт

«Ақтөбе» футбол клубы: Премьер-лигаға оралу үшін не жасалып жатыр?

Ақтөбені көпшілік футбол ойынымен байланыстырып, ең белсенді жанкүйерлердің бізде екенін айтады. Бұл облыспен аттас футбол клубының бүгінге дейін бағындырған белесі мен еліміздегі ең көрнекті стадиондардың бірінің Ақтөбеде орналасқанынан болса керек. Бірақ соңғы жылдары өңірдің атын талай рет асқақтатқан команданың күйі кетіп, көңіл қуантарлықтай көрсеткіштердің кемшін болып жатқаны рас. Ойыншылардың алдындағы қарыздар, өзге де даулар Ақтөбенің брендіне айналған клубқа белгілі бір әсерін тигізбей қоймады. Біз осы түйткілдердің қалай шешілгенін, команданың бүгінгі тынысы мен спорттағы менеджментті дамыту жайы, т.б. турасында «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы Артур Смағұловпен сұхбаттасқан едік.

— Ең алдымен, «Ақтөбе» футбол клубының бүгінгі ахуалына тоқталсаңыз. Басшы ретінде командаңыздың жағдайын қалай бағалар едіңіз?

— Команданың қазіргі жағдайын айтар болсақ, маусымның басталуына дайындалып жатырмыз. Ойыншыларға бұл мақсатта барлық жағдай жасалған. Премьер-лигаға, яғни Қазақстан чемпионатына оралу — басты мұратымыз. Сол үшін аянып жатқанымыз жоқ.

— Соңғы жылдары әртүрлі себептермен клубтың құрамында өзгерістер көп болды. Қазіргі бапкерлік құрам, футболшылар, өзге де мамандар туралы айтсаңыз.

— Біз жаңа маусымда бас бапкер ретінде Алексей Петрушиннің пайдасына таңдау жасадық. Ол кісіні футбол сүйер қауымға таныстырудың аса қажеті жоқ шығар. Оны өзіне жүктелген тапсырмаларды орындай алатын білікті маман деп есептейміз. Ал ойыншыларға келетін болсақ, барлық футболшылар жаңа бапкерлік құрамның ойын стиліне қарай таңдалды. Әрине, жергілікті ойыншылардың көпшілігін сақтап қалдық. Бұл біз үшін өте маңызды. Жаңадан келгендер де өздерінің мықты екенін алдағы уақытта жасыл алаңда дәлелдейді деп ойлаймын.

Коронавирустың кесірінен орын алған төтенше жағдай, одан кейінгі карантин спортшылардың да жұмысын тұралатты. Қазір оқу-жаттығу, дайындық жұмыстары қайта жанданған шығар?

— Иә, ол кезде біздің футболшылар жекелей жұмыс істеді. Физикалық формасын сақтау үшін топ-топқа бөлініп дайындалды. Қазіргі таңда команда қалыпты жаттығуға көшті, күніне екі мезгіл болады.

—Осы тұста «Төтенше жағдай кезінде «Ақтөбе» футболшыларының жалақысы уақытша қысқартылды» деген ақпарат тарады. Жалпы, әкімдер де еңбекақысының көлемін жариялап жатыр ғой, біздің футболшылар айына қанша алады?

— Осындай қиын-қыстау кезеңде жағдайды түсінгені үшін командаға алғысым шексіз. Біз сол арқылы, бір жағынан, қаржылай шығындарды оңтайландырып алдық. Ал жалақының көлемін айта алмаймын. Бұл — еңбек шартындағы талаптардың бірі.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

«Ақтөбе» футбол клубының ойыншыларының биылғы маусымдағы нөмірлері:

№1 – Жасур НАРЗИКУЛОВ
№3 – Георгий БУРНАШ

№4 – Демият СЛАМБЕКОВ

№5 – Алексей КОНЦЕДАЛОВ

№6 – Рустам ТЕМІРХАН

№7 – Олег ЧЕРНЫШОВ

№9 – Владислав ПРОКОПЕНКО

№10 – Жамбыл КӨКЕЕВ

№11 – Максим САМОРОДОВ

№12 – Әлішер ӘЖІМОВ

№17 – Есен ЖАСАНОВ

№18 – Эдуард СУХАНОВ

№19 – Ардақ СӘУЛЕТ

№20 – Нұрболат БАТЫРХАНОВ

№22 – Виталий ВОЛКОВ

№23 – Рифат НУРМУГАМЕТ

№24 – Никола ЦУЦКИЧ

№25 – Евгений СИТДИКОВ

№28 – Рустам САХИБОВ

№31 – Әділхан ТАҢЖАРЫҚОВ

№32 – Мұхамбет ТАМАБАЙ
№40 – Куасси КУАДЖА
№45 – Артур ШАБИКЕЕВ

№48 – Әлішер НАЗАРОВ
№77 – Андрей ЧАСОВСКИХ
№88 – Антон ШУРЫГИН
№97 – Бобан ДЖОРДЖЕВИЧ

—Өткен жылдары «Ақтөбе» сапында бір ғана легионердің ойнайтыны айтылып жүрді. Қазір ше?

— Бірінші лигада тәртіп бойынша 3 легионердің ойнауына рұқсат етілгенін білесіздер. Соған сай, жаңа құрамда сырттан келгендер бар. Мәселен, солардың бірі — жергілікті командаға таныс қорғаушы Куасси Куаджа. Ол «Ақтөбе» сапында 2016 жылы ойнаған. Сонымен қатар 23 жастағы черногорлық шабуылшы Бобан Джорджевичпен келісімшарт жасастық. Өйткені арамыздан Абат Айымбетов кеткен соң, бізге тәжірибелі шабуылшы керек болды. Бобанның өткен жылы әрбір екінші кездесуде гол соғып отырған мықты ойыншы екенін ескере келе, таңдау соған түсті. Және сербиялық жартылай қорғаушы Никола Цуцкичті қатарымызға қостық. Ол жігіттің аяқ алысын маусым барысында көре жатарсыздар.

