БілімБасты жаңалықтар

Жаңа формат. Соңғы тоқсан 

Қарбалас кезде басталған қысқа ғана оқу тоқсанының аяқталуы да жақын. Небары 7 аптаға созылатын биылғы оқу жылының соңғы тоқсанының бітуіне 7-8-ақ күн қалды.

Облыс педагогтеріне үлкен жауапкершілік жүктеген жаңа форматтағы оқыту технологиясы бойынша жұмыстар облыс аумағында қалай ұйымдастырылып жатыр? Бұған құзырлы мекемелердің басшылары не дейді?

Апта сайын Ақтөбе қаласындағы және аудандардағы барлық білім бөлімінің басшылары, мектеп директорларының қатысуымен интернет платформасы арқылы брифинг ұйымдастырылады. Бұл шаралар барысында қашықтан оқытудың аралық көрсеткіштері туралы жан-жақты ақпарат аламыз. Туындаған мәселелер болса, шұғыл шешуге тырысамыз. Оқу процесінің сапалы ұйымдастырылуы жіті бақылауда, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

АҚТӨБЕ

Облыс орталығындағы 83 мектептің 82174 оқушысы қашықтан білім алуда.

Біздің мұғалімдер мектепалды даярлық сыныптарынан бастап 11-сыныпқа дейін барлық пәндер бойынша 1892 онлайн сабақ өткізді. Барлық сабақтар облыстық білім басқармасының YouTubeарнасына орналастырылды. Жалпы 2000-нан астам сабақ түсіру жоспарланып отыр, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов. Биология пәнінің мұғалімдері 70 бейнесабақдайындап, олар республикалық «Балапан», «Еларна» арналарындакөрсетіліп жатыр.

Саян Сүлейменовтің айтуынша, балалардың психологиялық жағдайына да басымдық беріліп отыр. Облыстық білім басқармасының ұйымдастырумен тікелей желі телефоны бойынша оқушыларға психологиялық көмек берілген. Тәуекел тобындағы 41 балаға онлайн-кеңес жүргізіліпті. Қаладағы әр мектепте жасөспірімдерге арналған сенім телефондары жұмыс жасайды.

АЛҒА

Аудандағы 29 мектеп қашықтан оқыту технологиясына көшті. Амангелді, Болгар, Жерұйық, Қарабұлақ, Сарықобда елді мекендерінде интернет желісі тек мектептерде ғана бар. Сол себепті осы ауылдардағы білім шаңырақтарының оқушылары ғана телеарналардағы бейнесабақтардың көмегімен оқиды. Бұл мектептердегі балаларға кері байланысты ұйымдастыру үшін 46 курьер жұмылдырылыпты. Ал қалған мектептегі оқушылар интернет платформаларын  пайдаланады екен.

Көпбалалы 95 отбасыдағы 209 балаға мектептердегі компьютер мен ноутбуктерді уақытша пайдалануға бердік. Сонымен қатар 92 мұғалім компьютермен қамтылды. Оқу сапасы басты назарда, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Марат Төлеуов. Оның айтуынша, облыстық  бюджет қаржысына 130 ноутбук сатып алыныпты. Олардың барлығы мұқтаж отбасындағы оқушыларға таратылған.

ӘЙТЕКЕБИ

Ауданда 30 мектеп бар. Онда 4295 оқушы оқиды. Компьютерлері жоқ оқушылар мен мұғалімдерге білім беру ұйымдарының есебіндегі компьютерлер мен Wi-Fi роутерлер уақытша пайдалануға берілген. Сондай-ақжалпы құны 20 миллион теңгеге 125 ноутбук сатып алыныпты.

Қазір оқушылардың 56 пайызы интернет платформалары арқылы, қалғаны телеарналардың көмегімен білім алуда.

Ауданда компьютер мәселесі  шешілгенімен, интернет жылдамдығының төмендігі, кейбір елді мекендерде мүлдем болмауы көптеген қиындықтар келтірді. Мұндай елді мекендерде курьерлік қызмет ұйымдастырылды. Қазір жалпы 948 оқушыға тапсырмалар үйлеріне жеткізіліп беріледі, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысыҚаныш Жарымбетов. Курьерлік қызметті ұйымдастыру мақсатында аудандық бюджеттен 2 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Бұл қаржыға арнайы киім, антисептик, тапсырмалар салынатын арнайы конверт, қалталар және т.б. қажет құралдар алынған.

