Құқық

Қызмет алушылар өз құқығын біле ме?

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңында көрсетілгендей қызметті алушылардың өз құқықтары бар. Мәселен, олардың мемлекеттік қызметтерді алу кезінде тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуге, толық әрі анық ақпарат  алуға, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен шағымдануға, заңнамаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті қағаз және (немесе) электрондық нысанда алуға құқылы. Сондай-ақ  мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру мақсатында  нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын жария талқылауларға қатысуға және мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқығы бар.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше жағдайлар көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең жағдайда ала алатындығын білуі қажет.

Осы ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бұзылу сұрақтары бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететіндігін айтамыз. Статистикаға сүйенсек, департаментке қызмет алушылар көбіне қызмет берушілердің мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кезіндегі әрекеттері мен негізсіз бас тартулары бойынша шағымданады.

Мәселен, департаментке жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылмауын қамтамасыз ету бойынша 2018 жылы 26 өтініш түссе, 2019 жылы 40 қызмет алушының өтініші қаралды. Ал 2020 жылдың 1-тоқсанында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласына қатысты 12 өтініш түсіп, тиісті шаралар алынды.

Қызмет көрсету барысында заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға тәртіптік жауапкершілікпен қатар, ҚР ӘҚБ кодексінің 465-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.

Сонымен қатар азаматтар «Digital agent»мобильді қосымшасын қолдану арқылы өз мәселесін жедел түрде шеше алады. «Digital agent» мобильді қосымшасы — әр қызмет алушы азаматтың оған көрсетілген қызметіне қанағаттануын айқындау мен алынған қызметтің сапасына қатысты өз пікірін ашық білдіру үшін енгізілген құрал. Ендігі кезекте, егер сізге қызмет көрсетуден бас тартса, қызмет көрсету мерзімі бұзылса, артық құжат талап етілсе, осы мобильді қосымша көмегін пайдалана аласыз. Департамент азаматтардың мәселелерін барынша жедел түрде шешуге көшті. Қазіргі таңда тұтынушының әр пікірі мен бағасы біздің бақылауымызда.

Мемлекеттік көрселетін қызметті алу тәртібі туралы ақпаратты 55-09-42 телефон нөміріне хабарласу арқылы ала аласыздар.

Нұркамал ШАМИШЕВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button