Жаңалықтар

Өзгерістер уақтылы хабарланады

Төтенше жағдай

Облыс тұрғындарының сауалына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жауап берді.

Облыс әкімінің орынбасары әуелі өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай толық бақылауда екенін айтты. «Госпитальда 517 адам оқшауландырылған, 2251 адам үй карантинінде. Олар барлық уақытта бақылауда болады. Облыста коронавирус ауруын жұқтырған 126 оқиға тіркеліп отыр. Оның 61-і кешегі бір тәулік ішінде тіркелді. Бір мекеменің күзет қызметкерлері, яғни шоғырланған жерден шығып отыр. Қазіргі күні инфекциялық госпитальға жатқызылып, тиісті ем шаралары жасалып жатыр. Әзірге науқастардың тек 11-і ғана сауықты», — дейді М.Шермағамбет. Одан әрі ол төтенше жағдай аясында облыс тұрғындарына көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер жайында айтып берді.

— «Біз біргеміз!» республикалық акциясының екінші кезеңі аясында облыс тұрғындарына үш санаты бойынша 10557 адамға 50 мың теңгеден берілді,  барлығы 527 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында кейбір санат бойынша 6795 азаматқа 340 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Төтенше жағдай салдарынан жұмысы тоқтап, табысынан қағылғандарға арналған 42500 теңге әлеуметтік төлемнің екінші кезеңі басталды. Бірінші кезеңде 214 мың адамға 9 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілді.Сондай-ақ облыс кәсіпкерлері мен қайырымды азаматтар да әлдері келгенше көмек қолын созуда. Айталық, әлеуметтік осал топтарға жататын 10 мың отбасыға 103 миллион теңге көлемінде демеушілік, қайырымдылық көмегі көрсетіліпті. Қазір — Рамазан айы. Ізгілікті іс жасауға ұмтылатындар көбеюде. Әлі де жалғасын табатыны анық, — дейді облыс әкімінің орынбасары М.Шермағамбет.Оның айтуынша, карантин режимін бұзған 1264 адам жазаланып жатыр. Құқық бұзған 236 адам қамауға алынса, 282 адамға айыппұл салынды, ал 41 материал сотқа жолданды.

Облыстың бас дәрігері Әсет Қалиев әлемді жайлап, жүз мыңдаған адамның өмірін қиған бұл аурудың барына сенбейтіндерге бұл ешқандай да статистика немесе көзбояушылық емес, аурудың нақты бар екендігін баса айтты.

  • Бір тәулікте 61 оқиға тіркелді. Бұл жоспарлы скринингтік тексерулер уақытында жүргізілуінің нәтижесінде анықталып отыр. Арнайы бөлінген қаражатқа 24 мың экспресс-тест сатып алынған болатын. Әсіресе, алғы шепте жүрген жол тосқауылдарында жүргендер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері тексеріліп жатыр. Тесттен кейін, лабораториялық тексерулер жүргізіледі. Жұқтырғандарда клиникалық симптомдар білінбеді. Ауру жасырын формада өтіп жатыр. Жағдай жергілікті құзырлы органдардың бақылауында, — дейді Әсет Қалиев.

Әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтарға Бұлбұл Ораққызы жауап берді. Ол әуелі мүгедектігі туралы куәліктің мерзімі аяқталса да, мамырдың соңына дейін автоматты түрде ұзартылатынын және бұған алаңдауға еш негіз жоғын айтты.

Коммуналдық төлем үшін  берілетін 15 мың теңгенің төңірегінде әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Мысалы, көп баласы болғаны үшін анасы жәрдемақы алатын болса, тұрып жатқан үй әкесінің атында болуы мүмкін. Ал бұл жағдайда аталған төлем бұл отбасыға тимейді. Осындай жағдайлар туралы біз Орталыққа жеткіздік. Қазіргі таңда бұл төлем 8 санат бойынша беріледі. Санатқа қатысты өзгерістер халық үшін оң шешіледі деп отырмыз. Ол туралы нақты тағы да хабарлайтын боламыз. Төтенше жағдай кезеңінде белгіленген санат өкілдеріне сәуір, мамыр айларында ай сайын 15 мың теңгеден беріледі. Бұл қаражат ешкімнің жеке есепшотына түспейді, коммуналдық қызметті тұтынып отырған абоненттің дербес шотына аударылады, —   деп түсіндірді басқарма басшысы Бұлбұл Елеусінова. Сондай-ақ, ол 42500 теңге әлеуметтік төлемін алуға облыс бойынша 220 мыңға тарта өтініш тіркелгенін, 200-ге тарта тұрғын өз есепшотын қате толтырғанын, алайда құзырлы мекеме бұны дұрыстауға уақыт беріп отырғанын жеткізді.

Бағдарламаға қатысушылардың бәрі де тұрғындарға шектеулер жеңілдетіле бастаса да, өз өмірінің қауіпсіздігі үшін бейқамдық танытпауларын, сақтық шараларын әркез ұмытпауды қатаң ескертті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button