Жаңалықтар

Талап пен тәртіп

Қазір Ақтөбе қаласындағы бірқатар шағын бизнес нысандары өз жұмысын бастады. Олар қалай  санитарлық талапқа сай қызмет көрсетуі тиіс? Осы ретте төтенше жағдай кезінде құрылған мобильді топ қызмет көрсету орындарын аралап, санитарлық талапты сақтамағандарға ескерту берді.
Құрамында облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаментінің өкілдері бар мобильді топ, 11-шағын ауданындағы Н.Шайкенов көшесінің бойындағы бірқатар қызмет көрсету орындарын аралады. Көпшілік орындар санитарлық талапты сақтаған. Медициналық бетперде, қолғап киіп қызмет көрсетіп жатыр.  Айтарлықтай тәртіп бұзғандар жоқ. Дегенмен салғырттық танытқандар да кездесті.
— Жұмысын қайта бастаған шағын кәсіпкерліктер, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары қауіпсіздікті  қатаң сақтауы тиіс. Мәселен, медициналық бетперде мен қолғап киіп қызмет көрсетуі керек. Күніне бірнеше рет дезинфекциялық сұйықтықтармен үстел үстін сүртіп, ғимарат ішін жууы тиіс, — деді облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаменті техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Айсәуле Оралбаева.
Мобильді топтың мүшесі Бижан Қалмағанбетов бұндай тексеру шараларының басты мақсаты індеттің алдын алу екенін айтты.
— Облыс әкімінің ұйғарымымен мамыр айында мобильді топ құрылған болатын. Содан бері топ мүшелері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазір шаштараз, қоғамдық тамақтану орындары жұмысын бастады. Олардың ішінде талапты сақтамайтындар бар. Мәселен, бұған дейінгі тексерулер кезінде кейбір дүкен иелері қарапайым қауіпсіздік шарасын сақтамаған. Сатушы медициналық бетпердесіз қызмет көрсетсе, енді бірінде антисептик жоқ. Кейбір орындарда келушілер бетпердесіз жүр. Ал бұндай кезде тұтынушылар ғимаратқа кірмеуі тиіс. Осының барлығын кәсіпкерлерге түсіндірдік. Егер ескертуден нәтиже шығармаса, тиісті орындар әкімшілік жазаға тартатынын айттық, — деді Бижан Қалмағанбетов.

Кәмшат ҚОПАЕВА..

Басқа жаңалықтар

Back to top button