Жаңалықтар

Ақтөбенің жолдары жөнделіп жатыр

Биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды және Ақтөбе қаласы аумағындағы елдімекен көшелерін жөндеуге 41,7 миллиард теңге бөлінген. Осы мақсатта 202 жоба жүзеге асырылады. Жоспар бойынша биыл 600 километр жол жөнделмек. Сондай-ақ қаланы абаттандыру жұмыстарына да баса назар аударылады. Бұл туралы жергілікті телеарнада өткен тікелей эфирде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров пен облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев айтып берді.

Тікелей эфирде шаһар басшысы қалада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, алайда қауіпсіздік шараларына қатаң мән берілу керектігін ескертті. Бас санитар бекіткен қаулыға сәйкес, шектеу шаралары жалғасып жатыр. Қалаға кіретін және шығатын тұрғындар коронавирусқа тест тапсыру керек.

Облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев жол құрылысына қатысты шаруаларды баяндады. Облыста жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы— 5 мың шақырым. Оның 56 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Биыл осы көрсеткішті 59 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жол құрылысына 41,7 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тікелей эфирде сұрақтардың көпшілігі жолдың сапасы мен қала тазалығына қатысты болды. Асхат Шахаров биыл қала ішіндегі біраз көше күрделі және орташа жөндеуден өтетінін айтты. Сондай-ақ қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына баса назар аударылады. Бұрын тал-теректерді егіп, суаратын, күтіп-баптайтын мекемелермен бір жылға келісімшарт жасалатын болса, енді бұл мерзім үш жылға ұзартылады. Талдарды суару жұмыстарына жаңашылдықтар енгізіледі. Оның ішінде суды үнемдеу үшін тамшылатып суару әдісі де қолданылады. Бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлінген. Мердігер мекемелер анықталған. Тұрғындардың бірі «Орынбор» саябағына қатысты сұрақ қойды. Бұл жерге егілген теректер мен жеміс ағаштары күтімсіз тұр. Көпшілігі қурап жатыр. Тұрғындар әкімшіліктегі 109 нөміріне қанша рет хабарласса да нәтиже болмапты. Бұл сұрақты қала әкімі қағазына жазып алды. Талдарды суару мәселесінде кемшіліктердің бар екенін айтты.

  • Су жетпегенінен талдар қурап жатыр. Қазір он саябақтың тізімі жасалды. Оның ішінде «Орынбор» саябағы бар. Су тасымалдау арқылы жеткізіледі, — деді қала басшысы.

Тікелей эфирде Мәлімбет Ибрашев Елек өзенін қиып өтетін айналма көпір туралы ақпарат берді. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе, құрылыс шілде айында аяқталады. Ал бөлінбеген жағдайда жоспар бойынша келер жылы іске қосылады. Бұл көпірді салудағы мақсат —жүк көліктерін қалаға кіргізбеу. Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, бұған дейінгі салынған солтүстік айналма көпір мен Кірпішті көпірінің арқасында сол маңнан келетін транзиттік көліктер қалаға кірмейді. Елек айналма көпірі іске қосылғанда жүк көліктері қалаға кірмей, Атырау мен Орал қалаларына шығып кете алады. Алдағы уақытта осындай көпірлерді салу арқылы қалаға бірде-бір транзиттік көлікті кіргізбеу қарастырылған.

Тікелей эфирде жол құрылысын жүргізетін мекемелерге қатысты сұрақтар болды. Оның ішінде «Асфальт» мекемесі жұмысшыларының еңбекақысын бермей жүргені айтылды. Аталған мекеме былтыр Орск, Жайсаң, Қарабұтақ жолын салуға қатысқан. Мәлімбет Ибрашев арызданушы тұрғынға басқармаға келіп, мәселені толық айтып беруін сұрады. Мекеме басшылығымен хабарласып, проблеманы  шешуге көмек көрсететінін жеткізді.

Сондай-ақ басқарма басшысы ауданаралық жолдардың жағдайына тоқталды. Оның ішінде Шалқар мен Бозой арасындағы жол құрылысы биыл аяқталатынын айтты.

Тікелей эфирде тұрғындардың барлық сұрағына жауап берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button