Жаңалықтар

Карантин режимі алынғанмен, шектеу шаралары жалғасады

Коронавирус инфекциясы  Ақтөбе өңірінде 22 наурызда тіркелді. Сол күннен бастап 31 мамырға дейін облыста 343 науқас тіркеуге алынды. Оның 65 пайызы, яғни 228 адам стационарлық ем қабылдап, үйлеріне шығарылды. Індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар саны — 182 адам, яғни 52 пайыз. Сырттан жұқтырғандар саны — 63 адам. Бұл — 18 пайыз. Профилактикалық тесттен өткен адамдардың арасында 62 жағдай тіркелді. Бұл — 17 пайыз. Сондай-ақ денесіндегі клиникалық себептерге байланысты өз бетінше медициналық мекемелерге жүгінген жерлестеріміз де болған. Солардың 41-інен коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл көрсеткіш — 11 пайыз. Мұндай мәліметті дүйсенбі күні облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жергілікті телеарнаның хабарында мәлімдеді.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, аймақта коронавирус инфекциясымен ауырған 343 науқаспен қарым-қатынаста болған 7959 адам тексерілген. Оның ішінде ең жақын қарым-қатынаста болғандары — 1448 адам. Бұлардың барлығы медициналық бақылауда болыпты.

Біз күн сайын аурушаңдық көрсеткішіне талдау жүргізіп отырмыз. Өткен аптаның 7 күнінде аурушаңдық көрсеткіші 7 пайыздан жоғары болған жоқ. Сол себепті 31 мамырда менің қаулыммен бұған дейін жұмысын уақытша тоқтатқан нысандардың көпшілігі 1 маусымнан бастап ашылды. Қандай нысандардың ашылғаны қаулыда көрсетілген. Айта кететін басты мәселе — карантин режимі алынғанмен, облыста шектеу шаралары әлі сақталуда. Сондықтан жергілікті тұрғындар шектеу шаралары жүргізіліп жатқандықтан, барлық профилактикалық талаптарды орындауы қажет. Ең бастысы, көпшілік орындарға барған кезде бетперде тағуды ұмытпаған абзал, — деді Н.Беркімбаева.

Ол өз сөзінде  қоғамдық көліктерде санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымның түсетінін айтты. Себебі жүргізуші де, кондуктор да жолаушылардан бетперде тағуды талап етпейді әрі автобусқа адамды лық толтырады.

Осындай кемшіліктер айтылғаннан соң біз қоғамдық көлік қозғалысына жауапты қаладағы екі мекеме — «Автопарк» және «ПАТП» серіктестіктерінің басшыларына ескерту жасадық. Тасымалдаушы мекемелер алгоритм бойынша жұмыс жасауы керек. Егер мұндай талаптар сақталмаса, аймақта аурушаңдық көрсеткіші 7 пайыздан жоғарыласа, қоғамдық көлік иелеріне әкімшілік шара қолданумен қатар, оны тоқтату мәселесі де қарастырылуы мүмкін, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Күн ыстықта вирус азаяды немесе жоғалады. Бұл шындыққа жанаса ма? Тікелей эфир кезінде көрермендер тарапынан қойылған сауалдардың бірі осындай болды.

  • Халық арасындағы мұндай түсінікті дұрыс деп те, бұрыс деп те айтуға болмайды. Вирус өте тез тарайды. Сонымен қатар вирустың бұл түрі ыстыққа да, салқынға да көнгіш. «Ауа райы 40 градусқа дейін ысыды, енді коронавирус болмайды» деген ойдан арылу керек. Өздеріңізге белгілі, вирустың бұл түрі Бразилия, Үндістан сияқты қысы-жазы ыстық болатын елдерде де тіркеліп жатыр. Сондықтан сақтық шараларына ерекше мән беру керек. Мұндай жағдайда қатаң тәртіпке көніп, шыдамдылық танытқанымыз жөн, — деді облыстың бас санитар дәрігері.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста көптеген нысандардың жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгенмен, қоғамдық тамақтану орындарында 50 адамға дейін қызмет етіледі.

Алайда қоғамдық тамақтану орындарында ұжымдық іс-шаралар, той-думан, садақа өткізуге уақытша тыйым салынған. Маған мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарынан, жоғары оқу орындарын аяқтап жатқан студенттерден осы мәселеге қатысты сауалдар түсті. Облыста шектеу шаралары әлі де сақталғаннан кейін мұндай мерекелерді өткізуге әзірше болмайды, — деді Н.Беркімбаеа.

Хабар кезінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев карантин уақытында аймақта құқық қорғаушылар 78 күн бойы блок-бекеттерде жұмыс атқарғанын айтты:

  • Облыстағы 28 блок-бекеттің 7-еуі Ақтөбе қаласы аймағында орналасты. Бұл орындарда департаменттің 400-ге жуық қызметкері жұмыс жасады. Жалпы төтенше жағдай кезінде облыс аумағында 1500-ден астам хаттама толтырылды. Бұл — төтенше жағдай режимін бұзғандар үшін толтырылған хаттама. Бұл мәселеге байланысты шара қолданылды. Соның ішінде 25 блок-бекеттен айналып өтпек болған азаматтарға қатысты да хаттама толтырылып, жаза тағайындалды. Кешегі қаулыға сәйкес, 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні, сағат 00.00-ден бастап блок-бекеттердің жұмысы тоқтатылды. Осындай орындарда қызмет еткен қызметкерлерімізге министрлік, департамент басшылығы атынан алғыс айтылып, марапатталды. Блок-бекеттердің маңына қойылған құралдарды, блоктарды алу жұмыстары да жүргізілді. Қазір мамандар күнделікті жұмыстарына көшті. Дегенмен шектеу шараларына департамент тарапынан да атсалысып, әлі де бірігіп жұмыс жасауды жалғастыратын боламыз. Себебі қауіп сейілген жоқ, — деді ол.

Хабар барысында қала маңындағы Өрлеу ауылына апарар бағыттағы жолдың жайы мен қоғамдық көлік мәселесі көтерілді.Жол бойына жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынғаны турасында белгі де қойылыпты. Дегенмен құрылыс науқаны қызған қазіргі шақта жүк тиеген көліктер бұл жолмен жиі жүреді. Сондай-ақ ауыл мен қала арасына тозығы жеткен қоғамдық көліктердің қатынайтыны да ауылдықтар көтерген өзекті мәселелердің бірі.Жергілікті тұрғындар жолды сақтау үшін шарасыз күйде тікелей эфирге шығуға мәжбүр болыпты.

Өрлеу ауылы бағытына жаңа жолдың салынғанын білеміз. Ол жолмен жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған ба, егер тыйым салынса, қандай салмақтағы көліктердің жүруіне рұқсат етілген, бұл мәселемен көліктік бақылау инспекциясы айналысады. Мен бұл шаруаны өз бақылауыма алатын боламын. Қоғамдық көліктерге байланысты айтылған сын-ескертпені тиісті органдар мен қалалық әкімдікке өзім жеткіземін, — деді Қанат Әлиев.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button