Басты жаңалықтарЖастар

ҰБТ: сынақтан сүрінбей өткендер

Жас дәурен

Мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Биыл облыс бойынша 6604 түлек мектеп бітірсе, соның 5738-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Еліміз бойынша ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. 11 жылдық білімді санаулы минуттардың ішінде сарапқа салатын уақыт алдында, біз бұған дейін аталған сынақтан сүрінбей өтіп, жақсы нәтижеге қол жеткізген ақтөбелік жастар туралы мақала әзірлеуді жөн санадық.

Осыдан тура 7 жыл бұрын облыс басшылығы тестілеуде жоғары ұпай жинаған 3 түлекке — Ақтөбе қаласындағы №24 мектеп-гимназиясының түлегі Аслан Сайлауовқа, облыстық физика-математика мектеп-интернатының түлегі Аманбек Бекбауовқа және қазақ-түрік лицейінің түлегі Ұлан Кенжеғұловқа автокөлік кілттерін тарту еткен болатын. Сол тұста талай мектеп оқушысына үлгі болып, ұстаздары артқан сенімді ақтауға уәде берген жастар қайда жүр?

Кезекті оқу жылының соңында біз сол кездегі ең жоғары ұпайдың иелерін іздеп көрген едік. Сонымен…

«Куәліктен бұрын көлікке ие болдым»

2013 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында облыс бойынша ең жоғары 124 балды Аслан Сайлауов жинаған болатын. Ақтөбедегі №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының түлегі бүгінде облыстық ішкі саясат басқармасында бас маман болып қызмет атқарады.

Жүргізушілік куәлігінен бұрын көлікке ие болған Аслан сол кезді бізбен бірге еске алды.

—  Барлық қатарластарым секілді сол кездегі басты мақсатым — ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, университетке ақысыз түрде түсу болды. Сол мақсатыма жеттім, тіпті асып түстім десем де болады. Бұл, әрине, үлкен дайындықтың нәтижесі. Ұстаздарым мен анамның еңбегі. Сол күнгі қуанышым әлі күнге дейін көз алдымда. Өйткені, сол жыл, дәл сол күн менің өмірімде айтарлықтай орын алды. Ал облыс басшылығы құттықтап, көлік кілтін табыстағанда жақындарым мен анам менен де қатты қуанды. Анамның қуанышын көріп, азғантай болса да мен үшін еткен еңбегінің жемісін көрсетіп жатырмын-ау деп ойладым. Ол кезде менің жүргізуші куәлігім де болған жоқ. Куәлікті бір жылдан соң алдым, — дейді бағы мен бабы қатар шапқан Аслан.

Ол ҰБТ-да 5 пән бойынша келген 125 сұрақтың біреуінен  ғана қате жіберген. Оны өзі жауап парағын тапсырған соң барып қана сезеді. Ал қалған 124 сұрақтың барлығына дұрыс жауап береді.

— Әрине, барлығы оп-оңай болды десем өтірік айтқан болармын. Таңдау пәнім —дүниежүзі тарихынан ойланатын,  талдауды қажет ететін сұрақтар келді. Бірақ барлық сұрақтар, мектеп бағдарламасы бойынша келеді. Егер жақсылап дайындалған болсаң, аздап сабыр сақтап, сәл ойлансаң, дұрыс жауапты табасың. Бастысы — адам өзіне сену керек. Ал өзіне сенімді болуы үшін, әрине, білім қажет. Ұялы телефон алып кіру, сырттан жауап күту — меніңше бос әурешілік, — дейді ол.

Осыдан жеті жыл бұрын біздің газетке берген сұхбатында Аслан білікті саясаткер болғысы келетінін айтқан еді. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша аяқтаған ол бірден мемлекеттік қызметке кіріскен.

— Біздің елде жастарға арналған мүмкіндіктер мен жобалар көп. Қолдаулар да баршылық. Мемлекеттік қызмет жүйесінде де бірқатар ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадр резервін құру туралы идеясы осылардың айқын көрінісі, — деген Аслан адамның арман-мақсаты жасына қарай өзгеріп отыратындығын айтады.  Кезінде ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинасам деп армандаған Асланның ендігі мақсаты — мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесін дамытып, елі үшін адал қызмет ету.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар…»

Ал сол жылы облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатын бітірген Аманбек Бекбауов 123 балл жинап, «Алтын белгісін» қорғап шықты. Отбасы, алтын ұя мектебі үміт артқан Аманбек бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында жүр. Өзі негізін қалаған «CleverS» оқу орталығының атқарушы директоры.

11 жылдық білімін 210 минуттың ішінде дәлелдеп шыққан Аманбектен алдымен сол бір бозбала шағына қайта оралуды сұрадық.

— Ұлттық бірыңғай тестілеуді еске алсам, бірден математика пәні бойынша келген нөмірі сегізінші сұрақ, яғни сегізінші есеп ойыма түседі. Жалпы тест қорытындысы бойынша орыс тілі мен математика пәндерінің  бір-бір сұрағынан қате жібердім. Орыс тілі бойынша жауаптарымды қайта тексермегенімді мойындаймын. Ал математикадан өзім біліп тұрған жерімнен қате белгілеп жібергенімді байқамай қалыппын. Бірақ еш өкініш жоқ. Бастысы — сол қателіктерді өмірімде қайталамауға тырысып жүрмін. Бала Аманбектің арманы орындалды, бірақ бір белесті бағындырған кезіңде,  алдыңда сені мыңдаған белестер күтіп тұрады екен. Солардан сәтті өтуің, Абайша айтқанда,  білімің мен қайратыңа байланысты, — деген Аманбек мектептегі ұстаздар берген біліммен қатар үйдегі психологиялық жағдайдың да жас талапкер үшін маңызы зор екенін айтады.