БАЙҒАНИН

Бұл ауданда 23 мектеп бар екен. Оның біреуі ғана бастауыш мектеп. Мұндағы 7 мектепте сабақ интернет платформаларының көмегімен өткізілсе, қалған білім шаңырақтарының оқушылары «Балапан» арнасындағы телесабақтар арқылыоқиды.

Педагогтердің бәрі жұмыста. Ешкім ақысыз демалыстарға немесе еңбек демалысына шығарылған жоқ, — дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанаргүл Өсербаева.

Сұранысқа сай 888 бала (374отбасы) ноутбук, компьютермен қамтылған.  Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 180 ноутбук алыныпты. Демеушілер де қолдау көрсеткен. Олар 9 интернет-флешка, 3теледидар, 7 ұялы телефон алып беріпті.

ҚАРҒАЛЫ

Қарғалы — шекарадағы шағын аудан. Мұнда небары 13 мектеп бар. Сұранысқа сай 101 оқушыға ноутбук беріліпті. Оқушылар Kundelik, Bilimland, Daryn.onlinе интернетплатформаларының көмегімен білім алады. Сондай-ақ педагогтер оқу процесінде қосымша ресурс ретінде облыстық білім басқармасының жанынан ашылған Youtube арнасындағы(аталған арнаға ауданның үздік пән мұғалімдері 65 бейнесабақ дайындады), «Балапан»,«Еларна» арналарындағы бейнесабақтарды пайдаланады екен.

Педагогтер де, оқушылар да қашықтан ұйымдастырылып жатқан түрлі байқауларға белсенді қатысып жатыр. Нәтижесі де көңіл қуантады. Мысалы,  мұғалімдеріміз республикалық «ПедСтарт», Qaztest.kz ағылшын тілі мұғалімдерінің олимпиадаларына, «Үздік жас маман» байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болуда, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Индира Сақауова. 800-ден астамоқушы«Мың бала», «Достық», «Золотое руно» секілді жарыстарға қатысыпты. Жүлдегерлер де жетерлік.

ҚОБДА

Бұл аудандағы 25 мектептегі 2568 оқушы жаңа форматта білім алып жатыр. Телеарналардағы бейнесабақтарды 1084 бала пайдаланады екен. Интернетке қолжетімді 6 мектептің оқушылары интернет платформаларды қолданады.Ал интернет желісі жоқ 5 елді мекендегі балалар үшін оқу тапсырмаларын курьерлер жеткізіп береді екен. Курьерлік қызметті пайдаланатын оқушылардың үлесі —  379 бала.Бұл қызмет түрі үшін 32 маман жұмылдырылыпты.Олардың барлығы да қажетті дезинфекциялық құралдармен, арнайы киіммен қамтылған.

Қажеттіліктеріне қарай оқушыларға жалпы 67 компьютер және 210 ноутбук беріліпті.

Облыстық байқауларға 89 бала қатысып, оның 47-сі жүлдегер атанды.  Сонымен қатар оқушыларымыз  республикалық, халықаралық интеллектуалды ойын-байқаулар мен олимпиадаларға  қатысып жатыр, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов.

МӘРТӨК

Ауданда 27 мектеп бар. Интернет платформалар арқылы сабақ өткізетін білім мекемелерінің үлесі — 12 (4066 оқушы).  Қалған 15 мектептіңоқушылары (816 бала) арналардағы бейнесабақтардың көмегімен білім алады.

Сұраныстарына байланысты 285 отбасыдағы 517 балаға мектептердегі компьютер мен ноутбук берілді, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы                            Нұржан Әшімов.

МҰҒАЛЖАР

Ауданда 37 мектеп бар. Мұндағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім, қамқоршылықтағы балаларға мектептегі бар компьютерлер  таратылып беріліпті. Сондай-ақ қажеттіліктеріне қарай оқушыларроутер, ұялы телефон, интернет желісімен қамтылған.

