Басты жаңалықтар

Байғанинде мал шаруашылығы өнімін көбейтуге мүмкіндік мол

Сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті жұмыс сапары Байғанин ауданында жалғасты. Жем-Сағызы жарыса аққан, мұнайлы өлкеге жасаған сапары барысында облыс әкімі шаруа қожалықтары басшыларымен кездесіп, аудан орталығындағы бірнеше әлеуметтік маңызы бар орындардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Ауданда қазіргі уақытта мал шаруашылығын дамытуға, осы ауқымда кәсіпкерлікті өрістетуге баса назар аударылып отыр. Алдымен аудан әкімі Қайрат Отаров ауданда атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырып, алдағы міндеттер жөнінде баяндап берді. Бүгінде Байғанин ауданында 347 шаруа қожалығы бар. Мал шаруашылығы қарқынды жолға қойылған.  2020 жылдың 5 айында ауылшаруашылық өсімі 107,6% құрап, өндірілген өнім көлемі 4,9 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бері көлемі 25 миллион теңге  инвестиция тартылған.

Облыс басшысы мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдалану, оны жұртшылық арасында кеңінен таныстыру мәселесіне көңіл бөлді. Сонымен бірге, өңірде әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы, басқа да өзекті мәселелер кеңінен қозғалды. Бұл ретте білім беру саласындағы құрылыстар, жол жөндеу, тұрғындардың спортпен шұғылдануы, денсаулықты нығайту жайы әңгіме арқауына айналды.

«Ая» бие сүтін өңдейтін цех салады,

«Мұңалға» жұмысшы керек

Облыс әкімі алдымен Сартоғай ауылдық округіндегі «АЯ» шаруа қожалығына барды. Өткен жылдың мамыр айында іске қосылған шаруашылық жылқы өсіруді қолға алған. Шаруашылықты басқарып отырған Естай Сисенбаев қазіргі таңда иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу бағытында жұмыс істеп жатыр. Жұмысын бастаған аумаққа электр желісі тартылса, 30 тоннаға жуық бие сүтін өңдейтін цехтың құрылысын бастамақ.

—  Байғанин ауданы мал өсірем деушілерге өте қолайлы өңір. Өзім осы жердің перзентімін. Негізгі бағытымыз — жылқы шаруашылығы. Мал сою бекеттерін салып, қымызды таблетка, капсула ретінде шығарып экспорттағымыз келіп отыр. Сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу бағытында да нақты жұмыстарды қолға алдық. Ауданнан арнайы санаторий салып жатырмыз. Бүгінде Байғанинде 500-ге жуық адам ДЦП ауруымен ауырады екен. Ал оның емі — атқа міну. Сонымен қатар туризм саласын да дамытуды басты мақсат етіп отырмыз. Аудан аумағында Ақбота-Сәңкібай шоқысы, Дөңгелек сор, Күлдірдің тақыры, Аққұм секілді секілді киелі жерлер баршылық. Сондай-ақ құмға, тұзға түсіп келем деушілер болса, ауданда ондай да байлықтар бар, — деген кәсіпкер қаладан бір мезгіл тынығып келем деушілерге арнайы демалыс алаңын салып, квадрациклдер әкелуді жоспарлап отыр. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, 3 жылға жоспарланған жоба 2022 жылға дейін толық аяқталады.

Шаруашылық жоспарымен толық танысқан облыс әкімі кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, аудан әкіміне барынша қолдау көрсетіп, бастаған істі толық аяқтап, нәтижесін көретіндей етуді тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі асылтұқымды қой өсіріп отырған «Мұңал» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2004 жылы өз ісін бастаған «Мұңал» төрт түлік малды тең өсіріп отыр. Жылына 600-700 бас асылтұқымды қошқар сатады. Өнімдерін Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау облысына шығарады.  2018 жылы ет өнімдерін көрші Ресей Федерациясына да тасымалдаған. Бүгінде 6 пункті бар шаруа қожалығы 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен шаруашылық басшысы Елеусін Сауытов әлі де жұмысшы керектігін айтады. Механизатор, жүргізуші, малшыларға ай сайын 100 мың теңге көлемінде айлық төлеп, үй-жайын қамтамасыз етеміз дейді.

Кәсіпкер алдағы уақытта аудан орталығынан ет өндіретін цех салғысы келеді. Ол үшін аудан әкімінен жер сұрап қойған. Аналық сиырлары тұрған жерге электр желісі тартылса, арнайы аппараттар арқылы сиыр сауып, сүт өнімдерін шығаруды да мақсат етіп отыр.

Шаруашылықтың жұмысы мен жоспарларын айтқан шаруа қожалығының иесі облыс әкімінің алдында шешімі табылмай жүрген мәселесін де жеткізді. Биылдың өзінде 3500 қой қырыққанын айтқан кәсіпкер жүн мәселесін шеше алмай жүргенін айтты.

