Басты жаңалықтарМереке

Газеттің жүрегі — журналист, тірегі — оқырман

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А. Байтұрсынов), қоғам өмірінің айнасы, жеделдіктен гөрі, тереңдікті талап ететін газеттің ақпарат кеңістігіндегі орны бөлек.

Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз облыстағы ең көне екі газет — «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» және «Үш таған» басылымдарын бір шаңыраққа біріктіріп отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры, Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы  Раукен Отыншинмен мерзімді баспасөздің бүгіні мен болашағы, журналистер қауымын толғандыратын мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік:

— Көне замандағы билеушілердің жарлықтары, маңызды хабарлар жазылып, қала ортасына ілінген тақтайшалар, қолжазба басылымдарды айтпағанда, заманауи үлгідегі ең алғашқы басылым 1631 жылы Францияда жарыққа шыға бастады. Содан бері 4 ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бұқаралық ақпарат құралдарының көш басында тұрған газет туралы «күні өтті», «оқылмайды», «керексіз болып қалды» деген мазмұндағы ой-пікір қазір көп айтылатын болды. Осы мәселеге байланысты өз пікіріңізбен бөліссеңіз?

— Компьютерлік технологиялар дамыған қазіргі заманда көпшілікке ақпарат ғаламтор, яғни түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы неғұрлым тез жетеді, ал бұл баспасөздің болашағына күмәнданушылардың қатарын арттырып отыр.

2018 жылы Қытайда әлемнің 50 елінен журналистер шақырылған үлкен жиынға қатыстым. Сол жылы бұл елдің ең жетекші басылымы, тіпті, жалпы әлем бойынша жетекші басылымдардың бірі саналатын, миллиондаған таралыммен және бірнеше тілде шығатын «Жэньминь жибао» газетінің жарық көре бастағанына 70 жыл толған екен, соған орай бізді газеттің редакциясына арнайылап апарды. Редакция төбесі көк тіреген зәулім ғимаратта орналасқан, ал газеттің өзі әр күні — таңертең және кешкілік — екі мезгіл жарыққа шығады. «Газеттерге болашақта мүлде оқылмай, жабылып қалу қаупі төніп тұр ма?» деген мәселе сол жерде өткен кездесуде де талқыланды. Сонда жиында Алқалы сөз алған шетелдік журналистер: «Газеттің болашағы күмәнді деген болжам ең алғаш радио арқылы жаппай хабар таратыла бастаған кезде айтылып еді, одан кейін теледидар шыққанда тағы бір дүрлігісті, ал қазіргі жағдайда тіпті толастамасы белгілі. Бірақ радио мен теледидар газетті ақпарат кеңістігінен мүлде керексіз ғып, ығыстырып шығара алды ма? Жоқ. Ғаламтор да тек бәсекелестердің қатарын көбейткені болмаса, газеттің орнын баса алмайды. Ал бәсекелестің көп болғаны өзіңді дамыта түсуге керек», — деді. Бұл біздің көкейіміздегіні дөп басқан сөз болды.

Расында, ақпарат кеңістігінде қашан да газеттің орны бөлек болмақ. Мысалы, ғаламтормен салыстырар болсақ, біріншіден, газеттегі ақпарат сенімді, өйткені тілші ақпаратқа қол жеткізгеннен бастап, газетті басуға жібергенге дейінгі аралықта оның рас-өтірігін тағы бір тексеріп, нақтылап үлгереді. Газет — көнеден келе жатқан дәстүрлі ақпарат құралы, сондықтан газеттерде оқырманға тек қана сенімді көздерден алынған, шынайы ақпарат жеткізуге ұмтылу қалыптасқан жолға, ізге айналған.

Екіншіден, газеттегі сөз ешқашан жоғалмайды, ол бүгінннің ғана емес, болашақтың да үлесі болып, кітапханалар мен архивтерде сақталып тұра береді. Осыған байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен, бірақ құжаттарын жоғалтып алған бір ағамыз соғыс жылдарындағы газеттен өзі туралы мақаланы тауып алып, тыл еңбеккері екенін сол арқылы дәлелдегенін үнемі айтып жүреді.

