Басты жаңалықтар

Қазақ пен санақ

Биылғы қазан айында елімізде халық санағы жүргізіледі. Жұрт көкейінде бұл санақтың қорытындысы «бұрынғы әннен басқарақ» бола ма деген бір аяулы үміт жүр. Бұл, әрине, халықтың этностық құрамында, соның ішінде өңірлерде мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағының қаншалықты артқанына қатысты үміт…

Тарих не дейді?

Жалпы, Қазақстанда 1959 жылдан бері әр 10-11 жылда тұрақты түрде халық санағы жүргізіліп келеді. Осы мерзімнен бері есептегенде, алдағы өтетін санақтың реттік нөмірі жетінші болмақ. Одан әріде де, патша заманы тұсынан, яғни 1897 жылдан бастап өткізілген бірнеше санақтың қорытындылары хатқа түсіп, сақтаулы тұр. Дегенмен ол деректерге қатысты әртүрлі күмән-күдік көп. Біріншіден, бұрынғы қазақтар жан басын әсіресе баланың санын жария етуді құп көрмеген, оның үстіне кең далада ауыл-ауыл болып көшіп жүрген жұрттың нақты санын алу да оңайға соқпайды, сондықтан халықтың бір бөлігі есептен тыс қалуы әбден ықтимал. Екіншіден, патша өкіметі де, кеңестік билік те қазақты қатарға қосуға, соның ішінде өсіп-өнген халық ретінде көруге мүдделі болған жоқ, ендеше, олардың санақшылары қорытынды дерекке, әрине, кеміту жағына қарай түзету енгізуі де мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мысалы, Мемлекеттік Думаның мінберінен: «Қазақтар орыстың қол астына кіргелі бері бірде-бір шуақты күн, бақытты сәт болған емес» — деп мәлімдеген Мұхаметжан Тынышпаевтың есебінше, 1916 жылы халқымыздың саны 6 миллионға жеткен. Кезінде Ахмет Байтұрсынов та: «Алхамдуллаһ, 6 миллион қазақ бармыз» — деп жазған. Бірақ патша заманы мен кеңестік дәуірдегі санақтардың қорытынды деректері 1989 жылға дейін қазақты 6 миллионға жеткізіп көрмепті: бұл деректер бойынша, 1926 жылы Қазақстанда — 3,6 миллион, 1939 жылы — 2,3 миллион, 1959 жылы — 2,7 миллион, 1970 жылы — 4,1 миллион, 1979 жылы 5,3 миллион қазақ болған. Тек 1989 жылы Қазақстанда жергілікті ұлттың саны 6,5 миллионнан асқан.

Осы деректерге сүйенсек, 1926-1989 жылдар аралығында өз жерінде қазақтың саны 1,8 есе ғана өскен екен. Ал осы мерзім ішінде бізге көрші өзбек, қырғыз, тәжік халықтарының саны 3-4 есе өсті. Мысалы, Өзбекстан халқының саны 4,3 есе өсіп, оның ішінде өзбектердің үлесі 82,9% болыпты. Егер 1897 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақтың Орталық Азия халықтары арасындағы үлесі 52,2% болса, 1989 жылы бұл көрсеткіш 23,3%-ға, яғни 2 еседен де артық кеміген.

Бұл демографиялық қасіреттің бірден-бір себебін патша өкіметінің мақсатты, жүйелі түрде жүргізген жымысқы саясаты мен кеңестік дәуірде де сол саясаттың әртүрлі жолдармен жалғасуынан іздеу керек еді. Алайда кеңестік билік оған, яғни өзін-өзі әшкерелеуге жол бермеу үшін ХХ ғасырдағы қазақтың дәстүрлі шаруашылығының күйреуі (күйрегені рас, бірақ саясат килікпегенде, оның соңы осыншалық қасіретке ұласпас еді), тіпті қазақтың «жалқаулығы» секілді әңгімелерді алға тартты, өкініштісі, санаға әбден сіңген сол «жырды» әлі күнге дейін «ұмытқысы» келмейтіндер баршылық…

Тәуелсіздік жылдарындағы демография

Тәуелсіздік дәуірі еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің тарихи отандарына жаппай ағыла көшуімен басталды. Демограф Мақаш Тәтімовтің есебі бойынша, эмиграцияның алғашқы толқыны 3 миллион адамды қамтыды, яғни осынша адам елімізден біржола көшіп кетті. Сонымен қатар бастапқы жылдары дүниеге келген сәбилер саны да халықтың өсімін қамтамасыз ете алмады, зейнетақы, жалақы айлап кешіктіріліп, ел ішін жұмыссыздық жайлаған тұста әр отбасы 1-2 баламен ғана шектелді, ал өлім-жітім көрсеткіші жоғары болды. Соның салдарынан 1992-2002 жылдар аралығында халықтың өсімі құлдырап, кері кетті. 1991 жылы елімізде 16,4 миллион тұрғын бар болса, 2002 жылы халық саны 14,8 миллион адамды ғана құрады. Тек арада бір мүшел уақыт өткен соң, 2003 жылы 0,34%-дық көрсеткішпен басталған өсім біртіндеп алға жылжыды. 2004 жылы елімізде тұрғындар саны 15 миллионға жетті. Қазақстан үшін бұл әлдеқашан, 1981 жылы өтіп кеткен меже еді. Бірақ 1981 жылғы 15 миллионның 36,2%-ы ғана қазақ болса, 2004 жылы 58%-ы қазақ болды. 16 миллиондық межеден еліміз екінші рет 2009 жылы өтті, осы жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақтардың үлесі 63,07%-ды құрады.

