Басты жаңалықтарЖеңіс

Әлия-ғұмыр

Биыл Жеңіске — 75, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толды. Сондай-ақ қаламыздағы Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің ашылғанына 40 жыл толды. Осы мақсатта батырдың ерлігі мен өмірі туралы, оның есімін, ерлігін ұлықтауға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты музейдің бас қор сақтаушысы Айсұлу Тұралиевамен сұхбаттасқан едік.

МУЗЕЙГЕ — 40 ЖЫЛ

Ә.Молдағұлованың мемориалды музейі 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы және Әлия Молдағұлованың туғанына 60 жыл толу құрметіне орай ашылған болатын. Оған дейін 1980-1985 жылдар аралығында болашақта ашылатын музейдің экспозициясы мен ғылыми қорын құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Әлияның өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер жинақтау жұмыстары жүргізілген.

Бұл бағытта бірнеше рет іссапарлар ұйымдастырылып, Әлияның туыстарымен, сондай-ақ командирлері Н.Уральский, Ф.Моисеев, майдандастары Н.Матвеева, В.Яковлева, З.Поляковалармен, батырдың ұстаздары, сыныптастары және соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізіліп, хат арқылы байланыс жүргізілген.

1989 жылы қызыл әскер қатарындағы жауынгерлердің мүрделерін тауып, құрметпен қайта жерлеу, қаза тапқандардың отбасына және музейге соғыс кезіндегі қолданылған заттарды, құжаттарды табыстау мақсатында музей жанынан «Әлия» іздестіру тобы да құрылыпты. Іздестірушілер содан бергі уақытта бірнеше рет Новгород, Тверь, Калуга облыстарына барып, экспедициялар жүргізген.

Музейдің бас қор сақтаушысы Айсұлу Тұралиеваның айтуынша, қазір музей қорында он мыңға жуық экспонат бар.

— Әлияның майданнан жазған хаттары, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы куәлік, Әлия оқыған мектептен жеткізілген тоқсандық табель мен сынып журналы музейдегі ең құнды жәдігерлер саналады, — дейді А.Тұралиева.

А.Тұралиеваның айтуынша, музей қоры ұдайы жаңа экспонаттармен толықтырылып тұрады. Әлияның өзіне қатысты экспонаттардан бөлек музей қорында Кеңес Одағының Батырлары туралы мәліметтер, ардагерлер тұтынған заттар, олардың наградалары туралы көптеген құнды деректерге қанығуға болады.

— Биыл музейіміздің құрылғанына 40 жыл толды. Ең қуанышты жаңалық — қаламыздың көрікті жерінде Әлия Молдағұлованың жаңа мемориалды музейі салынатын болды. Бұл — біздің ұжым көптен күткен жаңалық. 10 000 жәдігері бар музейге кішкене ғана ғимараттың қазір таршылық етіп тұрғаны рас. Біздің экспозиция залына жылына кем дегенде 40 мыңға жуық адам келеді, сондықтан батырдың ерлігіне сай еңселі музейдің қажеттігі айқын.

Батырдың 95 жылдығын барынша сән-салтанатымен атап өту туралы жоспарымызда болды. Бірақ әлемді жайлаған коронавирус дертінің кесірінен барлық шараны қашықтан, онлайн режимінде өткізуге мәжбүр болдық, — дейді А.Тұралиева.

ӘЛИЯНЫҢ ТУҒАНЫНА — 95 ЖЫЛ

Музей ұжымы биыл Президент Қ.Тоқаевтың барлық мәдени іс-шараларды уақытша тоқтата тұру тапсырмасына сәйкес, шараларды, негізінен, «aqtobe_madeniet» және «aliya.muzei» инстаграм парақшалары арқылы #Бізбіргеміз акциясы аясында өткізіп жатыр.

—  Онлайн іс-шаралар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл және Жеңістің 75 жылдығына арналды. Мәселен, онлайн режимінде

Әлияның туыстарымен, музей саласының ардагері «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербеспен, «Мергендер» фильмінде батырдың образын сомдаған Қырғызстан халық артисі Айтұрған Теміровамен, Мәскеу мемлекеттік  және муниципалдық басқару институтының доценті Асылбек Төлешовпен, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалды музейімен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың «JASTAR COWORKING»  орталығымен, Алматы облысы Есік тарихи-өлкетану музейімен бірнеше онлайн-сұхбаттар, онлайн-кездесулер өткізілді.

