Жаңалықтар

Орманды өрттен аман алып қалды

Оқиға

Ойылдықтар екі күн бойы өртпен арпалысты. Тез арада алдын алып, ауыздықтағанның арқасында орманға өрт жайылған жоқ. Даладағы тілсіз жаудың жолында шабындық, жайылым, малдың өрісі бар.

Одан бөлек қаншама адамның дайындаған еңбегі жатыр. Осыларды дала өртінен аман алып қалу үшін күніне 30 адамнан тұратын еріктілер тобы өрт сөндіруге аттанды. 20 трактор, жүк көліктері, тағы басқа техникалар жұмылдырылды. Қайыңды, Саралжын, Берсиев, Ойыл селолық округтерінен шыққан өрт барлығы 205 гектар жерді жалмап үлгерді. Ал орманнан шыққан өрт 1 гектар жерден аспай сөндірілді.

Өрттің шығу себебі— ауа райының тым құрғақтығы. Онсызда күйіп тұрған далада ыстық өте жоғары болады. Найзағай ойнағанда тез тұтанады. Оны «сухая гроза» дейді. Бізде Барқын құмындағы орманның бір ерекшелігі — әуелде ағаштар аумағы 25 шаршы метрден әр ойыста бөлек-бөлек отырғызылған. Бірақ кейбірі тым жақын болғандықтан өрт келесісіне тиді. Сол уақытта жел де көтерілді. Біз сол бір ойыстан екінші ойысқа жібермеуге күш салдық. Құмға техника кіре алмайды. Жаяу адамдар күректеп құм атып сөндірді. Қазір жағдай тұрақтанды, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Тимур Бақтыгереев.

Әр округте жағдай қатаң бақылауда. Аудан бойынша 22 ауыл болса, сонша мөлшерде еріктілер жасағы дайын тұр. Оның құрамында 272 адам бар. Олар жыл сайын жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, арнайы оқытылады. Толық болмаса да арнайы құрал, киімдермен қамтылған. Даладан шыққан өртті байқаған кез келген адам ауыл әкіміне немесе аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабар береді. Сол кезде алғашқы болып негізгі көмек келгенше ауылдағы ерікті жасақ шұғыл аттанады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегі бойынша биыл облыс аумағында 334 өрт тіркелген. Орман алқаптарында 6 рет, даладағы 2 мың гектар жерде 100 өрт шыққан.

Соңғы 3 тәулікте ауа температурасы 40 градусқа көтерілгенде 2 дала, 4 орман өрті болды. Өрттің шығу себептері ауа райының қолайсыздығымен қоса, ережелерді сақтамаған адами факторлардың әсерінен болып отыр.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button