Басты жаңалықтар

Әлеуметтік желідегі парақшаңыздың пайдасы бар ма? 

Ғаламтор ғасыры ақпарат әлеміне де төңкеріс әкелді. Алақанымызға сыятын ұялы телефон арқылы дүниенің төрт түкпіріндегі жаңалықтарды дәл сол сәтінде көре алатын мүмкіндікке ие болдық. Бүгінде ақпарат таратушы оқырман, көрермен үшін ашық соғысқа шыққан сыңайлы. Себебі оқырманның назарын өзіне аудару үшін әлеуметтік желілерде сан түрлі айла-әдіспен өзін жарнамалауды кәсіп қылып алғандар көп.  Бүгінде әлеуметтік желіде бәрі бар — пайдалысы да, пайдасызы да. Оны сарапқа салып, дұрысын таңдай алатын да, таңдай алмайтын да оқырман бар. Әсіресе жас буын. Күні-түні қолынан ұялы телефоны түспейтін жастар, тіпті оқушылар осындай белсенді әлеуметтік желі жүргізушілерінің — блогерлер мен вайнерлердің — тұрақты оқырманына айналған. Желідегі кейбір құнсыз шимайды шайнамай жұта салатынымыз біздің рухани… жоқ, ақпараттық танымымызға қалайша әсер етеді? Ол басқа мәселе…

Вайнерлер, блогерлер қазір қоғамда өте танымал. Бұл тек біздің елде ғана емес, шетелде де солай. Инстаграмда 179 миллион оқырманы бар белгілі америкалық тележүргізуші Кайли Дженнердің инстаграмдағы бір посты кемінде 1 миллион тұратын көрінеді!  178 миллион оқырманы бар әнші Селена Гомездің бір посты 800 мың доллар деседі. Мұндай ақпараттар ашық ақпарат көздерінде көп. Біздің қазақстандық блогерлердің де арасында да бір посты миллион теңгеден асатын танымалдар бар екен. 5,2 млн оқырманы бар актер Серғазы Тоқтарбек,  3,1 млн оқырманы бар You Frame парақшасының авторлары, 2,6 миллион оқырманы бар Жеңіс Омаров, басқа да оқырманы көп блогерлерді, вайнерлерді әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатындар жақсы білетін шығар.

Ақтөбеде де парақшаларына облыс халқының жартысынан астамы тіркелген, яғни олар жариялаған ақпаратты облыстағы тұрғындардың әрбір екіншісі оқитын блогерлер мен вайнерлер немесе желі жүргізушілері бар. Мәселен, инстаграмдағы aktobe_zello парақшасының 600 мың оқырманы бар екен. 300, 200 мың, бірнеше мыңдаған оқырманы бар парақшалар да баршылық. Олардың дені жай ғана ақпарат таратумен шектелсе, кейбірі нақты іспен айналысады. Жақында Ақтөбе облысы ҮЕҰ қолдау азаматтық орталығында «ҮЕҰ адамдар үшін» диалог алаңдары циклы» шарасы аясында әлеуметтік бағыттағы үкіметтік емес ұйымдардың, қайырымдылық ұйымдары мен еріктілер қозғалыстарының кездесуі өткізілгенде оған дәл осындай бағыттағы блогерлер мен вайнерлер шақырылған болатын. Нақтырақ айтсақ, кездесуге  Zello_help және zello_poisk қозғалысының негізін қалаушы Екатерина Голотина, жүргізушілерге көмек көрсететін Autohelp қозғалысының негізін қалаушы және zello_aktobe инстаграм парақшасының әкімшісі Асхат Такауев, белгілі блогер, вайнер ya_domoxozyaika.kz парақшасының жүргізушісі Динара Уразаева және қараусыз жануарларға көмек көрсететін еріктілер қозғалысының негізін қалаушы (help.animals.aktobe) Рабиға Сисенғалиевалар келді. Кездесу барысында аталған ұйым басшылары өздерінің еріктілер қозғалысының тарихы мен қазіргі қызметі туралы айтты.

