Жаңалықтар

1 маусымнан бастап пойыздар жүре бастайды

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев пен магистральдық желілер дирекциясының вокзал жұмысы бойынша директорының орынбасары Болат Аюпов жергілікті телеарнада өткен бағдарламада тұрғындардың жол мен жолда жүру жайы туралы сұрақтарына жауап берді.

Мәлімбет Ибрашевтің айтуынша, облыстағы 5 мың шақырым жолдың 56 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Биыл осы көрсеткішті 59 пайызға жеткізу үшін жол құрылысына 41 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Облыс бойынша 600 шақырым жол жөнделуі тиіс. Осы мақсатта 202 жоба жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 5 мың жұмыс орны ашылады. Облыстағы жолдармен бірге елді мекендер аралығындағы жолдар құрылысына да мән беріліп отыр. Қазіргі уақытта Әйтеке би, Ойыл, Мәртөк, Хромтау аудандарындағы ауылдар арасындағы жолдар жөнделіп жатыр. Облыстық маңызы бар Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда жолына да жөндеу жүргізілуде. Шұбарқұдық-Ойыл арасындағы 125 шақырым жол мен Қобда-Ақырап арасындағы жол құрылысы биыл аяқталады. Қобда-Мәртөк жолының құрылысы алдағы жылы толық аяқталуы тиіс, — деді Мәлімбет Ибрашев.

Тұрғындар жекелеген көшелердегі жолдарды жөндеу, суағарлар салу, ауылдағы жолдар жайына қатысты да бірқатар сұрақтарын қойды. М.Ибрашевтің айтуынша, биыл Сәңкібай батыр даңғылында жолға реконструкция жасау кезінде суағарлар салу ісі басталады. «Алдағы уақытта мұндай жұмыстар басқа жолдарда да кезең-кезеңімен жүргізілетін болады», — деді ол.

Қаладағы теміржол вокзалы жұмысын мамыр айының ортасынан жалғастыра бастаған еді. Ол кезде халықаралық бағыттағы бірқатар пойыздың жүруіне ғана рұқсат етілген болатын. 1маусымнан бастап ел ішіндегі бірнеше бағыттағы пойыздар жолға шыға бастайды.

—  Пойыздар 1 маусымнан және 10 маусымнан бастап екі кезеңмен жолға шығатын болады. Әзірге Ақтөбе-Алматы пойызы, Ақтөбе арқылы өтетін Нұр-Сұлтан-Маңғышлақ, Орал-Маңғышлақ, Алматы-Маңғышлақ, Алматы-Орал бағытындағы пойыздары жүретін болады. Қазіргі уақытта билеттерді сату басталды. Вокзалда санитарлық жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде касса мен отыратын орындықтар арасында бір метр қашықтықты сақтау мақсатында сызықтар сызылды. Антисептиктер қойылды. Вокзалға бейберекет ешкім кірмейді, тек билет алушылар мен пойызға отыратын тұрғындар ғана кіре алады. Тұрғындар міндетті түрде маска киіп жүруі керек. Тұрақты түрде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі, — деді Болат Аюпов.

Б.Аюповтың айтуынша, төтенше жағдай режимі теміржол билеті тарифтеріне әсер еткен жоқ, пойыз бағалары бұрынғысынша қалды. Тұрғындар вокзал маңындағы, пойыз ішіндегі тазалық туралы да сұрақтар қойды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button