Жеңіс

Ардагерлердің алғысын алды 

Жеңіс-75

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай тыл ардагерлеріне де лайықты құрмет көрсетілді. Шалқар аудандық білім беру қызметкерлерінің кəсіподақ ұйымының төрайымы, мектеп директорлары мен бастауыш кəсіподақ ұйымдарының жетекшілері осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздарды құттықтады.

Ардагер Бижамал Жақсымбетова сол сұрапыл жылдардағы естелігімен бөлісті.

— 1925 жылы Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында дүниеге келдім. Балалық шағым Бұлдырты ауылында өтті. 8-сыныпқа көшкенде соғыс басталды. Отбасыма қолғабыс етіп, шөп орып, егін жинап, барлық жұмысты үлкендермен бірге атқардым. Әкем Жақсымбет 1944 жылы ауыр бейнеттен науқастанып, қайтыс болды. Мен 1943-1944 оқу жылдарында 10-сыныпты бітіріп, педагогика институтына түстім. 1948 жылы оқу орнын бітіріп, жолдамамен Шалқарға келіп, еңбек жолымды бастадым. Жолдасым Нұрқан Шайманов та мұғалім болатын. Ол 2000 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Жолдасым екеуміз 7 бала тәрбиелеп, олардан 21 немере, 20 шөбере сүйіп отырмын. Құттықтағандарыңызға көп рақмет, — деп тыл еңбеккері алғысын айтты.

Сонымен қатар кəсіподақ жетекшілері тыл ардагерлері Бөпей Көрпебаева, Мақпал Карина, Мұңдық Күлекеш, Қаламқас Қартбаева, Кəмпит Жағалова, Сабанбай Нұрмағанбетовтердің үйіне барып, 10 мың теңгеден сыйақы табыс етті. Əрі олар 75 жылдыққа арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы Жеңіс үшін» деген ұранмен ерлер орнын əйелдер, қарттар мен балалар алмастырды. Сіздер сұрапыл жылдардың барлық ауыртпалығын қажырлықпен көтеріп, нағыз патриотизмнің үлгісін көрсеттіңіздер. Ерекше алғысымызды білдіреміз, — деген кəсіподақ жетекшілері мереке иелеріне ризашылығын білдірді.

*   *   *

Ырғыз ауданындағы кəсіподақ ұйымы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай тыл ардагерлеріне 40 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетті.

— Ел басына туған қиын жылдарда қайсарлық пен төзімділік танытып, білек сыбана жұмысқа кіріскен аға буынға бүгінгі ұрпақтың айтар алғысы шексіз. Біз, кəсіподақ ұйымы мүшелері, ауданымыздағы тыл ардагерлеріне қаржылай қолдау танытуды ұйғардық, — дейді қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымына қарасты Ырғыз ауданы білім қызметкерлері кəсіподағының мүшелері.

Сонымен қатар Ырғыз ауданындағы көпбалалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен бала күтімімен үйде отырған жас аналарға да қолдау көрсетіліп, оларға 10 мың теңгеден қаржылай демеу жасалды. Осындай игі бастамалардың басы-қасында жүрген кəсіподақ мүшелерінің де еңбегі еленіп, олар Алғыс хатпен марапатталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button