БілімБасты жаңалықтар

Жаңа формат: балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қалай оқып жатыр?  

Біздің облыста жетім балаларға арналған 5 білім беру мекемесі бар. Олардың екеуі Ақтөбе қаласында, үшеуі аудандарда орналасқан. Бұл ұйымдар — жастарды әлеуметтік бейімдеуге арналған «Мейірім» орталығы, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдайтын «Аяла» орталығы және Хромтау, Қобда, Мәртөк аудандарындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлері. Өңірдегі мемлекет қамқорлығындағы балалар мен жастар жаңа технология бойынша қалай оқып жатыр? Осы туралы білмек ниетпен тиісті мекемелердің қызметкерлерімен сөйлескен едік.

 

  • Мұндағы оқушылардың барлығы да BilimLand платформасы, Telegram, WhatsApp әлеуметтік желілері, сондай-ақ «Балапан» мен «Еларна» арналарындағы телесабақтардың көмегімен білім алуда. Оқушылар түске дейін сабақ оқыса, түстен кейін қолөнер, сурет салу, спортпен шұғылдану секілді түрлі іс-шараларға қатысады, — дейді облыстық білім басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық және арнаулы білім беру бөлімінің бас маманы  Мира Нұрғалиева.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың денсаулығын сақтау және індеттің алдын алу мақсатында карантин режимі енгізілген. Сондай-ақ тәрбиеленушілердің жеке гигиенасын бақылау күшейтіліп, ғимараттар дезинфекцияланыпты.

  • Бүгінде аталған 5 мекемедегі тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің барлығы да індеттің бар-жоғын анықтау мақсатында ақысыз тест тапсырды. Індеттің алдын алу үшін мекеме қызметкерлерінің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес қызметкерлердің 12 пайызы күнделікті жұмысқа келіп жүр, 14 пайызы қашықтан жұмыс жасауда. Вахталық режимде жұмыс жасатйндардың үлесі — 52 пайыз. Ал қалған 22 пайызы еңбек демалысына жіберілді. Қызметкерлерді тасымалдау жүйелі ұйымдастырылуда, — дейді Мира Нұрғалиева.

Балалар түрлі жарыстардан да тыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, жақында ғана жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме тәрбиеленушілері арасында «Табиғатты аялайық!» облыстық байқауы қашықтан ұйымдастырылыпты. Облыстық білім басқармасы мен облыстық экология департаменті бірлесіп ұйымдастыратын бұл шара биыл 9-ыншы рет өткізілді. 6-18 жас аралығындағы оқушылар арасындағы сайыста 51 тәрбиеленуші бақ сынаған. Олар сурет, қолөнер номинациялары бойынша сынға түсті.

«Мейірімдегі» мүмкіндік

«Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында 87 жас тұрады. Олардың арасында студенттер де, жұмыс жасайтын жастар да бар. Мұндағы студенттердің қашықтан білім алулары үшін барлық жағдай жасалған. Компьютерлері бар, интернет желісі де жүргізіліпті.

  • «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалып, індеттің алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Тәрбиеленушілерге жеке қорғаныс құралдары: бетперде, бір реттік қолғаптар, санитайзерлер таратылды. Сонымен қатар гигиеналық нұсқаулықтар берілді. Тұрғын бөлмелер және үй-жайлар тәулігіне екі рет дезинфекциялық құралдармен залалсыздандырылуда. Балалардың бөлмелері де күн сайын желдетіліп, залалсыздандырылады. Орталықта фитобар бар. Мұнда балалардың иммунитетін арттыруға арналған дәруменді сусындар беріледі, — дейді

«Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Жанна Дүйсенбина.Оның айтуынша, орталықтағы әр бөлмеге интернет желісі тартылған.

  • Соның арқасында балалар оқшаулану жағдайына қарамастан, E-gov порталынан қажетті анықтамалар мен құжаттарын ала алады. Сондай-ақ олар қашықтан ұйымдастырылып жатқан түрлі сайыстарға да белсенді қатысуда. Жақында балалар «Жануарлар — менің достарым» атты сайысқа қатысты, — дейді Жанна Дүйсенбина.

Аталған мекмеде барлық бұқаралық іс-шаралар, кездесулер, спорттық ойындар уақытша тоқтатылған. Балалар орталықтағы үйірмелер мен студияларға шағын ғана топпен, кезектесіп қатысады екен.

«Аяладағы» қамқорлық

Қазір өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдайтын «Аяла» орталығында 15 тәрбиеленуші бар. Олар Ақтөбе қаласындағы №29, №72 орта мектептерде қашықтан оқып жатыр. Орталық директоры Өмірбек Текешовтің айтуынша, мұнда да тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырылуда. Балалар бос уақыттарын тиімді өткізу үшін «Попье-маше» әдістемесі бойынша қарапайым қағаздан неше түрлі туындылар жасайды екен.

  • Олардың еңбектерін көріп, өнерлеріне сүйсінесің. Оқушылардың көңіл күйі, өздерін ұстауы, бір-бірімен қарым-қатынасы орталықтағы психологтардың жіті бақылауында. Оларды психологиялық қолдау мақсатында тренингтер жиі өткізіледі.Медбикелер балалардың денсаулықтарын қатаң қадағалауда, — дейді орталық директоры.

Мұндағы тәрбиеленушілер Тұңғыш Президент — Елбасы Қоры ұйымдастырған шеберлік сабақтарына да белсенді қатысады. Екі тәрбиеленуші республикалық көшбасшылар кеңесіне ұсынылыпты. Олар Қазақстанның әр өңіріндегі балалармен онлайн режимінде жиындар өткізіп, өздерінің идеялары және жоспарларымен бөліседі екен.

  • Карантин режимінің аяқталуын біздің балалар да асыға күтіп жүр. Себебі көктем келіп, күн жылынған сәттен бастап олар аулаға гүл егуді бастайды. Оқушылар педагогтермен бірге аулаға егетін көшеттерді терезе алдына өсіріп, дайындап та қойды. Демалыс күндері балаларымыз: «Біз бір отбасымыз және біз бірге болсақ, ештеңе де біз үшін қорқынышты емес. Біз сенеміз және жеңеміз» деп ұрандатып, ұйымдасқан түрде спорттық шаралар, көңілді старттар, эстафеталар өткізетін-ді. Қазір олар сол көңілді шаралардың тезірек жалғасқанын тағатсыздана күтуде, — дейді Өмірбек Текешов.

P.S. Үш ауданда орналасқан отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде барлығы 27 жетім бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың әрқайсысында 1 басшы-ана және 1 көмекші-тәрбиеші жұмыс жасайды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button