— Бізде түрлі бағыттағы бірнеше топ жұмыс істейді. Бұл қала тұрғындарына көмектесу мақсатында құрылған болатын. Яғни іздестіру тобы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматтарды, балаларды табуға көмектеседі. Бізге адамның жоғалуы туралы хабар күндіз түсе ме, түнде түсе ме — маңызды емес, қай уақытта болса да жолға шығамыз, қаланың іші-сыртын түгел қарап, жоғалған адамды табуға тырысамыз. Сонымен бірге «Антиковид» аталатын командамыз бар. Әлемде таралған індет біздің елімізде, облысымызда талай адамның жұмыссыз, табыссыз қалуына әкеліп соқтырғаны белгілі. «Антиковид» командасы осындай сәтте қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау мақсатында құрылған-ды. Тек қала тұрғындарына ғана емес, облыс тұрғындарына барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Өткен демалыста ғана Хромтау ауданына барып келдік. Алдағы демалыстарда Қарғалы ауданына жол жүргелі отырмыз.

Жақында Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болған ауылдарды су басу жағдайында да талай адам баспанасыз қалды. Түркістан облысында болған бұл оқиғаға қатысты да біздің команда азық-түлік, киім-кешек жіберіп, гуманитарлық көмек көрсетті. Біз Түркістан облысының еріктілерімен тығыз байланыста болдық.

Не қажет екенін сұрастырып, соған мән бердік. Біздің команда сондай-ақ онкологиялық аурулармен ауыратын адамдарға да көмек көрсетеді, — дейді  Zello_help және zello_poisk еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Екатерина Голотина.

Айта кету керек, «Антиковид» тобы төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетті. Облыстағы бірнеше еріктілер қозғалысының басын қосқан бұл топ тұрғындарға әлеуметтік, психологиялық қолдауларын аяған жоқ. Ақтөбеге келіп, карантин кезінде облыста қалып қойған мигранттарға да құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетілді.  Екатерина Голотинаның айтуынша, аталған еріктілер қозғалысы төтенше жағдай кезінде 1900-ден астам отбасына азық-түлік пакеттерін апарып берсе, 1000-нан астам отбасына киім-кешек үлестірген. Жұмыстарынан айырылған азаматтарға жұмыс тауып беруге қолдау көрсеткен.

Көлігіңіз жарты жолда бұзылып қалып, не істерге білмесеңіз, zello_aktobe инстаграм парақшасында көрсетілген байланыс нөмірлері бойынша көмек шақыра аласыз. Тегін. Қол көмегі үшін сізден ешкім бір тиын да талап етпейді.

— Бастапқыда жолда қалып қойған жүргізушілерге жалғыз өзім көмектесіп жүрдім. Жұмыстан кейін қолым босайды ғой, неге көмекке мұқтаж көлік жүргізушілеріне қол ұшын бермеске деп ойладым. Жолда түрлі жағдай болады ғой, біреуінің көлігінің доңғалағы жарылып қалады, ал оның доңғалақ ауыстыратын құрал-жабдықтары болмайды, рульде әйел адамдар болса, тіпті не істерге білмей қалуы мүмкін. Кейбірінің көлігінің есігі кілттеніп қалса, біреуінің көлігі батпаққа батып, шыға алмай жатады. Ал қысқы боранда жолда қалу — тіпті жиі кездесетін жайт. Астыңдағы көлігің бұзылып, жолда қалғанның азабын жүргізушілер жақсы түсінеді. Бастапқыда өзім көмектесіп жүргенмен, кейін қасыма ілесетін қайырымды адамдар табылды. Бірте-бірте тобымызға көлік сүйрейтін, таситын үлкен көліктері бар жігіттер де қосылды. Талай рет қысқы боранда жолда қалғандарды да, үсті-басымыз балшық-балшық болып, батпаққа батқандарды да сүйреп шығардық. Мен үшін біреуге көмектескенім — бүгінгі күнімнің босқа өтпегені маңызды, — дейді Autohelp еріктілер қозғалысының негізін қалаушы және zello_aktobe инстаграмм парақшасының әкімшісі Асхат Такауев.

Вайнер, ya_domoxozyaika.kz парақшасының жүргізушісі Динара Уразаеваның  отбасылық тақырыптағы қысқа-қысқа видеоларындағы астарлы әзілді оқырманы жоғары бағалайды. Ене мен келін, ерлі-зайыптылар, әке-шеше мен бала, абысындар мен келіндер, келін мен оның  түскен жұрты, достар арасындағы қарым-қатынасты көрсететін шағын видеолар — вайндар езуіңізге күлкі үйіре отырып, ойландырады.

