БілімБасты жаңалықтар

Жаңа формат: мектеп-интернаттар қалай оқыды?

Біздің өңірде облыстық 4 мектеп-интернат бар. Олардың 3-еуі — дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім шаңырақтары. Қалған 1-еуі — туберкулез санаториясы мектеп-интернаты. Аталған білім ордаларында жаңа технология бойынша білім беру қалай ұйымдастырылды?

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫҢ ОРДАСЫ

М.Құсайынов атындағы мектеп-интернатта 475 оқушы білім алады. Оның 255-і — облыс аудандарынан келген тәрбиеленушілер. Оларға 70 педагог сабақ береді.

Жаңа технология бойынша білім беру алдында оқушылар мен мұғалімдердің дербес техникамен қаншалықты қамтамасыз етілгендігі, интернет жүйесіне қосылу мүмкіндіктері туралы ақпарат жинақталыпты. Сұранысқа сай олар компьютер, планшет құрылғысымен қамтамасыз етілген.

«Өрлеу» ұлттық біліктілік арттыру орталығы АҚ облыстық филиалы, облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты өткізген «ХХІ ғасыр контекстіндегі дарынды балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау: мәселе және болашақ» тақырыбындағы облыстық форсайт-сессияда аталған мектеп-интернаттың директоры Нұрбек Аманов «2030 жылдардағы қажетті құзыреттіліктер: мүмкіндік және табыстылық» тақырыбында өз идеясымен бөлісті. Педагогикалық шеберлік орталығы Ақтөбе филиалы ұйымдастырған вебинарда мектеп мұғалімдері М.Нұрбаева мен С.Сүйінтаева өз іс-тәжірибелерін ортаға салды. Биология пәнінің мұғалімі Г.Мыңжасарова «Балапан» арнасында телесабақ өткізді.

466 оқушының білім алуы Google Classroom және Kundelik.kz платформасы арқылы жүргізілсе, шалғай ауылдарда тұратын 9 оқушымен жұмыс WhatsApp және Telegram чат мессенджерлері арқылы жүзеге асырылды. Мектеп-интернаттың YouTube каналына денешынықтыру, көркем еңбек, музыка, графика және жобалау, алғашқы әскери және технологиялық дайындық бейнеконтенттері әзірленіп, түрлі форматта челлендждер ұйымдастырылды, — дейді мектеп-интернат басшысы.

Аталған білім шаңырағындағы балалар онлайн форматта ұйымдастырылған шығармашылық байқаулар мен зияткерлік сайыстарға да белсене қатысқан. Жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер онлайн олимпиадасында 8 оқушы жеңімпаз атаныпты. Облыстық шығармашылық байқауларына 85 оқушы қатысып, олар да жеңімпаз болыпты. «Достық-2020» облыстық кешенді олимпиадасы (математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, тарих) және «Жемқорлықсыз болашақ» облыстық сырттай олимпиадасына қатысқан 15 оқушы да жоғары нәтиже көрсетіпті.

Мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес» тақырыбында марафон ұйымдастырылды. Оқушылар ата-аналарымен бірге ақын өлеңдерін жатқа айтып, қарасөздеріне байланысты өзіндік көзқарастарын білдірді. Ақынның әндерін орындап, қолөнер туындыларын жасады. Сонымен бірге абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлымен сұхбат жүргізіліп, ақын шығармашылығының астары турасында ой өрбіді. Марафон аясындағы ауқымды шараның бірі — жазушы Мұхтар Әуезовтің  «Абай жолы» роман эпопеясының І томын оқу. Ата-аналар, мұғалімдер, оқушыларға шығарма мазмұны негізінде сырттай емтихан ұйымдастырылып, жеңімпаздарға планшеттер табысталды. Бұл шараның ақын мұрасын ұлықтауда, насихаттауда тәлімі зор болды, — дейді Нұрбек Аманов.

«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» атты олимпиадасында да, «Тұрақтылық пен татулықты тұмар еткен Қазақстан» тақырыбындағы сурет байқауында да оқушылар жақсы нәтижеге қол жеткізген. Дарын театр үйірмесі Youtube каналы арқылы «Алтын талант» байқауын өткізіп, оған балалар белсенді қатысыпты. Cooking Club үйірмесінің жетекшісі Ақбота Қадырбергенова шебер-класс ұйымдастырып, оқушылар үй жағдайында дәмді астар дайындапты. Мектеп психологі Әсемгүл Өмірзаққызы психологиялық жаттығулар, әртүрлі пайдалы ақпараттармен бөлісіп, бұл жұмыстар мектептің Youtube каналына жүктелген.

ҮЗДІК БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ

Облыстық «Білім-инновация» лицейінің педагогикалық ұжымы қашықтан оқыту сапасын арттыруда нәтижелі жұмыс жасауда. Лицей директоры әр сыныптың ата-аналарына жаңа технология бойынша білім беруде семинарлар өткізіпті.