Бас бапкердің таңдауымен көрші Ресей Федерациясынан келген түрлі позициядағы тағы 5 ойыншымыздың барын айта кеткім келеді. Бірақ олар сіз айтып отырған легионерлердің қатарына жатпайды.

Бірнеше футболшы жалақысының толық өтелмегенін айтып, «Ақтөбенің» дау ортасында қалғаны жасырын емес. Команданың өзге де қарыздары сол кездері біраз шу болды. Бұл жағынан оң өзгерістер бар ма?

— Жалпы, «Ақтөбедегі» қаржылық мәселе 2016 жылдан басталды. Сол үшін де клубымыз ұпайынан айырылып, өткен жылы бірінші лигаға түсіп қалғанын білесіздер. Қазіргі кезде көптеген қарыздардан құтылдық. Бұның бәрі демеушілер мен жергілікті биліктің еңбегінің арқасы десем қателеспеймін.

Өткен қателіктерді ескере отырып, біз қазір ойыншылармен арадағы келісімшартты әбден пысықтайтын болдық. Сонымен қатаркейбір ойыншылардан түскен арыз бойынша сотта жеңіп шығып, қомақты қаржыны өзімізде қалдырдық.

— «Клуб жекеменшікке айналады», болмаса «сенімгерлікке беріледі», тіпті «сатылады» деген сыбыстар көп. Бұл қаншалықты рас?

— «Ақтөбе» футбол клубының сатылатыны туралы әңгіме шындық. Белгіленген жоспар бойынша жекешелендіру жұмыстары 2020 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды, бүгінгі таңда нысанды бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса қазан айында қоғамның акцияларын жекешелендіру, оның бастапқы құны және сату шарттарын анықтайтын комиссия отырысы өткізіледі деп күтілуде.

— Ақтөбе облысы — еліміздегі футболдың отаны десек, асыра айтпаспыз. Жанкүйерлері ойынына көптеп жиналады, бұл жағынан қолдау басым. Клубтың таңбасы, футболшылары бейнеленген заттар һәм киімдер сатылатын дүкен, бутиктердің де барын білеміз. Осындай менеджменттен, стадионға сатылған билеттен пайда түсе ме? Өйткені футболдың жай спорт түрі емес, үлкен табыс көзі де екені белгілі ғой…

— Шынымен солай, ақтөбеліктер футболды ерекше жақсы көреді. Ойын өтетін күні қалада үлкен мереке десек болады. Сондықтан енді сондай күндері, әсіресе ойын басталарда және аяқталғанда түрлі шаралар өткізуді қолға алмақшымыз. Стадионға тиісті аумақтарды безендіріп, жанкүйерлерге арналған сапалы фак-шоп ашу да жоспарда бар. Дегенмен әлемді жайлаған пандемияға байланысты бұл шаралар әзірге тоқтап тұр. Сіз айтқан менеджментті енді дамытамыз.

— Стадион демекші, спорттық нысанның бүгінгі материалдық-техникалық жағдайы қалай?  

— Орталық стадионның «Ақтөбе» футбол клубының сенімгерлік басқаруына берілгені белгілі. Бұл — клубүшін үлкен мүмкіндік. Жоғарыда айтып өткенімдей, стадионның аумағын безендіріп, алдыңғы бөлігін өзгерту жоспарда тұр. Бәлкім, кей аумақтарын жалға берерміз. Шетелде дамыған футбол клубтары осылай ақша табады. Стадионның өзіне келер болсақ, орындықтарды жаңартып, ойын есебін көрсететін тақтаның, дыбыс және жарық түсіру құрылғыларының заманға сай түрлерін алу керек. Облыс әкімі де келер жылы стадионды жаңартуға аса мән беру керектігін айтқан.

— Ал жас жігіттерді тарту, соның ішінде футзалдағы ойыншыларды шақыру, жалпы Ақтөбеден шыққан жастарды тәрбиелеу ісі қалай жүзеге асырылып жатыр?

— Бұған ерекше күш салып жатырмыз. Қазіргі таңда «Ақтөбе» футбол орталығында 800-ден астам бала жаттығады. Облыстағы 12 ауданда филиалдарымыз бар. Ай сайын футбол орталығындағы мамандар аудандағы балаларды қарап, олардың ойынын арнайы тамашалайды. Болашақта «Ақтөбеде» балаларды дайындау академиясын құру жоспарда бар.

— Әлеуметтік желілер арқылы жаттығу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Ресми сайттарыңыз да бар. Бірақ ондағы материалдар көптен бері жаңартылмапты… Бір сөзбен айтқанда, клубтың бұқарамен байланысы қалай?

—Қазақстан футбол клубтары арасында «Ақтөбе» ақпаратты ең көп таратады  деп айта аламын. Бізде футболға деген қызығушылық та өте жоғары ғой. Соңғы кезде әлеуметтік желілер арқылы «Шок турнир», «Сұрақ-жауап», «Тик-ток», «Футболшымен тікелей эфир», басқа да жобаларды ұсынып жатырмыз. Яғни әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға баса мән береміз. Ал ресми сайт әзірге жабық тұр, болашақта жаңартамыз деп отырмыз.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button