Басты жаңалықтар

Марқұм болған дәрігерлердің марапаттары туыстарына тапсырылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қауіпті індеттен көз жұмған дәрігерлердің туыстарымен кездесті. Атап айтсақ, бұл кездесуге инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозбағаровтың және Байғанин аудандық ауруханасының медицина қызметкері Күлай Егеубайдың туыстары келді.

Өмірінің соңына дейін коронавирус індетімен күрескен дәрігерлер қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік марапатқа ие болғаны белгілі. Өңір басшысы марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты.

— Осындай қиын-қыстау кезде біздің дәрігерлер азаматтарымыздың өмірін аман алып қалу үшін ештеңемен санаспай еңбек ете жүріп, өздері де ауыр дертке шалдықты. Өкінішке қарай, бұл күресте біз алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерінен де айырылып қалып жатырмыз. ПрезидентҚасым-Жомарт Тоқаев өмірінің соңына дейін борышын өтеген дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозбағаровқа қайтыс болғаннан кейін «Қазақстанның  Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл — оның рухына деген тағзым,  —  деді дәрігердің зайыбына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін табыс еткен облыс әкімі.

Ақтөбелік дәрігерге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі бар марапат Қазақстан Республикасы алдындағы шоқтығы биік еңбегі, қызметтік борышын атқару кезіндегі жанқиярлығы үшін берілді.

Қалихан Қозбағаров 37 жыл денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, осы жылдың 10 шілде күні 8 жыл бойы өзі басқарған медициналық мекемеде өкпе қабынуынан көз жұмды.

Байғанин аудандық ауруханасының медициналық қызметкері Күлай Егеубай қайтыс болғаннан кейін«Құрмет» орденімен марапатталды. Кездесу барысында «Құрмет» ордені марқұмның қызына тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button