Еліміздегі әскери-әуе күштері офицерлерінің 70 пайыздан астамы Ақтөбеде білім алған

…Әсіресе Кеңес Одағы кезінде әр ер бала ұшқыш болуды армандап, аспан әлеміне ерекше қызығушылық танытатын. Бұл — ақтөбелік бозбалаларға да тән еді. Даңқты ұшқыш-ғарышкерлер Виктор Пацаевтың біздің жерлесіміз, ал Юрий Лончаковтың осы өңірдегі орта мектепті тәмамдағанын ескерсек, бұған әсте таңғалуға болмайды.
Біз 46 жылдық тарихы бар еліміздегі бірегей оқу ордасы — Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосановты сөзге тартып, болашақ ұшқыштарға қойылатын соңғы талаптар, шетелдік курсанттардың санын, жалпы жабық мекеменің бүгінгі жай-күйін, т.б. білген едік. Әскерилер арасында Ақтөбенің басты брендіне айналған білім ошағында өзгерістер де аз емес.
Орталық Азиядағы жалғыз әскери институт
Ақтөбе азаматтық авиацияның жоғары ұшқыштар училищесінің базасында құрылған бүгінгі әскери институт Қорғаныс министрлігіне қарайды. Әскери-әуе күштеріне, ішкі істер саласы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне мамандарды даярлайтын білім ордасында, сондай-ақ жер-жерден келетін офицерлер біліктілігін арттырады. Мұнда, негізінен, әрине, болашақ ұшқыштарды оқытуға баса маңыз берілген.
— Қазіргі таңда институтта 400 курсант оқиды. Олар — армиялық, әскери-көліктік және майдан авиациясының ұшқыштары, жауынгерлік басқару офицерлері, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және пайдалану жөніндегі мамандар, авиация инженерлері, әскери дәрігерлер. Жігіттерге 91 оқытушыдан тұратын профессорлық-оқытушылар құрамы сабақ береді. Олардың арасында PhD докторлары, ғылым кандидаттары мен магистрлер бар. Бұл — Орталық Азия елдерінде әскери ұшқыштарды даярлайтын жалғыз оқу орны, — дейді Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы Дәурен Қосанов.
Соңғы 15-20 жылда аталған мамандыққа қызығушылықтың кемігенін алға тартқан ол институттың базасында 100-ден астам оқу кабинетінің барын, курсанттар Ми-8МТ тікұшағын, Ан-26, Zlin-242 ұшақтарын оқу-далалық әуе айлағында пайдаланатынын, яғни материалдық-техникалық базаның талапқа сай екенін атап өтті.
Осы орайда соңғы 5 жылдағы талапкерлердің санына тоқталсақ, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтқа жыл сайын 1 орынға 5-6 адамнан құжаттарын тапсыратын көрінеді. Бұл — 500-600 жігіттің тек 100-і ғана оқуға қабылданады деген сөз. Іріктеудің мықты болатындай жөні бар. Бұл жерде барлығы ақысыз негізде білім алып, стипендия мен қажетті оқу құралдарымен толығымен қамтылады. Соған сай талап та жоғары. Айталық, жас талаптың физикалық һәм психологиялық дайындығы, ҰБТ-дан 60 балдан төмен жинамауы айрықша маңызға ие. Түлектердің бейінді пәндері физика мен математика болуы тиіс.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінге дейін аталған оқу ордасында 22 шығарылым болыпты: осы аралықта 2350 жас диплом мен «лейтенант» әскери атағын алған. Оның 682-сі — ұшқыш.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда әскери білімге маманданған 9 оқу орны бар. Оның 4-і жоғары білім береді: Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты. Соңғысын — Ақтөбедегі әскери институтты жыл сайын 100-110 түлек тәмамдайды.

«Осы үш түлегімізді үлгі етеміз»
Кез келген оқу орны, ең алдымен, талантты шәкіртімен мақтанатыны белгілі. Ақтөбе аспанында тәжірибесін шыңдаған әйгілі ғарышкер, Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев — институт түлектерінің бірі. Сол сияқты болашағынан зор үміт күттіретін жас ұшқыштар да біршама. Мұнда алыс-жақын елдерден арнайы келіп білім алатындардың кездесетінін айта кету керек.
— Еліміздің әскери-әуе күштері офицерлерінің 70 пайыздан астамы жоғары білімді осы Ақтөбеде игерген. Олардың дені авиациялық базалар мен эскадрилиялардың командирлері, Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде басшылық лауазымдарды атқарады.
Институтымыз 1993 жылы Ақтөбе азаматтық авиацияның жоғары ұшқыштар училищесі болғанда, Талғат Мұсабаев инженер-ұшқыш дипломын алды. Оның еңбегі мен жетістіктерін әр қазақстандық біледі деп ойлаймын. Сондай-ақ соңғы 5 жыл ішінде біздің институтты бітірген ұшқыштар халықаралық армиялық ойындарда Қазақстанның намысын өз деңгейінде қорғап жүр. Мысалы, өткен жылы Су-30 экипажының ұшқыштары — майор Ермек Мұқанов пен капитан Александр Орел «Жойғыш авиация» номинациясында екінші орынды жеңіп алды. Біз осындай шәкірттерімізбен мақтанамыз! — дейді әңгімелесушіміз.
