Жаңалықтар

Бес сым темірмен басталған кәсіп

Гүлсім Елекбаева — Ойыл ауданына танымал кәсіпкерлердің бірі. Оның қолынан шыққан әдемі дүниелерге қызықпайтын адам ауылда кемде-кем.

Жиырма жыл бұрын буындары қатты ауырып, созылмалы дертке шалдығып, арбаға таңылған бойжеткен қандай жағдайда да адамның тығырықтан шығар жолы барын, мүмкіндіктің шексіз екенін көрсетті бізге. Қайсар мінезі мен табандылығының арқасында ауруға берілмей, керісінше бақытты өмір сүруден жаңылмады.

Бір кездері дәрігерлер оған «ішінара сал болу» диагнозын қойып, медициналық сараптама Гүлсімге әуелі екінші топтағы мүгедектің куәлігін берсе, кейін оны бірінші топқа ауыстырды. Ұзақ жылдарға созылған ауру мен арбаға таңылу бойжеткенді әбден титықтатып, оңайға соқпады. Оны уайымнан дәрігерінің «көңілің қалаған бір іспен айналыс» деген кеңесі құтқарды. Сөйтіп, бала кезінде анасынан тоқудың әліппесін үйренген ол қолына тоқитын құралдарын алды.

— Бала күнімде шешем «артық болмас білгенің» деп, қолы қалт еткенде тоқыма үйретіп отыратын. Сол өнер жеке кәсібімді  ашуға ықпал етті. Сол жылдардағы Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ғалия Әмірова ақыл-кеңесін айтып, көп көмектесті. Көрмелерге, жас кәсіпкерлерге арналған түрлі жобаларға ертіп апарды. 2012 жылы Ақтөбе облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Қазкоммерцбанктің» «Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін «Жұлдыздарға қара» жобасын ұйымдастырды. Осы жобаға ертіп апарған да Ғалия Әмірова. Бұл жерде маған 100 мың теңге көлемінде грант табыстады. Бұл ақшаға мен дүкеннен түрлі-түсті тоқыма жіптерін сатып алдым, — деп еске алды Гүлсім.

Тоқуды ермек көретін ол қазір бұл іске бар ынта-ықыласымен кіріскен. «Тоқығанды ұнатамын әрі уақытым текке кетпейді. Дайын тоқылған бұйымды көргенде мәз боламын», — дейді Гүлсім еңбегінің нәтижесін көргенде қуанатынын айтып. Бұрын бес сым темірді серік етсе, соңғы уақытта ілмекпен де «достасыпты».

«Әуелгі уақытта ұршық иіріп, не тоқысам да иірілген жіптен тоқитын едім. Ауылға газ келгеннен бері жүннен тоқылған бұйымдарға сұраныс азайды. Өкінішке қарай, табиғи бұйымдардан біртіндеп ажырап бара жатырмыз. Керісінше, жылыдан гөрі көздің жауын алатын қызылды-жасылды дүкен жіптерінен тоқылған бұйымдар сәнді боп тұр. Үлкендердің кейбірі ішінара табиғи шұлық сұрайды. Сосын ересектерден гөрі балалардың жүн шұлықтары мен қолғаптарына, кеудешелеріне сұраныс жоғары. Тоқылған заттардың бағаларын да соншалықты қымбат қоймаймын. Мысалы, күз бен көктемде киюге ыңғайлы әдемі бас киім — беретті 2-2,5 мың теңгеден ұсынамын. Кроссовка тәрізді етіп тоқылған балалар шұлығын мың теңгеге сатамын, кәдімгі шұлықтарды 800 теңгеге сатуға болады», — дейді тоқымашы Гүлсім.

2011 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастаған Гүлсім көп ізденеді. Реті келсе, көрмелер мен байқаулардан қалмауға тырысады. Мысалы, 2019 жылы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен халық шығармашылық фестиваль-байқауына қатысып, қолөнерден 3-орын және 20 мың теңге сертификатты  иеленді. Өзінің айтуынша, осындай байқаулар адамды қанаттандырады, қамшылайды.

Сондай-ақ, былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ойылдағы аудандық филиалда кәсіпкерліктің негізін үйрететін «Бастау Бизнес» курсын оқып, сертификат алды. Ойлап жүрген жобасын қорғап, нәтижесінде 700 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражатқа ол тоқуға керек құралдар мен ізденіске қажет ноутбук сатып алды.

Қазіргі таңда «Мархабат» атты жеке кәсібін ашып, үйінің бір бөлмесіншеберханаға айналдырып отырған тоқымашы Гүлсім Елекбаева мемлекет қамқорлығына дән риза. Ол 2012 жылы жалдамалы тұрғын үй кілтіне ие болды. Содан бері аудан орталығындағы сол үйінде тұрып жатыр. Оның бер жағында түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз қаржылай көмектерге ие боп жүр.

Сондай-ақ, ол еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан республикалық бюджеттен берілген 5567 теңге мен облыстық бюджеттен бөлінген 20 мың теңгені алды.

— Үкімет әлеуметтік әлжуаз топ өкілдерін үнемі назарда ұстайды. Қай кезде де көмегін аяған емес. Мысалы, мен мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жеке кəсіп аштым. Көріп отырғаныңыздай, еліміздегі қысылтаяң шақта әуелгі кезекте мен секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасалып жатыр. Ризамын. Билік басында жүрген аға-апаларға алғыс айтамын, — дейді Гүлсім Елекбаева.

Гүлсім соңғы уақытта жұмсақ ойыншықтар тоқып жүр. Мәселен, ақ-қара жіптен тоқылған панда, қоңыр, күлгін түсті қонжықтар сүйкімді-ақ және олардың қолдарына бірдеңе ұстатып қоятыны тіпті үйлесім тауып тұр. Тоқылған қуыс кеуде  ішіне халафайбер салып, жұмсақ ойыншықтарға айналдырып отыр.

Дайын болған жұмсақ ойыншықтардың ауылдағы бағасы — 3 мың теңге. Ал бұларды облыс орталығына көрмеге алып келгенде 4,5-5 мың теңгеден өтіп жатады екен. Тоқымашыныңкөзтартарәрібағалытуындысыныңбірі — осы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button