Біздің қызметкерлер музей тарихына қатысты, қазақтың батыр қыздары туралы онлайн-лекциялар, челлендждер ұйымдастырды.

Музей қызметкері Сәуле Тәжбенова тікелей эфирде өткізген «Женщины на страже Родины» тақырыбындағы онлайн-лекцияда Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы айтты.  Соғыстың алғашқы күнінен  бастап олар өз еріктерімен майданға аттанды, олардың алды жиырмадан асса, көпшілігі 17-19 жаста ғана болатын. Сол батыр қыздардың қатарындағы Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Доспановалардың жанқиярлық ерліктері туралы айтып берді. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан, Берлинге дейін жеткен қазақтың ғалым қызы Халида Маманова туралы «Штрафбаттағы жалғыз қазақ қызы», Кеңес Одағының  Батыры Қожабай Жазықовтың туғанына 100 жыл толуына орай онлайн шаралар өткізілді, — дейді А.Тұралиева.

Әлия Молдағұлованың нағашы сіңлісі Ария Хабиевамен өткізілген онлайн-сұхбат барысында Ария Хабиева әкесінен естіген Әлия туралы тың деректермен бөлісіп, әкесі мен батыр қызға қатысты тарихи деректі фотосуреттермен таныстырды.

— Әкем Бисембай Хабиев пен Әбубәкір Молдағұлов ағамыздың отбасы бір шарбақтың ішінде, бір отбасы болып бірге тұрған. Әлия сол екі үйдің ортасында жүрген. Әкем Әлияны Сапураға қарағанда өжет, өткір, пысық қыз болғанын айтып отырушы еді. Кейін Әбубәкір ағам Әлияны өз отбасымен бірге алып кетеді. Ленинградқа көшеді. Менің әкем де соғысқа аттанып, 312-атқыштар дивзиясының офицерлік құрамында болған, — деп еске алды Ария Хабиева.

А.Тұралиеваның айтуынша, музей қорында Б.Хабиевтің де суреттері бар. Онлайн сұхбат барысында Әлия мен оның туыстарына қатысты барлық тарихи құжаттар көрерменге көрсетілді.

«МЕРГЕНДЕР» ФИЛЬМІНЕ — 35 ЖЫЛ

Ал «Мергендер» фильмінде Әлияның ролінде ойнаған Қырғызстан халық артисі Айтұрған Теміровамен өткізілген Ақтөбе-Брно (Чехия) телекөпірі барысында осыдан 35 жыл бұрын түсірілген ғұмырнамалық фильмге қатысты әңгіме қозғалды. Фильм 1985 жылы түсірілді. Оның режиссері және авторы —  Болотбек Шәмшиев.

— Әскери тақырып менің жаныма жақын. Себебі менің ата-анам әскери адамдар болды, патриоттық рухта өстім. Бұрын «Қазақфильм» мен «Қырғызфильм» тығыз байланыста болған еді. Екі елдің бірінде жаңа фильмнің премьерасы болатын болса, бір-бірімізді шақыратын едік. Әлі есімде, 1983 жылы Алматыда режиссер Болотбек Шәмшиевтің «Қасқырдың апаны» фильмінің премьерасы болған кезде сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі бізді, Шәмшиев екеумізді, қабылдауына шақырды: «Дінмұхаммед Қонаев «Қасқырдың апаны» фильмін көріп, Әлия Молдағұлова туралы фильмнің режиссерлігіне Болотбек Шамшиевті, батырдың роліне сізді лайық көріп отыр», — деп, Әлияның портретін көрсетті. «Мен әскери киіммен қай уақытта суретке түстім?» — деп, ана суретке қарап, таңғалдым. Өзімді көргендей болдым. Ол Әлияның суреті еді. Менің Әлияның роліне бекітілуім осылай шешілді.

