Жаңалықтар

Жақсы істердің жалғасы         

Аудан

Бүгінгі күні Ырғыз ауданында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ауданда негізгі азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Ал шектеу шараларының жеңілдетілуіне орай қазір ауданда бірқатар нысандар өз жұмысын бастады.

Қайырымдылық пен қолдау

Төтенше жағдай кезінде ауданда мұқтаж, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіліп, кәсіпкерлер тарапынан бірқатар қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.

Атап айтсақ, аудан тұрғындарының ішінде 14 санат бойынша 2002 адамға 24 567 824 теңгеге әлеуметтік көмек берілсе, Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында 287 отбасына 2 716 000 теңге көлеміндегі азық-түлік пакеті, гигиеналық құралдар, бетперде және қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар қайырымдылық көмекпен 1070 дана бетперде таратылды.

Жуырда жергілікті кәсіпкерлер, атап айтсақ, нұралық кәсіпкер Қайрат Әбдірахманов пен  Тәуіп ауылындағы «Қазыбек» шаруа қожалығының басшысы Болат Қазыбеков шаруаның көзін орайластырып, Нұра мен Құйылыс ауылдарына тасымал газдың жылжымалы құрылғысын орнатты. Бұл бастамаға қос ауылдың әкімдері Жолаушыбай Төлебай мен Камал Тілеужанов қолдау білдірді. Аудан орталығына 90 шақырым жерден қатынап немесе қатынаушылардан газ баллондарын беріп, әбігерге түсетін ауыл тұрғындары осылайша бейнеттен құтылды. Қолайлы бағамен сатылатын тасымал газды ауылдағы көлік иелері де жергілікті жерде тиімді пайдалануда. Қос ауылдың тұрғындары кәсіпкерлердің бұл бастамасына дән риза. Тұрғындардың айтуынша, қазіргі шектеу кезінде бұл халыққа үлкен қолдау болды.

Мақтааралға гуманитарлық көмек берді

Ал өткен аптада аудандағы белсенді азаматтардың бастама көтеруімен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су астында қалған бірнеше ауылға гуманитарлық көмек ұйымдастырылды. Қиын жағдайда қалған мақтааралдықтарға қолдау көрсеткен аудан тұрғындары өзара қаржы жинап, қолдан келген көмектерін аямады. Нәтижесінде аудандық музей директоры Әлібек Таубатыров бастаған бір топ азамат Мақтаарал ауданына барып келді.

— Аудандағы белсенді азаматтар өзара бірлесіп, мақтааралдықтарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында бастама көтерген болатын. Соның арқасында азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, тұрмыстық бұйымдар жиналып, өткен аптада Мақтаарал ауданына жолға шықтық. Екі тәуліктей жол жүріп, су астында қалған елді мекендерге барып, аудан тұрғындарының сәлемдемесін үлестірдік. Мақтаарал ауданындағы Мәдениет үйінде қойма жасақталып, көмек берушілерге жан-жақты жағдай жасалыпты. Сол жерде аудан тұрғындарының аманатын жеткізіп, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау таныттық. Біз елге қайтар жолда мақтааралдық шаруалар өз ризашылығын білдіріп, өздері өсірген 2,5 тонна қырыққабат өнімін салып жіберді. Ауылға келген соң аудандық мешіт алдына жиналған тұрғындарға мақтааралдықтардың өнімін үлестіріп, игілікті іске атсалысқан азаматтарға аудан басшылығы ризашылығын білдірді, — дейді Ә.Таубатыров.

Бақша да екті, мал да өсіріп отыр

Бүгінгі күні өңірдегі шектеу шараларына қарамастан, аудандағы шаруалар бау-бақша егу жұмыстарына белсене кірісуде. Биылғы жылы аудан бойынша 388 гектар жерге бау-бақша егу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін ауданда 184,8 гектарға картоп, 101,2 гектарға көкөніс өнімдері, 102 гектар жерге бақша дақылдары егілген.

Нұра ауылдық округіне қарасты «Атамекен» шаруа қожалығы он жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысады. Қожалық басшысы Арон Қоқымбаев биыл 1,5 гектар жерге қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша, т.б. көкөніс өнімдерін егіпті.