Сол сияқты, осыдан бір ғасыр бұрын, бәлкім одан да әріректе жарық көрген газет жарияланымдары адамдардың тағдырын, елдің, өлкенің шежіресін паш етіп, өткенді тану жолында көптеген зерттеушілер еңбектеріне арқау болып отыр.

Үшіншіден, газет-журналдар да, кітап секілді, білімнің бір көзі, қайнар бұлағы болып келді және солай болып қала бермек. 1983 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелдідегі «Комсомолдың 30 жылдығы» атындағы орта мектепке мұғалім болып орналастым. Бағыма қарай, алғашқы басшым, мектеп директоры Нұрман Қорбин адамгершілігі зор, әсіресе, жас мамандарға өз баласындай қамқор жан болып жолықты. Бірде оның: «Жақсы маман болу үшін, мықты біліммен қарулану керек» — деп, өзі жаздырып алатын газет, журналдардың тізімін көрсеткені бар. Өте ұзын тізім — Алматыдан, Мәскеуден жарық көретін газет-журналдар, жергілікті басылымдар… Ол кісіні білетіндердің бәрі мойындайтын білімінің тереңдігі, ой-өрісінің кеңдігі, жан-жақтылығы «осы көп оқитындығынан екен ғой» деп, мен де сол тізімді ойға түйіп қойдым.

Радио, теледидар және ғаламтор кітап пен газет-журналдың таралымына кері әсер етуі мүмкін, бірақ оларды біздің өмірімізден біржола ығыстырып шығарып, орнын баса алмайды. Технологиялық жағынан ең дамыған елдердің бірі саналатын Жапонияның ұлттық басылымы — «Асахи симбун» газеті қазір де тәулігіне 10 миллион данамен таралып жатыр. Ең бастысы — өз оқырмандарыңды табу. Оқырманын тапқан газет өміршең болады.

— Қайткенде газет өз оқырманын табады? «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің таралымын көбейту үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Ең алдымен атап өткім келетіні, еліміздегі басқа облыстық газеттермен салыстырғанда, біздің басылымдардың таралымы жақсы: қазір, мысалы, «Ақтөбе» газеті 18 мың данамен таралса, кейбір өңірлерде облыстық газеттің таралымы бұдан екі еседей аз. Сондай-ақ, соңғы жылдары көптеген республикалық басылымдардың да таралымы едәуір төмендеп кеткені белгілі.

Қазір көптеген басылымдардың, соның ішінде біздің облыстық газеттердің де сайттары бар. Әсіресе жастар жағы осы сайттарды пайдаланғанды, газет парақтағаннан гөрі қолындағы смартфонға үңілгенді жөн көреді. Жарияланымдарының қаралуы, оқылуы жағынан «Ақтөбе» газеті сайтының да көрсеткіштері жақсы. Яғни, оқырмандардың бір бөлігін мүлде жоғалтқан жоқпыз, тек олар газеттің электронды нұсқасын оқуға көшті.

Облыстық екі газет те — өз бет-бейнесі, бағыт-бағдары айқындалған, танымал басылымдар. Бірінің шыға бастағанына 102 жыл болса, екіншісінің ғасырға жуық тарихы бар. Оқырман тарту үшін біз арзан сенсация қуып, қит еткенге байбалам салу секілді «амалдарға» бара алмаймыз, алайда ғасырға тарта уақыт бойы өңірдің қарапайым тұрғындарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан басылымдар ретінде өз тұрақты оқырмандарымыз бар. Ал соңғы жылдары халықпен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға күш салдық. Аудандарда оқырмандармен кездесулер мәдени-көпшілік шаралар түрінде өткізіліп, газеттерімізге 40-50 жыл бойы үзбей жазылып келе жатқан оқырмандарға айрықша құрмет көрсетілді. Белсенді оқырмандарға ақын Есенбай Дүйсенбайұлы, белгілі жазушы Құрал Тоқмырзин, сынықшы Сүлеймен ата, әскери қайраткер Жансен Кереев және басқа да танымал тұлғалар атындағы сыйлықтар белгіленді. Бір жағынан, халық осы тұлғаларды ұмытпаса, еске ала жүрсе деген мақсатты да ұстандық.