Оның сөзінше, Қорғаныс министрінің шешіміне сәйкес, қазіргі таңда курсанттардың қатарында Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің 24 азаматы бар. Тағы бір дерек, оқуға түсетіндердің 25 пайызын ақтөбеліктер құрайды. Жалпы, биіктікті бағындыруға ниетті жерлестердің үлес салмағы қашанда басым екенін білдік.
Келісімшартқа сәйкес, курсант оқу бітірген соң 10 жыл бойы әскери авиация саласында еңбек етуге міндеттеледі. Одан кейін бірлі-жарымы Қазақстанның немесе әлемнің азаматтық авиакомпанияларына ауысса, көпшілігі әскери өмірді әрі қарай жалғастыруды жөн көреді екен.
СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
КСРО-ның ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаев 1933 жылы Ақтөбе қаласында туған. Ол 1971 жылдың 6 маусымында «Союз-11» ғарыш кемесімен сынаушы ретінде Г.Добровольский және В.Волковтармен бірге ғарышқа ұшты. Сол жылы жоғарыда аталған ғарыш кемесі «Салют» ғылыми станциясымен түйісу операциясын ойдағыдай жүзеге асырып, ғарышта барлығы 25 тәулік болды. Ұшу бағдарламасы толық аяқталып, Жерге қону кезінде түсу аппаратының герметикалылығы бұзылуы салдарынан экипаждың басқа мүшелерімен бірге қаза тапты. Ақтөбеде оның атындағы көше, алаң, мектеп, шаруашылылық ұжымдары бар. 1976 жылы Ақтөбе қаласында ұшқыш-ғарышкерге ескерткіш орнатылды.
Ал Юрий Лончаковтың балалық шағы біздің өңірде өткен: 1982 жылы Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектепті, оған қоса В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебін бітірген. Ол ғарышқа үш рет көтерілді.
«Ақтөбе — құтты мекен» (Алматы, 2017 жыл)
энциклопедиялық анықтамалығынан алынды.
Ұшып қана қоймай, әскерилерді емдейді
Институт басшысы өз сөзінде болашақ ұшқыштарды даярлау теория мен ұдайы іс-тәжірибеге құрылғанын баян етті. Тарқатып айтсақ, оқытудың бірінші кезеңінде кәсіби жарамдылық айқындалады. Курсант ұшу элементтерін өзі орындай ала ма, соған назар аударылады. Қорытындысы бойынша кез келген үйренушіні одан әрі ұшуға бейімдеудің маңызы туралы шешім қабылданады. Ал екінші кезеңде курсанттар өз мамандығы бойынша әуе кемесінің үлгісін меңгереді. Мәселен, армиялық авиация — Ми-8МТ тікұшағы, әскери-көліктік авиация — Ан-26 ұшағы, майдан авиациясы — Л-39…
Оқудың алғашқы екі жылы ішінде жігіттер нұсқаушымен 40 сағат ұшуы тиіс. Оқыту барысында нұсқаушы бірте-бірте курсантқа жауынгерлік машинаны басқарудың бөлек элементтерін сене отырып, ұшақты толық басқартады. Жоғары курстарда даярлық деңгейіне байланысты олар дербес ұшуға рұқсат алады. Бұған ұмтылмайтын курсант жоқ, тіпті бұл үлкен мереке іспеттес. Бірақ жерүсті дайындық пен теориялық білімді үздік меңгергендер ғана бұған жіберіледі. Осы кезеңде кемінде 60 сағат ұшу қажет. Жалпы, оқу бағдарламасында әр курсант-ұшқыштың әуеде қалықтаған уақыты 100 сағаттан астам деп бекітілген.
Әлгінде айтқанымыздай, мұнда тек ұшқыштар даярланбайды. Биыл институт тарихында тұңғыш рет «Әскери медицина» мамандығы бойынша алғашқы түлектер дипломын қолына алмақ. 15 жігіт 5 жылға созылған оқуын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің интернатурасында жалғастырады.
— Біз Үкіметтің сұранысына қарай мамандарды даярлаймыз. Барлығы — әскери кадрлар. Биыл енді әскери дәрігерлер қосылады. Бірақ олар білімін міндетті түрде медицина университетінде жалғастыруы керек. Сосын бір жыл тәжірибеден өтіп, тағы да оқытылады.
Ендігі жоспарымыз — курсанттардың ұшу практикасын одан әрі дамыту үшін оқу-далалық әуеайлағының инфрақұрылымын жақсарту, — дейді Дәурен Қосанов.
P.S. Әскери тәртіп һәм құпияны әрдайым берік ұстанатын институт басшылығы әлемге аты мәшһүр ақтөбелік ұшқыштардың жолын жалғастыратын жастардың аз еместігін айтады. Бұл мақсатта мемлекеттің қамқорлығы да күшеймесе, кеміген жоқ. «Толқынды толқын қуатынын» уақыттың өзі, лайым, бейбіт аспан астында екшеп берер…
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



