Басты жаңалықтар

«Отбасы банкі» балаңызға да үй алуға мүмкіндік береді

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Отбасы банкі» жұмыс істей бастайды. Яғни «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Отбасы банкі» аталатын болады.  Мамыр айында өткен төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында «Отбасы банкі» құрылатынын мәлім еткен болатын.  «Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде тұрғын үйді бөліп беріп отыру, есеп жүргізу жұмыстарын орталықтандыратын толыққанды даму және қолдау институтын — «Отбасы банкін» құру керек. Бұл саланы жүйелі түрде өзгерту жұмысы күтіп тұр. Осы бастама арқылы кезекке тұру, үй есебін және үй беру тәртібін бір орталық арқылы іске асыруға мүмкіндік береді», — деді Мемлекет басшысы.

«Отбасы банкі» еліміздегі тұрғын үй саясатын бір орталықтан басқара отырып, отбасы мүшелерінің барлығына бірдей — еңбектеген баладан бастап зейнеткерге дейін баспаналы болуға мүмкіндік береді. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендіровамен өткізген онлайн сұхбатымыз барысында банк ұсынатын жаңа бағдарламалар туралы сөйлескен едік.

«АРНАУ» ДЕПОЗИТІ: 

БАЛАҢЫЗҒА ПӘТЕР СЫЙЛАҢЫЗ!

«Тұрғын үй  құрылыс жинақ банкі» 1 маусымнан бастап балаларға арналған «Арнау» депозитін ашуға мүмкіндік берді. Негізі балаларға арналған депозитті аталған банкте бұрыннан да ашуға болатынын салымшылар жақсы біледі. Бірақ «Арнаудың» шарттары басқа:

— Балаға «Арнау» депозитін ашсаңыз, балаңыз 10 жылдан кейін  ең төменгі пайызбен — 2 пайызбен несие рәсімдеп, пәтер ала алады. Мысалы, балаңыз 8 жаста болса, ол өз атына ашылған «Арнау» депозиті арқылы 10 жылдан кейін, яғни 18 жасқа келгенде баспаналы бола алады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі  — 2 пайыз. Басты шарты — депозитке кемінде 10 жыл болуы керек. Сондықтан бала кішкентай кезінде ашып, 5-10 мың теңгеден болса да ай сайын қаржы салып тұрған дұрыс. 1 маусым күні-ақ елімізде жүзден астам адам өз балаларына «Арнау» депозитін ашты. Бұл өте тиімді бағдарлама, — дейді Эльмира Ескендірова.

Депозитті 18 жасқа дейінгі кез келген балаға ашуға болады. Мысалы, 15-тегі балаға депозит ашсаңыз, 10 жылдан кейін, яғни 25-ке келгенде 2%-бен тұрғын үй заемын рәсімдей алады. Депозит ашу үшін ешқандай комиссиялық ақы төленбейді. Депозиттегі қаражатқа жыл сайын 20 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы төленеді.

— «Арнау» депозитін сәбидің атына тек баланың заңды өкілдері, яғни ата-анасы,  қамқоршысы ғана аша алады. Ал оған қаражатты баланың ата-анасы және қамқоршысымен бірге әжесі, атасы, ағалары мен әпкелері, тіпті, ұйымдар да толықтыра алады. Қазір біз осы мақсатта білім басқармаларына, бөлімдеріне, балалар үйлеріне, интернат үйлеріне хаттар жіберіп жатырмыз. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар есейген кезде төмен несиемен пәтер алсын деген ниетпен қазір балаларға демеушілер көмектессе, жақсы болар еді, — дейді Э.Ескендірова.

Депозит иегерлеріне 6 айдан 10 жылға дейінгі мерзімге несие беріледі.

Шарт бойынша алатын үйінің құнының кемінде 50%-ына тең қаражатты кем дегенде 10 жыл бойы жинап, 48 ұпайға тең бағалау көрсеткішіне (БК) қол жеткізу керек. Заем тек кәмелеттік жасқа толған депозит иегерінің атына беріледі, яғни үй алар сәтте баланың жасы 18-ден жоғары болуы керек.

— Бір ерекшелігі — мұндай депозит иелеріне пәтер алу кезінде төлем қабілеттілігін растау процедурасы жеңілдетілген. Әдетте еңбек жолын енді бастаған жастардың жалақысы төмен болады. «Арнау» депозитінің иесі табысы аз болған жағдайдың өзінде заем ала алады. Ескерте кететін жайт —  «Арнау» депозитін бөлуге, басқа тұлғаның атына рәсімдеуге және басқа депозиттермен біріктіруге болмайды, — дейді Э.Ескендірова.

«5-10-20»:

КЕЗЕКТЕГІ АЗАМАТТАР ДА БАСПАНАЛЫ БОЛА АЛАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамырында берген тапсырмасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірледі. Яғни

«5-10-20» пилоттық жобасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

— Бұл бағдарламаға мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Егер «Бақытты отбасы» бағдарламасына тек көпбалалы, мүгедек бала бағып отырған және толық емес отбасылар қатысатын болса, жаңа бағдарлама кезекте тұрған барлық мұқтаж азаматқа баспаналы болуға мүмкіндік бермек, — дейді Э.Ескендірова.

Кезекте тұрған азамат аталған бағдарламаға қатысуы үшін оның міндетті түрде кірісі болуы шарт, яғни оның жұмыс істеуі, ай сайынғы жалақысы 3,1 айлық есептік көрсеткіш көлемінен — 101 270 теңгеден аспауы керек.

— Алдағы жылдан бастап азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй кезегіне қою құқығы толықтай «Отбасы банкіне» берілетін болады. Яғни бұрын бұл жұмысты жергілікті атқарушы орган іске асырып келген болса, алдағы жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтар жаңадан құрылатын қаржы институты арқылы кезекке тұратын болады, — дейді Э.Ескендірова.

