Жаңалықтар

Дәрі-дәрмек мәселесі шешіледі

Брифинг

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, облыстың бас фармацевтикалық инспекторы Сәбит Іскендіров, Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Рүстем Исаев өңірде дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі және науқастарды емдеуге байланысты брифинг өткізді.

Елімізде індеттің екінші толқыны басталған кезден бастап облысымызда тұрғындарға инфекциядан сақтану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні халыққа жан-жақты көмек көрсету мақсатында саll-орталық (906-606) жұмыс жасауда.

Өкінішке қарай, өңірде шектеу шаралары алынғаннан кейін тұрғындар көпшілік жерлерге барып, әртүрлі шараларға қатысып, соның салдарынан инфекциямен ауырған науқастар саны артып отыр.

Бүгінгі күні аталған саll-орталықта эпидемиологиялық қызмет пен денсаулық сақтау басқармасының мамандарымен қатар психологтар жұмыс жасап жатыр. Олар тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіп, көмек беруде. Алдағы уақытта кез келген тұрғын аталған орталыққа хабарласып, қажетті ақпараттарды алуына болады. Айта кету керек, соңғы аптада қала тұрғындары арасында дәрі тапшылығы, науқастар санының артуына байланысты медициналық көмек көрсету, тағы басқа мәселелерге қатысты арыз-шағымдар көбеюде. Біз бұл мәселелерді шешу үшін қазір жұмыс жасап жатырмыз, — деді Асхат Шахаров.

Бұдан кейін брифингте облыстың бас фармацевтикалық инспекторы Сәбит Іскендіров

бүгінгі күні облысқа дәрілік заттар екі жүйе арқылы келетінін жеткізді. Оның біріншісі — мемлекет тарапынан мемлекеттік медициналық мекемелерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету болса, екіншісі — нарықтық жүйе арқылы жеке дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамту.

Қазіргі таңда облыста жалпы саны 573 дәріхана бар. Оның 292-сі Ақтөбе қаласында болса, 281-і облыстағы аудандарда орналасқан. Айта кетерлігі, облыстағы барлық медициналық мекемелерде қажетті дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Жалпы елімізде бүгінге дейін 7500 дәрі тіркелген болса, коронавирус инфекциясы мен жанама ауру түрлерін емдейтін дәрілердің қоры нарықта азайған. Оның басты себебі — науқастар санының өсуі, сондай-ақ бірқатар тұрғындардың бір дәріханадан көп мөлшерде дәрі-дәрмекті сатып алуында болып отыр. Негізінен, соңғы деректерге сүйенсек, жеке дәріханаларда антибиотиктер мен қызу түсіретін, қабынуды басатын дәрілердің түрі азайған, — деді ол.

Сәбит Іскендіровтің айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 20 дәрі-дәрмек қоймасы күн сайын дәрілік заттарды дәріханаларға таратып жатыр.

Осы аптада облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов дәрі-дәрмек қоймаларының басшыларымен кездесіп, дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі айтылды. Алдағы уақытта барлық дәріханаларға қажетті дәрілік заттарды  жеткізетін боламыз. Бүгінгі күні осы бағытта Ресей Федерациясымен келіссөздер жүргізіліп, жан-жақты жұмыстар жасалып жатыр, — деді ол.

Ал Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Рүстем Исаевтың айтуынша,

бастапқы кезде орталықтағы провизорлық стационарда 80 адамға орын дайындалған. Кейін науқастар санының көбеюіне байланысты мұнда кереуеттер саны 350-ге жеткен. Қазір орталықта 361 адам емделіп жатыр. Провизорлық стационарда 25 жасанды өкпе аппараты бар және орталықты дәрі-дәрмекпен «СК Фармация» компаниясы қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ инфекциялық ауруханада науқастар үшін — 130, «Шағала» шипажайында 150 орын дайындалды. Ал өткен аптада облыстық туберкулезге қарсы диспансер жанынан төрт жүз орындық стационар ашылды. Олардың барлығында науқастарға жан-жақты медициналық көмек көрсетілуде, — деді Р.Исаев.

Брифинг барысында жауапты тұлғалар қазіргі таңда ауруханаларда медициналық қызметкерлердің жетіспейтінін, бірқатар дәрігерлердің ауырып, үйлерінде емделіп жатқанын, вирусқа қарсы дәрілердің нарықта аз екенін, сондай-ақ алдағы уақытта дәрі-дәрмектің бағасына мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

Брифинг соңында басшылар журналистердің сауалдарына жауап берді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button