БілімБасты жаңалықтар

Соңғы қоңырау: салтанатты шаралар ұйымдастырылмайды

Соңғы қоңырау рәсімі ешбір мектепте болмайды. Мектеп бітіру кештері де өткізілмейді. Мұның бәрі еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болыпотыр.

Мектеп түлектеріне аттестаттар табыс ету еліміз бойынша 3-4 маусымда ұйымдастырылады. Бұл рәсім білім шаңырақтарында өткізіледі. Дегенмен аталған шараға ата-аналардың мейлінше аз қатысуы қажеттігі түсіндіріліп жатыр. Мұның бәрі —індеттің алдын алу үшін, індеттен сақтану үшін жасалып жатқан іс-әрекет.

Індеттен сақтану мақсатында ҰБТ-ны ұйымдастыруда да өзгешелік бар. Әр өңірден министрлік өкілдері келмейтін болды.

Биылғы оқу жылын қорытындылаудың ерекшеліктері қандай? Осы және білім саласында өткізу жоспарланған басқа да шаралардағы өзгерістер туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменовамен сөйлескен едік.

Бұл оқу жылында облыстағы 299 мектепті 6604 түлек бітіреді. Олардың 618-і — «Алтын белгі» аттестатына үміткер. Ал 313 бітіруші — «Үздік аттестатқа» үмітті.  5738 түлек ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниет білдіріп отыр.

Жалпыөңірде 402 мектеп бар. Онда 151 058 бала білім алады. Биылғы оқу жылында 18 971 балдырған 1-сыныпты, 15 935 оқушы бастауыш сыныпты бітіреді. Жалпы бастауыш сыныпта 69 072 бала оқыды.

  • Мектептерде бұл жолы соңғы қоңырау рәсімі өткізілмейді. Ата-аналарға арналған қорытынды жиналыстар онлайн режимінде ұйымдастырылады. Сондай-ақ педагогикалық кеңес те онлайн түрінде өтеді, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Түлектерге аттестат табыс ету шарасы маусымның 3-4-інде өткізу жоспарланып отыр. Жыл сайын бұл шара білім шаңырақтарында салтанатты түрде ұйымдастырылып, оған түлектердің қуанышын бөлісуге қаумалап, ата-әжесі, ата-анасы бастап, бауырлары, ағайын-туыстары бірге келетін-ді.

  • Биыл бұған шектеу қойылып отыр. Ағайын-туыстары қатыспайды. Әрине, мектеп бітірушілердің арасында біреудің тұңғышы, біреудің кенжесі, біреудің жалғыз баласы бар шығар. Мұны түсінеміз. Дегенмен ата-аналардың мейлінше аз қатысуы керектігі түсіндіріліп жатыр. Мұның бәрі індеттің алдын алу үшін маңызды. Сол себепті де биыл әр мектептегі әрбір 11-сынып үшін аттестаттар бөлек-бөлек тапсырылады. Мысалы, бір білім шаңырағында мектеп бітіретін 6 сынып болса, олардың әрқайсысына шара жеке-жеке, 1 сағат сайын өткізіледі. Мұның реті қалай болатыны туралы әр мектептің бекіткен кестесі бар. Соған сәйкес ұйымдастырылады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

ҰБТ:

ӨҢІРЛЕРДЕН МИНИСТРЛІК ӨКІЛДЕРІ КЕЛМЕЙДІ

ҰБТ өткізу форматында өзгеріс жоқ. Еліміз бойынша 20 маусым-5 шілде аралығында өткізіледі. Облыс бойынша ҰБТ өткізуге арналған 15 пункт бар. Оның 3-еуі Ақтөбе қаласында, қалғандары аудан орталықтарында орналасқан. Г.Сүлейменованың айтуынша, қазір бұл пункттердің бәрінде де сақтық шаралары жасалып жатыр.