Республикалық «Онлайн мектеп» аясында биология пәнінің мұғалімі Н.Сүйеуовтің  бейнесабақтары түсіріліп, бұл жұмыстар «Балапан» арнасынан көрсетілуде. «Білім-инновация» ХҚҚ ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияға тарих пәнінің мұғалімдері А.Батырғалиева, А.Дүзімова және оқушылар қатысып, олардың еңбектері лайықты марапатталған. «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы өткізген кәсіби конкурстарда лицей ұстаздары жетістіктерге қол жеткізіпті. Мысалы, Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген педагогикалық олимпиадада қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімдері Е.Есеркепов пен Г.Қайдасова 1-орын иеленді. Ата Заңымыздың 25 жылдығы аясында өткен педагогикалық эссе байқауында тарих пәнінің мұғалімі А.Батырғалиева жеңімпаз атанған.

Лицей оқушылары да қашықтан өткізілген түрлі олимпиадалар мен байқауларда топ жарған. Мәселен, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай өткізілген халықаралық ғылыми жарысқа А.Сүйінғазы мен С.Жанғали өз жұмыстарын ұсынып, 1-орын иеленіпті. Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткен білім бәйгесінде де жеңіске жеткен оқушылар аз емес.

БІЛІМ САПАСЫ ЖОҒАРЫ МЕКТЕП

Облыстық физика-математика мектеп-интернатында 246 оқушы оқиды, олардың 135-і — ауылдың және Ақтөбе қаласына қарасты ауылдардың балалары.

Қашықтан білім беруге көшу барысында педагогтерге, оқушыларға және ата-аналарға оқыту ерекшеліктері, ұйымдастырылу әдістері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ балалардың қажеттіліктеріне сәйкес мектеп тарапынан компьютер, ноутбуктер берілген.

Сабақтарды өткізу кезінде оқушылар, ата-аналармен күнделікті байланыс жасалып, білім беру барысындағы қиындықтар анықталды. Соның нәтижесінде жекелеген оқушылармен пән мұғалімдерінің қосымша жұмыстары жүргізілді. Ата-аналар үнемі қолдау көрсетіп отырды. Олар балалардың өзіндік тапсырмаларды орындауын бақылап, сынып жетекшісімен  және пән мұғалімдерімен тығыз байланыс жасауда. Оқушылардың сабаққа қатысымы белсенді, оқу тапсырмаларын орындауға да құлшыныстары жоғары болды, — дейді Қаракөз Тлеумағамбетова.

Күн сайын оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында интернат меңгерушісі, педагог-психолог, сынып тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен түрлі тәрбиелік іс-шаралар: логикалық жаттығулар, шебер-сыныптар, қызықты ойындар, пікірталас, т.б. жұмыстар өткізілген екен.

Оқушылар облыс, республика деңгейінде қашықтан ұйымдастырылған түрлі пәндік олимпиадалар мен сайыстарға, интеллектуалдық, интернет олимпиадаларға қатысып, жүлделі жетістіктерге қол жеткізген.

ЕРЕКШЕ ҰЯНЫҢ ТЫНЫСЫ

Облыстық туберкулез санаториясы мектеп-интернатында 82 оқушы білім алады. Олардың 26-сы — ауылдың балалары.

Қашықтан оқытуды ұйымдастыру барысында оқушылар және ата-аналармен түсіндіру жұмыстары, онлайн сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстары өткізілді. Сұранысқа байланысты балаларға ұялы телефондар беріліп, телефондарына тарифтік бірліктер салынды. Шалғай ауылдардағы оқушылар оқулықтармен қамтылды, — дейді мектеп-интернат директоры Г.Қалиева.

Оқушыларға қашықтан оқыту «Kundelik.kz», WhatsApp желілері арқылы жүргізіпті. Сондай-ақ BilimLand, Daryn.online секілді интернет ресурстары пайдаланылған. Оқушылармен кері байланыс та тұрақты жасалыпты.

Аталған мектеп-интернаттың мұғалімдері мен тәрбиешілері, оқушылары да түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіпті.

Мектеп-интернат ұжымы мен Ақтөбе қаласындағы Қурайлы ауылының тұрғындары тарапынан 12 отбасыға көмек көрсетіліп, азық-түлік алып берілді, — дейді мектеп-интернат директоры.

P.S. Еліміздегі жағдайға байланысты биыл облыстағы 5, 6-сыныптың оқушыларын дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарға қабылдау мақсатында өткізілетін емтихандар бір айға кешіктіріліпті. «18 мамырдан бастап өтініштер онлайн режимінде қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар 17 маусымға дейін жүргізіледі. Ал 18-20 маусымда үміткерлерді қабылдау емтихандары өткізіледі», — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button