— Әрбір вайн оқырманыма ой салуы тиіс. Менің мақсатым — осы. Қыз-келіншектер арасында ешкімге айта алмайтын құпиялар болады. Кейбіреуі енесімен арадағы, кейбіреуі жолдасымен, түскен жұртымен арадағы қарым-қатынасы туралы айтуға ұялады. Әрине, бұл дұрыс та шығар, үйдегі мәселені сыртқа шығармау біздің менталитетке тән. Дегенмен кейде отбасындағы шиеленістің салдарынан ажырасу болып жатады, балалар ата-анасының айтқанын тыңдамай жатады. Біздің видеолар сондай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған. Бірде маған бір әйел адам жазды: «Сіздің видеоларыңыздан өзімді көргендей болдым, мен келініме қатаң екенмін», — деді. Яғни біз түсірген видео арқылы ене өзінің келініне деген қарым-қатынасын түзеткен, тым қатал болғандығын түсінген. Мұндай жайттар көп. Әрбір видео түсірілгенде арнайы сценарий жазылады. Көп жағдайда оқиғаларды парақшамның жазылушылары ұсынады, — дейді ол.

Айтпақшы, Динара Уразаева болашақта киноға да түсуі мүмкін. Жақында оған актер, режиссер Нұртас Адамбай хабарласып, бірге жұмыс істеуге шақырыпты.

—  «Осы бағытыңыздан таймаңыз, сіздің образыңызды ашатын фильм қажет», — деп ұсынысын айтты. Егер қызықты сценарий болса, киноға түсуден бас тартпаймын, — дейді ол. Әлеуметтік желі арқылы танылудың бір пайдасы, міне, осы.

Қараусыз жануарларға көмек көрсететін қозғалыстың негізін қалаушы, help.animals.aktobe парақшасының әкімшісі Рабиға Сисенғалиева бұл істі 10 жыл бұрын бастағанын айтады. Бастыпқыда жалғыз өзі жекелеген мұқтаж отбасыларға көмектескен.

— Кейін қаламыздағы бірнеше еріктілер тобымен бірге бұлақтарды тазалауға, жағаға шығып қалған балықтарды құтқаруға бардым. Одан соң көшеде қараусыз жүрген мысықтар мен иттерге көмектесе бастадым. Былтыр желтоқсан айында қараусыз жануарларға көмектесетін арнайы топ құрып, әлеуметтік желілерден парақша аштым. Жануарларға көмектескісі келетін адамдар көп екен Ақтөбеде.  Help.animals.aktobe парақшасының жазылушылары да көмектеседі. Қараусыз жүрген жануарлар арасында ауру ит-мысықтар көп болады. Оларды жуындырып, ветеринар дәрігерлерге алып барамыз, қажет болса, операция жасап, екпесін де салдыртамыз. Осы мақсатта бізге еріктілер, парақша оқырмандары көмектеседі. Әр жануарға қажетті қаражат жинаймыз. Кейін жануарлар толық емделгесін оларды асырайтын адамдар іздейміз. Қазір біздің еріктілердің үйлерінде кемінде 10-15-тен ит-мысығы бар. Сол үшін қалада қараусыз жануарлар тұратын арнайы  орындар ашылса, жақсы болар еді. Осы мақсатта үкіметтік ұйым құрып, әкімдікпен, ветеринарлық қызметпен бірлесе жұмыс істеп, өз жоспарымызды айтқымыз, жүзеге асырғымыз келеді, — дейді ол.

Сондай-ақ Рабиға Сисенғалиева болашақта оқушылардан тұратын еріктілер тобын құру ниеті барын айтады. Оның айтуынша, интернетке телмірген балаларды табиғатпен жақындату үшін олардың жануарларға деген көзқарасын қалыптастыру маңызды:

— Үй жануарларын бағып, оларға қамқор болып өскен баланың физикалық және интеллектуалдық тұрғыда тез дамитыны психологияда дәлелденген. Қазір балалар арасында ит-мысықты құйрығынан тартып, аямай ұратындары да бар. Бұл баланы қатыгез болуға алып келеді. Сондықтан балаларға жануарлар әлемі туралы сабақтар өткізгім келеді. Басқа да жоспарларымыз көп, — дейді ол.

P.S. Әлеуметтік желілерде парақша ашу, оны нақты бір бағытта жүргізе отырып, қоғамның, адамның тіпті жануарлардың игілігі үшін жұмыс істете білу — құр ішкен-жегеніңді, киім-кешегіңді әлеуметтік желіге сала беруден әлдеқайда маңызды. Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңыздың пайдасы бар ма?..

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button