  • Мемлекеттік комиссияның мүшелері толығымен бекітілді. Тестілеу ұйымдастырудағы биылғы өзгеріс — жан-жақтан, өзге облыстарданминистрлік өкілдері келмейді. Олардың орнына өңірдегі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жүрген, тәжірибесі бар педагогтер тартылады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Министрлік өкілдері ретінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, С.Бәйішев университетінің оқытушылары, сондай-ақ мектеп директорларының орынбасарлары қатысады. Ал ҰБТ-ны өткізу, ұйымдастыруды облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері қадағалап, бақылайтын болады.

ЖАЗҒЫ МЕКТЕП:

ТАМЫЗДА ОҚУШЫЛАР НЕГІЗГІ ПӘНДЕРДІ ОҚИДЫ  

Тамыз айынан бастап мектептерде негізгі пәндер бойынша жазғы мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар екі бағытта өткізіледі. Біріншісі, 1-сыныпқа баратын балдырғандарды мектепте дайындау болса, екіншісі, жалпы мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылады.

  • Қазір кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жалпы маусым, шілде айларында мектеп ғимараттарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша бұл жұмыстар тамыз айына дейін толық аяқталуы тиіс.

Оқу процесі қашықтан жүргізіліп жатқандықтан, оқушылар кейбір тақырыптарды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сол себепті тамыз айынан бастап жазғы мектепті ашу жоспарланып отыр. Тегін өткізіледі. Ешбір баланы ешкім міндеттемейді. Негізгі пәндер бойынша қосымша сабақ алғысы келген балалар ерікті түрде қатысады. Бұл уақытта мұғалімдердің бәрінің де еңбек демалыстары аяқталады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, 26 мамырдан бастап бастауыш сынып және 5-8 сыныптың мұғалімдері еңбек демалысына шығады. Маусымның 5-інен бастап қалған мұғалімдердің бәрі, яғни 9-11 сыныптың педагогтері демалады.

Жазғы лагерь қашаннан бастап балаларды қабылдайтыны әзірге белгісіз. Қала сыртындағы барлық лагерьлер балалардың демалысын ұйымдастыруға дайын.

Мамырдың 26-сынан бастап ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Күншуақ» лагерінде 35 бала демалатын болады.

«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ ЖЕМІСІ

Аттестациядан өтуге ниетті педагогтердің бәрінен өтініштер қабылданған. Біліктіліктерін сынауға 3200 мектеп мұғалімі, қосымша білім беру ұйымдарынан 230 педагог және 750 балабақша тәрбиешісі ниет білдіріп отыр екен. Аттестация екі кезеңде өткізіледі. Бірі тест тапсыру болса, екіншісі —портфолио бойынша жетістіктерін саралау.

  • Мамырдың 15-інен бастап ұлттық біліктілік тест тапсыруға өтініштер қабылданып жатыр. Өтініштер мамыр айының 30-ына дейін қабылданады.Тест тапсыру маусым айына жоспарланып отыр. Педагогтерді аттестациядан өткізуде ерекшеліктер бар. Бұған дейін ұйымдастырылған аттестациялауларға тек мектеп мұғалімдері ғана қатысатын. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның арқасында биылдан бастап кестеге сәйкес мектеп мұғалімдерімен бірге мектепке дейінгі ұйымдарындағы, қосымша білім беру мекемелеріндегі, колледждегі педагогтер, әдіскерлер, мектеп директорлары да біліктіліктерін сынайды. Шілде айында ұлттық біліктілік тестілеуден өткен педагогтердіңпортфолиосы бойынша жетістіктері сарапталады. Аттестациядан өткен педагогтерге қыркүйек айынан бастап жалақыларына тиісінші үстемеақы қосылады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

P.S.Мамырдың 18-інен бастап жергілікті штабтың және өңірдегі санитар дәрігердің рұқсаты болса, балабақшаларда кезекші топтар жұмыс жасай бастайды деп жоспарланған-ды. Дегенмен індет жұқтырушылардың көбейіп кетуіне байланысты балабақшалар ашылмайтын болды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button