Арада 5 жыл өткенде, 2014 жылы халық саны 17 миллионға, 2017 жылы 18 миллионға жетті.

Қазіргі көрсеткіштер қандай?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша биылғы 1 наурызда елімізде тұрғындар саны 18 миллион 671 мың болды. Халық саны жөнінен еліміз әлемде 64-орында тұр. Қазақстан халқы бүкіл әлем тұрғындарының 0,24%-ын құрайды.

Кеңестік заманда Қазақстанда халық саны 1 миллионнан асатын бір ғана қала болды, ол — республика астанасы Алматы еді. Тәуелсіздік жылдарында оның қатарына тағы екі қала қосылды: Нұр-Сұлтан және Шымкент. Жалпы, қазір елімізде жоғарыда аталған үш қаладан бөлек, халқының саны миллионнан асатын 5 өңір бар. Бұлар — Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. Мұның ішінде Алматы және Түркістан облыстары тұрғындарының саны 2 миллионнан асты.

2009-2010 жылдармен салыстырғанда, қазір елімізде халықтың өсім қарқынының деңгейі едәуір төмендеді. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан әлемде 89-орында, ал Орталық Азия елдері арасында ең төменгі орында тұр. Халықтың тығыздығы жағынан еліміз 184-орында, ел аумағының әр шаршы шақырымына, орта есеппен, 6,8 адамнан келеді.

Мамандардың болжамы бойынша, биылғы жылдың соңында елімізде халық саны 18,9 миллионға жетеді.

Эмиграцияның екінші толқыны

2010 жылдардың ортасынан елімізде эмиграцияның екінші толқыны басталатыны туралы болжам алдын ала айтылды. Яғни Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері тарихи отандарына қарай көшті қайта жалғайды. Бетін аулақ, бұл көштің демографиялық көрсеткіштерге кері әсері сонау 90-жылдардағыдай болмақ емес. Дегенмен соңғы жылдары елімізге көшіп келушілермен салыстырғанда, кеткендер саны әлдеқайда көбірек екені рас. Айталық, өткен жылы елімізден 45 231 адам көшіп кетіп, 12 258 адам көшіп келген. Көшіп кеткендердің басым бөлігі, нақты айтсақ, 32,8 мыңы — орыстар. Бұлар, негізінен, Ресейдің шетелдік қандастарын өз еліне жинау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламасына ілігіп, сол жаққа квота бойынша кеткендер. Олар 1-1,5 жылдың ішінде азаматтығын ауыстыра алады. Ал осы мерзім біткен соң Қазақстанға кері оралып жатқан орыстар да бар. Мысалы, былтыр елімізге келгендердің 2,65 мыңы орыстар екен.

Тарихи отанына бет түзегендер арасында орыстардан соң немістер мен украиндардың үлесі көбірек. Сондай-ақ былтыр елімізден 2,1 мың қазақ көшіп кеткен.

Жалпы, елімізге көшіп келушілердің басым бөлігі қазақтар екені түсінікті. Өткен жылы  шет мемлекеттерден Қазақстанға 7 мыңнан астам қазақ көшіп келді.

Бір ғана өңір қалды…

Сөзіміздің басында айтқан қазақтың үлес салмағына қайта оралар болсақ, бүгінде бұл көрсеткіш 69%-ға жуықтады. Өткен ғасырдағы 1939, 1959, 1970, 1979 жылдары жүргізілген санақтарда Қазақстандағы үлес салмағы ең көп ұлт орыс болды.

Тәуелсіздік алған тұста елімізде қазақтар мен орыстардың саны шамалас еді. 2009 жылғы санақта, жоғарыда айтқанымыздай, қазақтардың үлес салмағы 63,07% болса, орыстардың көрсеткіші 23,70%-ға төмендеді. Бүгінгі күні орыс диаспорасы барлық халықтың, шамамен, 18%-ын құрайды.

Жуырда белгілі журналист Ескендір Тасболат ҚР Статистика комитетінің мәліметтері бойынша Қазақстанның этностық картасын жасап, өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Мұндағы деректерге сүйенсек, қазір елімізде қазағынан орысы көп бір ғана өңір қалып отыр. Ол — Солтүстік Қазақстан облысы. Мұндағы халықтың 35,3%-ы, үштен бірінен сәл астамы ғана қазақтар екен, ал орыстардың үлесі — 49,4%. Екі облыста қазақтардың үлес салмағы әлі күнге дейін 50%-дық деңгейден аса алмай келеді, оның бірі осы Солтүстік Қазақстан да, екіншісі — Қостанай облысы. Қостанайда қазақтардың үлесі 41,1% ғана. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында қазақтардың үлесі 50%-дық көрсеткіштен енді ғана асты.

Үш өңірде қазақтардың саны халықтың 90%-нан астамын құрап отыр. Бұлар — Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары. Осы үшеуінен кейінгі 4-орында Ақтөбе облысы тұр: біздің өңір халқының 83,3%-ы — жергілікті ұлт өкілдері.

Қазақстан — КСРО құрамындағы жергілікті ұлттың саны басқалардан аз болған бірден-бір республика еді. Осының кесірінен жеріміздің тұтастығына сан рет қауіп төніп, тіпті КСРО ыдырар тұста да солтүстік облыстарға қатысты түрлі пікірлер тарағаны есімізде. БҰҰ-ның критерийі бойынша, саны жағынан халықтың үштен екісін, яғни 66%-ын құрайтын ұлт сол елдің түпкілікті иесі ретінде мойындалады. Бүгінде бұл межеден өттік. Енді алдағы санақтың қорытындылары осыны біржола қуаттап, соның ішінде, ең алдымен, тіліміздің үстемдігіне жол ашады деп үміттенеміз.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button