— Жүрегі алып ұшып, сенім мен сенімсіздік қатар жүрген тұста балаға алдымен ата-ана тарапынан қолдау қажет-ақ. Мен бұл тұрғыда анама үлкен алғыс айтамын. Ол кісі сынақ алдында маған үлкен қолдау көрсетті. Өзге талапкерлер секілді мен де тест тапсыру алаңына телефонмен бардым. Бірақ аудиторияға кіреберістегі тексеріс барысында телефонымды алып қойды. Сол жерде-ақ мен тек өзіме сену керектігін түсіндім. Білімім мен білігім мені жерге қаратпады, — дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі.

Аталған жоғары оқу орнын алдымен автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша  үздік аяқтаған Аманбек кейін дәл сол білім ордасында информатика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алады. Сонымен қатар ол әскери кафедра түлегі, лейтенант.

Математиканы ғылымдардың ғылымы деп білетін Аманбек бүгінде математика пәні бойынша қосымша білім беретін орталық ашқан. Олимпиадалық математика бағыты бойынша 2-9 сынып аралығындағы балаларды оқытатын орталық Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс жасап тұр.

— Оқу орталығының атауын — CleverS деп қойдық. Ағылшын тілінен аударғанда «Clever» сөзі  ақылды, ақылды адамдар үйі деген мағынаны білдіреді. Орталық нарықта екінші жыл қатарынан жұмыс жасап келе жатыр. Ендігі мақсат —  Ақтөбе қаласынан өз филиалымызды ашу. Өйткені, республика бойынша біздің орталық ұйымдастырған онлайн-олимпиада қатысушыларының дені біздің  Ақтөбеден, — дейді Аманбек.

Ол аталған орталықтың атқарушы директоры, сонымен қатар оқушыларға олимпиадалық математика және жоғары сынып математикасынан сабақ  береді.

Бүгінгі күнге дейін қандай да бір жеткен жетістіктерінің барлығын Аманбек сол кезде ұстаздардың берген білімі мен елдің батасының нәтижесі деп біледі.

—Биылғы талапкерлерге сәттілік тілеймін. ХХІ ғасыр — телефонға емес, тек өзіңе сенетін заман, — деп сөзін қорытындылады Аманбек Бекбауов.  

 «ҰБТ — өмірдің басы да, соңы да емес»

21 маусым 2013 жыл. Күнтізбедегі дәл осы күн ақтөбелік Кенжеғұловтар отбасы үшін де қуанышты естеліктерге толы болып тарих қойнауына енді. Бұл күні ұлттық бірыңғай тестілеуден 123 балл жинаған ұлдары Ұлан облыс басшылығы тарапынан көлік мініп, кеуделерін қуанышқа бір кенелткен еді.

Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейін (сол кездегі атауы) аяқтаған Ұлан Кенжеғұлов та ұлттық бірыңғай тестілеуге барын салып дайылғандардың бірі. Нәтижесі де ойдағыдай. Ол 5 пән бойынша келген 125 сұрақтың 123-іне дұрыс жауап берді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдаған Ұлан бүгінгі таңда еліміздегі алпауыт мұнай компанияларының бірі «ТеңізШеврОйл» кен орнындағы «ЕСС Support Service» компаниясында мәліметтер жүйесінің үйлестірушісі болып қызмет етіп жүр. Қай салада болмасын ең жоғары нәтиже көрсетуді басты мақсат санайтын ол сол кездегі қуанышымен бөлісті.

— Менің орнымда кім болса да қуанар еді. Қолыма көліктің кілтін алып жатқан кезімде еңбектің жемісі осы екен ғой деп, өз-өзіме іштей риза болдым. Оқуға кеткенше көлікті өзім жүргіздім. Бірақ басқа қалаға оқуға түскен соң, сатуға мәжбүр болдым, — дейді.

— Тестілеуге дайындықты белсенді түрде 10-сыныптан бастадым. Анам базардағы барлық тест кітапшаларын сатып әкеп берді. Мектептегі дайындықтан бөлек, өзім тест сұрақтарын құрастырып дайындалатын едім. 11-сыныпта өтетін тақырыптарды өз бетімше алдын ала оқып алатынмын. ҰБТ-да жарыс секілді. Бабың мықты болса, жеңіп шығасың, — деген Ұлан тестілеу барысында сұрақтарды іздеп немесе біреуден жауап күтіп отырудың мүмкін емес екендігін айтады.

— Өзгелерді білмеймін, біз отырған аудиториядағы бақылаушылар өз жұмыстарын өте жақсы атқарды. Жауаптарды бір жерден көшіріп немесе телефоннан қарауға мүмкіндік те, уақыт та болмады. Мен барлық сұраққа өз білгенім бойынша жауап бердім. Тапсырып шыққаннан кейін де 120 ұпайдан кем болмайтынын білдім. 125 сұрақтан 2 қате жіберіппін. Екеуі де математика пәні бойынша. Математика — нақты ғылым. Дұрыс есептемесең жауабың, әлбетте, бұрыс болады, — дейді  жоғары ұпайдың иесі.

Биылғы жылды қашықтан аяқтап, мектеп бітіріп жатқан түлектерді құттықтаған Ұлан, олардың алдағы сынақтан сәтті өтуілеріне тілектестік білдірді.

— Мектеп бітіріп жатқан барлық іні-қарындастарыма сәттілік тілеймін. ҰБТ — өмірдің басы немесе соңы емес. Бұл — жай ғана үлкен өмірге қанат қағар алдындағы белес, — деп сөзін қорытындылады Ұлан Кенжеғұлов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button