Фильм Белоруссияның Смолевичи қаласындағы әскери полигонда түсірілді. Түсірілім басталмас бұрын Әлияның өмірін, ерлігін зерттедік. Оған дейін мен Әлияны тек Роза Рымбаева орындайтын тамаша ән — «Әлия» әні арқылы ғана білуші едім. Біз Әлияның майдандастарын, оның командирі Федор Моисеевті де тауып, олармен әңгімелестік. Федор Иванович мені көріп, Әлияға қатты ұқсайтынымды айтты. Ол маған Әлия Молдағұлованың мінез-құлқынан бастап, сөйлеу мәнерін, винтовканы қалай ұстайтынын — барлығын айтты. Маған Лия дейтін. Әлияны ол өз қызындай жақсы көрген. Федор Ивановичтің өзінің баласы болмаған ғой, Әлияны баласындай қабылдап, оны үнемі қорғап-қолпаштап жүретін болған. Әлия да оған әкесіндей қараған.

Фильмнің соңғы жағында командирге фашистердің оғы тиген кезде Әлия командир өліп қалған екен деп қасына барады, сонда командир: «Подымай войска» деп тапсырма береді Әлияға. Әлия «Отан үшін алға!» деп тарихта қалған ерлігін жасаған сәт осы кезде болады. Мұның барлығы шын мәнінде тап солай болған. Режиссер шындықтан ауытқымауға тырысты. Осы картинаны түсіріп болғанда Моисеевтің жылап отырғанын көрдік: «Мен осы сәтті басымнан екінші рет өткізіп отырған сияқтымын», — деді сонда ол. Мен Әлияның өзі жазған хаттарының түпнұсқасын қолыма ұстап көрдім, Әлия тұтынған заттарды көрдім. «Мергендер» — көркем фильмнен гөрі деректі фильмге жақынырақ, себебі ол Әлияны көзімен көрген куәгерлердің айтуы бойынша түсірілді, — дейді  А.Темірова.

Онлайн-кездесуді өткізген музей қызметкері Сәуле Тажбенова Әлия музейінің  экспозициясы мен ғылыми қорын құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Әлияның өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер жинақтау жұмыстары барысында музей ардагері Айша Өтеулина Федор Моисеевпен кездескенін айтты.

«Менің Әлияның туған жерінен келгенімді білгеннен кейін біраз уақыт үндемей қалды да: «Әлия қыздарыңызды қорғай алмағаным үшін кешіріңіздер» деп көзіне жас алды», — деп еске алады Айша Өтеулина.

—  Онлайн шаралар аясында Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасымен  бірге «Ұрпаққа үлгі ұлы ерлік» тағзым  сағаты, гуманитарлық колледжінің  студенттерімен бірлесе  «Ер — елінің қорғаны» атты патриоттық тарихи-танымдық сағат өткізілді. Музейдің #Бізбіргеміз акциясы аясында инстапарақшаларымызда музей қорындағы заттай және фотодеректі материалдар, Әлия Молдағұловаға қатысты экспонаттар мен деректер, ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары, ардагерлерінің өмірі мен ерлік жолдары туралы ақпараттар, музей залдары бойынша бейнеэкскурсиялар, Ұлы Отан соғысы тақырыбында тарихи-танымдық бейне-деректі фильмдер, әнші Роза Рымбаеваның орындауында ерліктің гимніне айналған «Әлия» бейне-концерттері көрсетілді.

Сонымен бірге Әлияның 95 жылдығына байланысты «Әлия — қаһармандық дастаны» атты кәсіпқой суретшілер мен қолөнер шеберлері арасында республикалық байқау жарияланды. Оның мақсаты — батырдың өмірі мен ерлігін көркемсурет арқылы насихаттау, музей қорын суретшілер мен қолөнер шеберлері туындыларымен толықтыру. Оған кәсіпқой мамандармен бірге осы сала бойынша білім алып жатқан жастар қатыса алады. Қазіргі уақытта қатысушылардан өтініштер мен олардың туындылары қабылданып жатыр, — дейді А.Тұралиева.

А.Тұралиева Жеңістің — 75, батырдың 95 жылдығына арналған шаралар жыл бойы жалғаса беретінін айтады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button