Қазір аудандағы 11 мектептің балалары интернет платформаларын пайдаланса, қалған білім шаңырақтарының оқушылары телеарналардағы бейнесабақтарды қарайды

Интернет желісі жоқ, шалғай ауылдардағы оқушылар мұғалімдермен курьерлер арқылы кері байланыс жасайды. Қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етелді. Курьерлер  тапсырманы арнайы орнатылған жәшіктерге салады, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Ғайни Нұрсұлтанова.

ОЙЫЛ

Аудандағы көп ауылда интернет желісі әлсіз. Сол себепті Ойылдағы 23 білім шаңырағының 18-інде оқитын балаларға (1487 оқушы)«Еларна»,«Балапан» арналарындағы бейнесабақтар арқылы сабақ берілуде. Қалған 5 мектептің оқушылары интернет платформаларды пайдаланады.

Интернет желісі жоқ, желісі әлсіз ауылдардағы балалар үшін курьерлік қызмет ұйымдастырылып жатыр. Пән мұғалімдерінің, курьерлердің жұмыс кестесі жасақталды. Сондай-ақ санитарлық жағдайлар қатаң бақылауда, — дейді аудандық білімбөлімінің басшысы Серік Меруенов.

ТЕМІР

Аудандағы 25 мектептің 12-сінің оқушылары (803 бала) телеарналар арқылы, ал қалған мектептің балалары (6294 оқушы) интернет платформаларының көмегімен  білім алуда.

Жергілікті бюджет қаражатына аудан мектептері үшін 119 ноутбук алыныпты. Сондай-ақ 50 роутер-модем таратылып, 216 оқушы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алған.

Аз қамтылған отбасының балаларына демеушілер де қолдау көрсетті. Олардың көмегімен 27 оқушы үшін интернет желісі жүргізілді. Сонымен қатар 4 үйге «Otau» кабелдік желісі тартылды, — дейді аудандық білімбөлімінің басшысы Гүлнар Нұртазина.

ХРОМТАУ

Бұл ауданда 27 мектеп бар. Онда 7668 оқушы жаңа формат бойынша оқып жатыр.

Қашықтан оқыту технологиясына көшу үшін тиянақты дайындалдық. Алдымен, аудандағы әр мектептің мүмкіндігі, әр оқушының жағдайы зерттелді. Соған сәйкес көмекке мұқтаж отбасы балаларына облыстық бюджет қаражаты есебінен ноутбуктер алынды. Сондай-ақ хромтаулық демеушілер аз қамтылған отбасы балаларына ұялы телефондар алып берді, — дейді аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Барикова.Оның айтуынша, Daryn online, Mektep Onlineинтернет платформаларының көмегімен беріліп жатқан бейнесабақтар өз нәтижесін беруде.

ЫРҒЫЗ

Аудан орталығындағы 4 білім шаңырағындағы оқушылар Күнделік.кз платформасы арқылы оқып жатыр. Қалған 17 мектептегі оқушылар (1639 бала) «Балапан» телеарнасы арқылы білім алуда.

Демеушілер тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы 110 оқушының әрқайсысының ұялы телефондарына2 мың теңге көлемінде бірлік салынып берілген. Сондай-ақ 8 үйге «Otau» құрылғылары қондырылып, 3 үйге интернет желісі тартылыпты.

124 оқушыда  компьютер болмаған-ды. Оларға облыстық бюджет қаражаты есебінен 105 ноутбук берілді. 19 отбасының балаларына білім беру ұйымдарындағы компьютерлер таратылды, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.

ШАЛҚАР

Бұл ауданда 8432 оқушы бар. Мұндағы 16 мектептегі балалар интернет платформалары арқылы білім алып жатыр. Қалған 19 мектептің оқушылары телеарналардың көмегімен оқуда.

Қашықтан оқыту әдісі бойынша білім беруге тыңғылықты әзірлендік. Компьютер, интернет желісіне байланысты мәселелерді зерттедік. Нәтижесінде электронды құрылғысы жоқ оқушыларға мектептегі 330 компьютер берілді. Ал интернет желісі жоқ отбасылардың балаларына тапсырмалар курьерлер арқылы жеткізілуде, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков.

P.S.

Жаңа форматтағы оқу процесін ұйымдастырудағы нақты деректермен көрсетілген сандық көрсеткіш осы. Сапа қалай болмақ? Уақыт — төреші.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button