Биылғы жазылу науқаны кезінде де «Қазпоштаның» облыстық бөлімшесімен бірлесіп, оқырмандарды ынталандыру мақсатында бірқатар шаралар, соның ішінде байқаулар да өткізуді жоспарлаған едік. Бірақ ол жоспарды жүзеге асыруға, өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы кедергі болып отыр.

Жалпы, қалың көпшіліктің біздің басылымдарымызға деген ынта-ықыласына мен күнделікті жұмыс барысында үнемі көз жеткізіп келемін. Өйткені өздері ұйымдастырған іс-шараларды, өлке тарихында ізі қалған тұлғаларды, мақтаулы әріптестерін газетке шығарсаңыздар деген тілекпен немесе өз туындыларын, жазған мақалаларын, ой-пікірлерін ұсынып, келіп-кетіп жататын оқырмандар қатары ешқашан сиреген емес. Осы тұста жанашыр, тұрақты оқырмандарымыз алғыс айтып келеді.

— Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында сұхбаттасып отырмыз, сондықтан бұл сауалдың артықтықтығы болмас: өзіңіз о баста осы ортаға қалай келдіңіз? Жалпы, журналист қауымы төңірегіндегі ойларыңызбен бөліссеңіз? Алдына мұңайып келген жанның — мұңын, қуанып келгеннің қуанышын бөлісіп, өзінің үйі жоқ болса да, басқаға үй әперемін деп, өзінің айлығы мардымсыз болса да, мұғалімнің, дәрігердің айлығын өсіремін деп, тыным таппай жүрген бүгінгі қазақ журналисі кім, оның қоғамдағы орны қайсы?

— Мен о баста баспасөз саласына келемін деп, мүлде ойламаған едім. Рас, бозбала кезімде өлең жаздым, күнделік жаздым… Қалам мен блакнотымды тастамай алып жүруші едім. Жоғарыда айтқанымдай, педагогикалық институтты бітіріп, мектепке мұғалім болып орналастым, аз жыл ішінде директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Бірақ ойламаған жерден алдымнан денсаулығыма байланысты үлкен қиындық шықты: Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Мәскеу қалаларында ауыр-ауыр оталар жасалып, ақырында ІІ топ мүгедегі атандым, өз ісімді одан әрі жалғастыруға денсаулығым жарамайтын болды. Білікті дәрігерлерге жақын болу үшін, облыс орталығына қоныс аударуға тура келді. Алайда «жұмыс жасауға жарамсыз» деген үкімге еш көнгім келмеді, жұмыс іздей жүріп, сол кездегі «Коммунизм жолы», қазіргі облыстық «Ақтөбе» газетіне корректор керек деген хабарландыруға көзім түсті. Бұл 1988 жыл — қайта құрудың соңы сұйылып, КСРО-ның ыдырар алдындағы қиындықтар басталған кез еді. Газет басшысы маған: «Баспана сұрамайсың ба, жалақысы тым аз, балабақшаға сұрамайсың ба?» — деп, сауалдарды жаудырып жатыр, мен де ешқандай талап қоймайтынымды, тек жұмысқа тұрғым келетінін жеткізуге тырыстым. Ол кісі таңғалып қарайды, ал мен ішімнен «мүгедек екенімді біліп қалмаса екен» деп тілеп отырмын. Сөйтіп, жұмысқа орналастым. Журналистердің біразы өзім қатарлы жас жігіттер екен. Корректорлық жұмысымнан бөлек, солармен бірге кейде сұхбаттарға, редакцияға түсіп жатқан арыз-шағымдар бойынша, зерттеу жүргізуге баратын едім. Жұмыс көбейіп, тілшілер жетіспей жатқан тұста, солардың орнына шықтым. Бірде жұмыстан жазықсыз шығып қалған адамға көмегім де тиді: мен жазған мақаладан кейін ол қайта жұмысқа алынды. Осылайша, жаңа ортамен тез тіл табыстым, жаңа кәсібімнің қыр-сырын меңгерсем деген құштарлық алға жетелей түсті. Кейіннен газеттің тілшісі, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып еңбек еттім. Мен үшін журналистика әлемінің есігін ашқан бұл жылдардың орны бөлек…

Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 32 жыл болыпты. Адамды қуантқысы келіп, өзінен бұрын өзгені ойлап тұратын журналистердің мінезі маған етене жақын.

