Мәселе

«Тәжіғалиев қайта келсе, бүкіл саяжай тұрғындары оның жолына қарсы тұрады!»

Өңір табиғатына бейжай қарамайтын жергілікті табиғат қорғаушылары облыстық әкімдікте өткен қоғамдық тыңдауға осындай талаппен келді. 2018 жылдан басталған 8 өзеннің арнасын кеңейту мен түбін тереңдету жобасының кесірінен Бұтақ, Песчанка, Сазды өзендері тартылып, Електің суы едәуір азайып кетті. Қазір осы өзен арналары шалшық-шалшық болып бөлініп, көл ортасында жабайы қамыс қаптады. Ағаштар оталғасын өзен жағасында мекендейтін аң, жәндіктер жоғалды. Мұнымен бірге  ақтөбелік саяжай иелері  су қоймаларындағы су көлемінің  аздығынан былтырғыдай су тапшылығын көреміз деп қатты алаңдайды. Өйткені қазірдің өзінде саяжайларға су жетпей жатыр. Ақтөбе қаласының Ақжар, Заречный елді мекендері де ауызсу тапшылығын көре бастады.

2018 жылы Ақтөбе облысының өзен арналарын кеңейту мен түбін тереңдетуге республикалық бюджеттен бөлінген 6 миллиард теңгені ұтып алған бас оператор — алматылық «Антарес Пантилум» ЖШС. Бұл компания биыл да осы жұмысты жалғастыруға  мүдделі. 8 өзеннің арнасын кеңейту мен түбін тереңдету жобасының авторы, серіктестіктің бас инженері  Еркін Тәжіғалиев Ақтөбеде  қазір сезініп отырған су тапшылығы мен осы  жобаның арасында еш байланыс жоқ деген пікірде.

«2017 жылғы сәуірдегі су тасқыны — табиғи апат. Мұндай апат әр кезеңде қайталанып келуі мүмкін. Бұл — бақылауға келмейтін табиғи құбылыс. Ақтөбе қаласының шетін су басқаннан кейін, өзен арналарын 3-4 шақырымға кеңейтіп, су ағынын күшейту ойластырылды. Өйткені қаланың оңтүстік айналма  жолындағы көпірдің суды өткізу сыйымдылығы секундына 200 текше метрге есептелген. Ал 2017 жылғы су тасқыны кезінде су осы көпірден секундына 700 текше метрге дейін көтерілді. Енді үш жыл бұрынғы жағдай қайталанса, ескі көпір мұндай жүктемені көтере алмайды», — дейді Еркін Тәжіғалиев. Былтыр «Антарес Пантилум» ЖШС-ның үстінен 3 қылмыстық іс қозғалып,  екі іс бойынша  осы мекемеге айыппұл төлеу міндеттелсе, бір қылмыстық іс әлі сотта қаралып жатыр.

Қоғамдық тыңдауға келген жергілікті табиғатты қорғаушылар бұл жобаға Еркін Тәжіғалиевтің компаниясы қатыспауын сұрап, олар табиғатқа келтірген залалды  түгел өтесін деген  талаппен келді. Егер биыл осы компания өзен жағасын тағы қазар болса, онда  Елек, Сазды өзендерінің бойындағы 300-ден астам бау-бақша кооперативтері  мүшелері қарсы көтерілеміз деп отыр. Өйткені қаланың шеткі бөліктерінің тұрғындары ауызсу тапшылығын сезе бастады, саяжайлардағы бау-бақша суаратын ұңғылардан су жоғалды. Жер бетінің суы жоғалғасын, жерасты суы да азайып барады. Қоғамдық тыңдауда  саяжай кооперативтері басшылары  Сазды су қоймасынан су қашан берілетінін, жаз бойы саяжай суаруға су жететіндігі туралы сұрақты  қала әкімі Асхат Шахаровқа қойды.

Инженер Александр Мандрыкин:

—Сазды өзені толық кеуіп кетті. Біз қазір сіздер Ақтөбе су қоймасынан Сазды су қоймасына арна қазамыз деп бүлдіріп кеткен жерді күрекпен, қолмен тазартып жатырмыз. Бұл — ойластырылмаған асығыс шешім, жергілікті жағдайды білмейтіндердің ісі.

Ақтөбе облысы өзендері бүкіл Қазақстанның су ресурстарының 2%-ын ғана құрайды. Сіздің өзен арнасын кеңейту жобаңыз  секундына 700 миллион текше метр су өткізетін арынды өзендерге  жоспарланған. Біздің жақта мұндай арынды  су жоқ. Жергілікті өзендер жағалаудағы бұлақтардан қоректенеді. Сіздер жағаға құм, құрылыс қоқыстарын үйіп, оның үстін бетондап, бұлақ көздерін бітеп тастап, өзен жағалауларындағы жерасты суларымен тамырласқан ағаштарды аяусыз отап тастадыңыздар. Бүгінде осы жағалаулар жалаңаштанып, қазір Песчанка, кіші Сазды, Бұлақ өзендері шалшықтан сорға айналды. Сіздер табиғи тепе-теңдікті бұздыңыздар, — деді.

«Дыши, Актобе!» қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарук:

—Сазды өзенінің Қарғалы ауданы жағынан келетін арнасы бір метрден жоғары тұнба қайырланып кетті. Ал Бұтақ өзенінің арнасын кеңейту кезінде сіздің адамдар экскаватор, 30-40 трактормен жағасына пластик құтыларға толы қоқыс төгіп, соның үстіне құм үйіп, жағалауын көтерді. Нәтижесінде жерасты  су көздерінен толығатын бұлақтар жоғалды. Қазір бұл жер  борланып кетті. Бұтақта су жоқ. Енді биыл тағы да осылай болатын болса, бүкіл қала қарсы тұрады. Біз  балалық шағымыздан жағасында суға шомылып, балық аулап өскен, әр тасын жақсы танитын,  өмірі тартылмаған өзенімізді бір жылдың ішінде құрттыңыздар, — деді.

Осылайша қоғамдық тыңдауда табиғат қорғаушылар Еркін Тәжіғалиев пен оның компаниясының жұмысты жалғастыруына мүлдем қарсы болып отыр. Олар компания бюджет қаржысын мемлекетке қайтарсын деген пікірден танған жоқ. Ал жергілікті билік «Су шаруашылығы комитеті мақұлдаған жобаны орта жолдан қалдыруға негіз жоқ. Оның үстіне, 4 миллиард мемлекет қаржысы бөлініп кетті» дейді.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button