—  Биыл бақша дақылдарын 20 мамырдан бастап ектік. Енді жылдағыдай дақылдарды ауыл маңындағы Телғара өзенінен арық арқылы суарамыз. Болашақта тамшылатып суару әдісін қолға алмақпын. Ауданнан жылыжай ашу да жоспарда бар. Тәжірибе болғанмен, кейде қаржылай жағдайға байланысты барлық жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бола бермейді. Жыл сайын біз еккен өнімімізді күзде аудан орталығына апарып сатамыз. Бір айта кетерлігі, аудан орталығында біз сияқты шаруаларға өз өнімін сатуға жағдай жасалмаған. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімшілігі күз айларында бізге өнімімізді сататын арнайы орын берсе деген тілегіміз бар. Бұл тұрғындарға да тиімді болар еді. Жергілікті жерде өсірілген өнімді аудан тұрғындары қолайлы бағаға сатып алса жақсы емес пе? — дейді ол.

Арон Қоқымбаев бүгінде бау-бақша өсірумен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Оның ауылдан 10 шақырым қашықтықта орналасқан базы мен қыстауы бар. Қазір шаруа 100-ге жуық ірі қара өсіріп отыр.

Өткен жылы қожалық басшысы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мемлекеттен 8 млн теңге несие алып, 40 бас сиыр сатып алыпты. Ет және сүт бағытында ірі қара өсіруді қолға алған шаруа болашақта аудан орталығынан ет дүкенін ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол сүт өнімдерін өндірумен де айналыспақ.

— Әзірге қыстау мен базда жарық жоқ. Жуырда аудан басшылығы қолдау көрсетіп, мал суаратын құдық басына күн сәулесімен жарықтандырылатын құрылғы қондырып берді. Қазіргі таңда шаруашылыққа сауыншы, малшы керек. Өкінішке қарай, ауылда жастар малшы, сауыншы болып жұмыс істегісі келмейді, — дейді А.Қоқымбаев.

Бүгінде Нұра ауылдық округінде бау-бақша өсірумен айналысатындар аз емес. Мал өсірумен қатар дәстүрлі емес шаруашылықты қолға алғандар да бар.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Нұрекешовтің айтуынша, қазіргі таңда жалпы ауданда 259 шаруашылық бар. Оның ішінде 16-сы — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10-ы — өндірістік кооператив, 223-і — шаруа қожалығы, 10-ы — ауыл шаруашылығы кооперативі.

Біздің ауданымызда негізінен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінде ауданда 44104 мүйізді ірі қара, 179559 қой-ешкі, 9850 жылқы, 1559 түйе, 10507 құс бар. Биыл аудан бойынша 2581,2 тонна ет, 2401,8 тонна сүт өнімі, 356,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ  жыл басынан бері бірінші деңгейдегі бордақылау алаңына, атап айтсақ, Хромтау ауданындағы «Жантізер» шаруа қожалығына 166 бас бұқашық тапсырылды. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы аясында Қызылжар ауылдық округіне қарасты «Күмісбек» шаруа қожалығы «Ырғыз КС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 53 миллион теңге несие алып, 85 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара малын алу үшін жұмыстар жүргізіп жатыр. Ал Тәуіп ауылдық округіне қарасты «Мадияр» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 150 бас асылтұқымды ірі қара алуға құжат дайындады. Бүгінгі күнге дейін аталған қожалыққа 49 бас ірі қара әкелінді, қалған 101 бас асылтұқымды ірі қараны алдыру үшін жұмыстар жасалып жатыр, — дейді бөлім басшысы.

Айта кету керек, биыл ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 8 300,0 мың теңгеге 5 тіркеме, 2 765,0 мың теңгеге 2 «КУН» жүк көтергіш техникасы, 2 965,0 мың теңгеге 2 шөп шабатын техника, 1 2990,0 мың теңгеге 4 шөп буатын пресс және 2 3160,0 мың теңгеге 3 трактор сатып алынған.

Жаңа жұмыс орындары ашылды

Қазіргі таңда ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 70 жаңа жұмыс орны ашылып, аудандық жұмыспен қамту орталығының қолдауымен 35 адам жұмыспен қамтылған. Олар аудандағы жол жөндеу жұмыстарына жұмылдырылуда. Айта кету керек, биыл аудан орталығында М.Қарабаев, Т.Жаманмұрынов, Т.Жүргенов, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», т.б. көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым — «ТенгриСтройИнвест» ЖШС.

Сондай-ақ биылғы жылы ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 8 жобаны жүзеге асыру аясында 111 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

 Р.S. Ырғыз — жол мәселесі шешімін тапқан, орталығына газ келіп, елді мекендерінің дені ауызсумен қамтылған аудан. Биыл аудандағы бірқатар ауылдарға интернет желілері жүргізілуде. Елді мекендердегі тұрғындардың ендігі тілегі — әрбір шаңыраққа көгілдір отынның келуі.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button