Иә, қайткенде еліме, жұртыма пайдамды тигіземін, қайткенде бір жыртығына жамау боламын деп, шапқылап жүретін журналистердің әлеуметтік мәртебесі әлі күнге дейін айқындалмай, баяғы Шерхан ағамыз айтқан «арқалағаны алтын, жегені жантақ» қалпында қалып отыр. Өмірде бір қиянатқа ұшырап, әділдік іздеген жандар қайда барамын дегенде, ең алдымен ойында бұқаралық ақпарат құралдары тұрады.

Журналистер мемлекеттік қызметкерлер қатарына жатпайды, әлеуметтік жағынан қорғалмаған, сонда да қоғам алдында өздеріне үлкен жауапкершілік, жүк артып, соны қайыспай көтеріп келе жатыр.

Қазіргі әлемді пандемия жайлаған, күрделі кезде де біздің әріптестеріміз ең алдыңғы шепте жүр. Соның ішінде өз ұжымымыздағы журналистердің де еңбегі зор. Оларға өзімнің үлкен алғысымды, шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді.

— Сіз Журналистер одағының облыстық филиалын да басқарып келесіз. Осы ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?

— Әріптестеріміздің  бұл ұйымнан, ең алдымен, еңбегін бағалау тұрғысынан қолдау күтетіні түсінікті. Сондықтан біз бірқатар журналистерді  «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісіне, тағы бірқатар ардагер журналистерді өздері туып-өскен ауданның «Құрметті азаматы» атағына ұсындық. Ол ұсыныстарымыздың ешқайсысы да жерде қалған жоқ.

Денсаулықтарына байланысты екі әріптесімізге шипажайларға жолдама әпердік.

Сондай-ақ, жылына екі рет — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі және Тәуелсіздік күні қарсаңында журналистер арасында байқау жариялап, жеңімпаздарды марапаттауды дәстүрге айналдырдық. Кеше ғана Ырғыз, Хромтау аудандық газеттерінің редакторы болған, қаламы қарымды ардагер журналист Рахымжан Өтеміске «Қазақстанның құрметті журналисті атағы берілді.»

— Қазіргі жас буын журналистерге айтар ақыл-кеңесіңіз?

— Өмірдегі ұстазым, білікті басшы Нұрман Қорбиннің: «Жақсы маман болу үшін, мықты біліммен қарулану керек», — деген сөзін жадымда сақтап қалғанымды жоғарыда айтып едім. «Бұл хабарды қандай сауатсыз адам дайындаған?» немесе «Бұл мақаланы қандай сауатсыз адам жазған?» деген сөзді естімеу — журналиске үлкен абырой. Әр жас журналист соны естімесе екен деп отырамын… Қазіргі жас буынның сөздің мағынасына мән бермей, жылтырағына ұмтылатыны да бар. Мысалы, облыстық телеарнада басшылық қызметте жүрген кезімде, Жаңа жыл қарсаңына әзірленіп жатқан хабарға «Барыс жылы — ырыс жылы» деп ат қойып бергенмін. Журналистер бұған: «Жоқ, ағай, ырыс емес, табыс жылы болғаны жақсы. Солай өзгертейік» — деп өтініш айтты. Табыс, әрине, ұйқас жағынан дұрысырақ, бірақ мағынасына келгенде, табыс пен ырыстың айырмашылығы жер мен көктей емес пе? Табысты кім-кім де таба алады, әртүрлі жолмен, тіпті басқа жолмен де табыс тауып жүргендер бар. Ал ырыс — біздің халықтың санасында қасиетті ұғым, Тәңірдің сыйы. Сондықтан, «бұған ұсақ-түйек ретінде қарауға болмайды» деп, рұқсат бермедім.

Ең бастысы, өмірде бәрі тек ғана еңбекпен келетінін есте ұстау керек. Жас кезімде шығарылған «жұмысқа жарамсыз» деген дәрігерлердің шешімі мен үшін алға ұмтылуға еш кедергі болған жоқ, өйткені ойымда: «Қайткенде де ешкімге масыл болмаймын, өз маңдай теріммен, еңбегіммен күн көремін» деген, бір ғана мақсат тұрды. Мен әр адамның тағдыры өз қолында екеніне, басқаның емес, өзімнің ғұмырым арқылы көз жеткіздім…

 Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button