Ауыл

Шөп бағасы шешілді 

Науқан

Жыл сайын қай заттың да құны өсетіні белгілі. Әсіресе қазіргі науқанда мал азығының бағасын тұрақтандыру қиын. Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер құрғақшылыққа байланысты шөптің шығымы мардымсыз екенін алға тартып, өзге де қажеттіліктердің көп екенін айтады.

Сондықтан Ойыл ауданында биылғы мал азығының бағасы 400 теңгеге дейін көтерілген болатын. Жергілікті әкімшілік мал азығын дайындап, сатушылармен келіссөздер жүргізіп, ымыраға келді.

Жергілікті кәсіпкер «Мұрагер» шаруа қожалығының басшысы Өркен Ақеділов

1 бума шөптің(тюктің) бағасын 350 теңгеден ұсынатынын айтып, өзгелерді сол бағамен сатуға шақырды. Ол қандай жағдайда да маусым аяқталғанша осы бағамен қалатынын жеткізді. Өйткені мынадай қиын жағдайда халықтың үстінен пайда көруді көздемейтінін айтты. Қазіргі таңда мал азығы ауданда тұрғындарға жаппай осы бағамен жеткізілуде.

Биылғы қысқа 201,5 мың тонна шөп дайындалуға  тиіс еді. Оның 95,6 мың тоннасы дайындалды. Тұрғындарға 56,2 мың тонна шөп тасылды. Ал қыстақтарға жиылған шөптің  көлемі — 41,8 мың тонна. Тұрғындар шөпті тезірек алып қалулары керек. Кейбір селолық округтерде шөп жоқ. Басқа округтердің жерінен тасуға мәжбүр. Тасымалдың да бағаға әсер етітіні айдан анық. Әр тұрғын мал азығы келіп тұрған кезде аулаларын шөпке толтырып алғаны дұрыс, — дейді аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскінбаев.

Оның да себебі бар. Жергілікті тұрғындар әзір шөп алмайтын болса, камазшылар Маңғыстау, Атырау облыстарына әкетеді. Ол жақта бір бума шөптің бағасы — 1000 теңге. Сөйтіп, уақытында шабылған, құнары бар шөп шетке кетеді.

Ауданда шөп түсуге  тиіс 2310 аула болса, оның 321 ауласына шөп тасылды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button