«5-10-20» бағдарламасы бойынша үй алу үшін бастапқы жарна кемінде 10 пайыз болуы шарт. Несие 5 пайызбен 20 жылға дейін мерзімге беріледі.

Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Бастысы, сатып алынатын үй бастапқы нарықта болуы шарт, яғни жаңа үй болуы керек.

Ақтөбе облысында аталған бағдарлама аясында құны 15 миллион теңгеге дейінгі пәтерлерді алуға болады. Әкімдіктер салған үйлерден пәтер алғысы келетіндер үшін пәтердің бір шаршы метрінің құны 180 мың теңгеден аспауы керек.

— Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бойынша «Нұр Ақтөбеде» салынып жатқан үйлердің бір шаршы метрінің құны 135 мың теңгеден аспайды. Бірақ алдағы жылы үй құны көтеріледі. Себебі қазіргі әлемдік пандемия, экономикалық жағдай тұрғын үй құрылысына да өз салқынын тигізді, тауардың өзіндік құны артып отыр, жұмыс күші де қымбаттады. Сондықтан алдағы жылы «Нұр Ақтөбедегі» үйлердің шаршы метрінің құны 135 мың емес, шамамен 180 мың теңгенің көлемінде болуы мүмкін, — дейді Э.Ескендірова.

Кезекте тұрған азаматтар баспана алу кезінде олардың кезекке тұру мерзімі де қарастырылмақ. Яғни кезекке ертерек тұрған азаматтар кейін тұрған азаматтардан бұрын баспана алу мүмкіндігіне ие болады.  Оларға жергілікті әкімдік тарапынан жолдама беріледі.

ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА 6 ПАЙЫЗБЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жас отбасыларға да төмен пайызбен несие рәсімдеп, баспана алуға мүмкіндік бермек. Аталған қаржы институты 1 шілдеден бастап «Өз үйім — бақыт мекенім» атты ұранмен отбасын жаңадан құрған шаңырақтарға арналған «Жас отбасы» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты.

Жаңа бағдарламаның шарттары жеңіл: несие 6 пайызбен беріледі. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасы ұсынатын мөлшерлемеден 1%-ға ғана жоғары. Алайда бұл тек алғашқы екі жылдағы мөлшерлеме көлемі, ал одан кейін ол 5%-ға дейін төмендейді. Яғни заем рәсімдеуші несиені тек алғашқы екі жылда ғана алты пайызбен, кейін бес пайызбен өтейді.

— Көпшілігі «жас отбасы» дегенде жасына байланысты айтып тұрған болар деп ойлайды. Негізі олай емес, бұл бағдарлама бойынша, жас ерекшелігіне қарамастан, шаңырақ құрғандарына 3 жыл болмаған отбасылар «Жас отбасы» санатына кіреді. Яғни депозитті ашар кезде, олардың некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс.Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақ пәтерлерінің 50%-ын жинауы және де бағалау көрсеткішінің «5-ші» деңгейіне жетуі керек. Кем дегенде бір жыл жинауы шарт. Алайда бұл тек бір жыл ішінде жинап болу керек деген сөз емес, оны екі жылда жинай ма, үш жылда жинай ма, жас отбасылар өздері біледі. Бір ерекшелігі — егер басқа салымшылар, мәселен, үй құнының 50 пайызына тең қаражат салып, тұрғын үй заемын алатын болса, бастапқы жылдары несиені 8,5 пайызбен төлеп, кейін 5 пайызбен төлейтін болса, «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша үй құнының 50 пайызына тең қаражат салып, үй алатындар бастапқы жылдары  6 пайызбен, кейін 5 пайызбен өтейтін болады. Бұл жас отбасыларға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Мысалы, үстіндегі бір бөлмелі пәтерді сатып, соның қаражатын салып, екі бөлмелі үй алуға болады. Мынау карантин, шектеу шаралары кезінде той жасауға тыйым салғаны да қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беріп отырғанын ескеріп, тойға кететін 3-4 миллион теңгені депозитке салып, жас отбасыларға үй алуға болар еді. Сондықтан бұл бағдарламаға үлкен мүмкіндік деп қарау керек, — дейді банктің облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Заитов.

Қаражатты жинақтау кезінде оған жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекет сыйақысы түседі. Ерлі-зайыптылар депозитті әрқайсысы өз атына ашып, кейіннен шоттарды «Отбасылық пакетке» біріктіру арқылы екі есе көп мемлекет сыйақысын алуларына да болады.

«Жас отбасы» бағдарламасының тағы бір артықшылығы – оған қатысу барысында ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына да ешқандай талап қойылмайды. Және бұл бағдарлама бойынша  жаңа және қолданыстағы үйлерден де пәтер сатып алуға болады. Тіпті  жер телімін сатып алып, үй салуларына да болады. Оларға заем 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

P.S. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Отбасы банкі» болып қайта құрылған кезде оның салымшыларына қатысты саясаты өзгермейді. Салымшылар бұрынғыша депозитке ақшасын жинап, баспаналы болуды жалғастыра береді.

«Бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімшарт жасасқан тұтынушылардың да келісіміндегі талаптары өзгермейді. Өзгеретін бір нәрсе — жаңадан құрылатын қаржы институты ел тұрғындарына баспаналы болу үшін бұрынғы бағдардамалармен қоса,  талаптары жеңілдетілген бірнеше жаңа бағдарлама ұсына отырып, баспаналы болғысы келетін салымшылардың мүмкіндігін арттырады. Біздің банк шын мәнінде отбасылық банкке айналады», — дейді Эльмира Ескендірова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button