Басты жаңалықтарМереке

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні

Қадірлі жерлестер!

Құрметті ақтөбеліктер!

Баршаңызды  1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіз ел тарихындағы ерекше күннің бірі әрі бірегейі де осы мереке. Өйткені бұл мереке — бірлік пен достықтың шынайы көрінісі. Барша қауымның жүрегінен орын алған осы мерейлі мерекені Қазақстан халқы ерекше көңіл күймен атап өтеді.

Түріміз басқа болғанымен, тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен, жүрегіміз бір адамдармыз. Баршамызды айрандай ұйыған біртұтас ел ететін тағы бір маңызды фактор, ол — мемлекеттік тіл.

Бүгінгі таңда қазақтың тілін өзінің ана тіліндей еркін меңгеріп, әр салада оны насихаттап жүрген отандастарымыз аз емес. Өйткені халық даналығы: «жылқы кісініскенше, адам түсініскенше» дейді.

Елдегі ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудың бірден-бір жолы — осы. Бір-бірімізді бауыр тартып, түсінісе білсек, қарапайым адам үшін одан үлкен ізгілік жоқ. Мерекенің басты мақсаты да сол — өскелең ұрпақты достықты қадірлеуге үйрету.

Сондықтан бұл мерекенің маңызы үлкен, тарихы терең. Сонау тоқсаныншы жылдары көптеген этнос өкілдері өз тарихи отандарына жаппай кете бастағанда, өз таңдауын жасап бізбен бірге қалғандар аз емес.

Осы отандастарымыз өздерінің және ұрпақтарының болашағын бізбен бірге байланыстырды. Яғни қызықты да,  қиындықты да бірге бөлісті.

Соның шынайы белгісі, елде жарияланған төтенше жағдай кезінде бірден аңғарылды. Бәріміз бір адамдай тәртіпке бағындық. Ел іргесіне келген індеттің кең тарап кетуіне жол бермей, ұйымдаса білдік. Яғни бірлік пен өзара түсіністіктің арқасында біз өзіміздің ұйысқан ел екендігімізді көрсеттік.

Бауырларымызда елбасына түскен сын сағатта шеттеп қалмады. Алғашқылардың бірі болып қайырымдылық шараларына атсалысты.  Тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандарға демеу бола білді. Қазақтың  «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалы осындайда айтылса керек.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше еліміздегі COVID-19 індетіне байланысты мәлімдеме жасаған еді. Онда осындай жағдайда халқымыз үшін мемлекет тарапынан берілген көмектер жайлы айтылды. Мемлекет басшысы карантин шараларының жаңа тәсілдері енгізілетіні жөнінде хабардар етті. Қауіптің әлі де сейілмей тұрғаны жайлы айтты. Осындай себептермен төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды.

Біздер, ақтөбеліктер, осы уақытқа дейін өзіміздің ауызбіршілігімізді көрсеттік. Індетті таратпаудың амалын жасап, үйлерімізде оқшауланып отырдық. Шүкір дейік, арамыздан шығын шығармай осы күнге де жеттік. Еңбегімізді еш кетіріп алмайық. Енді қырқына шыдағасын, қырық біріне де шыдайық. Көбі кетіп, азы қалды.

Осы сәтті пайдалана отырып баршаңызға алғыс білдіремін.  Береке мен бірлігіміз арта берсін!

Құрметпен, облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button