Шаруа қожалығы иесінің көтеріп отырған мәселесі орынды екенін айтқан Оңдасын Оразалин аудан әкіміне өзінің орынбасары Аманғали Бердалинмен хабарласуды тапсырды. Ол бұл бағытта жұмыстар қолға алынғанын, бүгінгі таңда аталған шикізатты Татарстан Республикасының алып кетіп жатқанын айтты.

Оңдасын Оразалин сондай-ақ мыңға жуық жылқы өргізіп отырған «Эльбрус» шаруа қожалығының да жұмыстарымен танысты. Алғашында сатып алған 50 жылқысын бүгінде 800-ден асырған шаруа қожалығының да алға қойған жоспарлары көңіл қуантады. Кәсіпкер алдағы уақытта жылқыдан бөлек, ірі қара малын да сатып алмақ. Жылқы  етін және қымыз өнімдерін өндіріп, аудан орталығынан ағарған сататын дүкен ашып, жергілікті тұрғындарды табиғи таза өніммен қамтамасыз етпек.

Қарауылкелдіге әлі он жылыжай салса да көптік етпейді

Бұл күні түстен кейін облыс әкіміне  аудан орталығы Қарауылкелді ауылында жасалып жатқан бірқатар жұмыстар реті таныстырылды. Өңір басшысы алдымен ауылда «Бизнестің жол картасы – 2020»,  «Еңбек» бағдарламалары аясында салынған М. Қасен мен П.Елжановтың жылыжай кешендерінің жұмысымен танысты. 2017 жылы кәсібін 200 шаршы метр алаңнан бастаған кәсіпкер Мұратбек Қасенов бүгінде аудан орталығын қияр-қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Қазір аумағы 600 шаршы метрді алып жатқан жылыжайда 1000 түп қияр, 500 түп қызанақ, 500 түп құлпынай мен 3000 түп гүл егілген. Өнімдері аудан тұрғындарынан ауыспайтын кәсіпкер тек аудан орталығының өзіне әлі осындай 10 жылыжай салса көптік  етпейтіндігін айтады.

— Біз алдымен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Карантин кезінде біздің Ақтөбе өзінің  ауыл шаруашылығы жағынан әлеуеті жоғары облыс екенін көрсетті. Сол тұста көрші өңірлерден  ет,  сүт өнімдерімен қатар, көкөніс өнімдеріне сұраныс көп болды. Әр аудан өзін-өзі осылай қамтамасыз етуі керек. Бұл, әрине, кәсіпкерлерге үлкен табыс. Сондай-ақ қарапайым халыққа да жұмыс орындары ашылады, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин «Байдәулет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің  сүт өңдеу цехының жұмысымен танысты. 5 адамды жұмыспен қамтып отырған цех тәулігіне 500 литр сүт өңдейді. Сүтті ауылдағы шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардан қабылдайды. Қаймақ, айран, сүзбе, ірімшік, құрт секілді сүт өнімдерін өндіреді. Сондай-ақ дәл осы жерде облыс әкіміне аудан орталығындағы «Мерей и К» мал сою цехы мен «Әли» тұшпара цехының жұмысы да таныстырылды.  «Мерей и К» цехында күніне 7 басқа дейін мал сойылады. Еттің сапасын тексеретін лабораториясы бар. Ал 2016 жылы іске қосылған «Әли» тұшпара цехы аптасына 1200-1300 ірі қара етін өңдеп сатады.

Сондай-ақ облыс әкімі «САҚ Групп» ЖШС салып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Келісімшарт құны 299,5 миллион теңге болатын ғимаратты қазан айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Аумағы 2 136,88 шаршы метр болатын кешенде жаттығу залдарымен қатар бассейн, футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаңы болады. Облыс әкімі мердігер мекемеге басты мәселенің сапада екенін айтып, қыркүйек айына дейін кешеннің жұмысын толық аяқтауды тапсырды. Өңір басшысы Ақтөбе-Атырау тасжолынан Барақ батыр көшесіне дейінгі автомобиль жолын күрделі жөндеу және Барақ батыр көшесінен Ақтөбе-Атырау тасжолына дейінгі автомобиль жолының құрылысымен танысты.

Облыс әкімі ауданға сапары барысында №3 Қарауылкелді орта мектебі мен аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінде өтіп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын да өз көзімен көрді. Жалпы аудан бойынша төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйек айына дейін толық аяқталады.

Облыс басшысы  аудан әкімі Қайрат Отаровқа халыққа есеп беру кездесуінде берілген тапсырмалардың орындалуын пысықтады. Және ауылшаруашылық саласын дамытуға ынталы кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ ауыл көшелерін жарықтандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button