Билік

Облыс әкімі орталық жетекшілеріне грант тапсырды

Тарихи Отанынан ренжіп қайтқан чехтар облыс әкімі мен ақтөбеліктерге алғыс айтты.

Сенбі күні Мәдениет орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық атқарушы хатшылығы кезекті ХІІІ сессиясын өткізді.

Сессияда облыс әкімі Елеусін Сағындықов:

– Бұл сәті түскен кездесу болды. Қазақстан халқы Асссамблеясының мемлекетіміздегі тұрақтылық пен халықтар  арасындағы ынтымақтастықты сақтаудағы ролі ерекше. Сондықтан Елбасы биылғы «Дағдарыстан – дамуға» атты Жолдауында сіздерге ерекше сөз арнады. Әлемдік дағдарысты бірге еңсеруге шақырды. Біздің мақсатымыз бір, дініміз басқа болғанымен, намысымыз бір, Отанымыз – кең байтақ Қазақстан.

Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында барлық елдер бір-біріне осы сын шақтан қалай өтеді екен деп қарап отыр. Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін құрметтеп, тұғырымыздың беріктігіне тәу етуіміз қажет. Біздің Қазақстан өзге елдерге үлгі-өнеге болатынын көрсетті. Жеріміз кең, гүлдену бар, білек сыбанып еңбек етуіміз қажет. Елбасы айтқандай, «саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді», – деді. Сондай-ақ, ол былтыр елімізде өткен ірі мәдени шараларды – ел болып елордамыз Астананың 10 жылдығын, «Қазақстандағы Украина жылын» тойлағанымызды, ал осы жылды «Германиядағы Қазақстан жылы» деп атағанымызды айтып өтті. Әсіресе, әлемдік дағдарыс пен облыс экономикасына тоқталып, Елбасымыздың осы сын шақта қазақстандықтарды материалдық қолдау мақсатында қаржы бөліп отырғанын, жақында ғана студенттерге стипендия мен оқу ақысын, жас ғалымдарға грант тапсырғанын, одан кейін ғасырдан да ұзақ жасаған қарттар мен нәрестелі боп жатқан аналарға ақшалай сыйлық жасағанын айтты.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыстағы ұлттық мәдени орталықтарының жетекшілеріне әрқайсысына 70 мың теңге көлемінде грант табыстады.

Сонымен бірге облыс әкімі «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Моисеенкоға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет граматосын тапсырды.

Облыста былтыр құрылған Достық үйінің директоры Жеңісбек Қалқабеков Достық үйінің ғимараты Сәңкібай батыр даңғылы, 20 «а» мекен-жайында салынып жатқанын, алдағы уақытта облыстағы ұлттық-мәдени орталықтарының ортақ үйі болатынын қуанышпен жеткізді. Өткен жылы орталықтардың барлығына ұлттық киімдер тігуге қаржы бөлінгенін және олардың қазіргі жай-күйін қысқаша баяндады.

Өткен жылдары облысымыздағы чехтар тарихи Отанына жаппай көшіп кеткен еді. Осы кеште сол көшпен кеткендердің бірі Валентина Пэстро ол жаққа барғанда өздерін ешкім жылы қабақпен қарсы алмағанын, тіпті, «Қазақстанда халықтар арасында дискриминация бар ма, неге келдіңдер?» деп сұрағанын, ал өзі: «Қазақстан – көп ұлтты ел, алайда барлық халық бір-бірімен дос», – десе, «Онда неге келдіңдер, қайта кері көшіңдер» деген сөз естігенін ренжіп жеткізді. Сондай-ақ, ол облыс әкіміне және ақтөбеліктердің жылы шырай танытып, қайта қабылдағанына алғыс айтты.

«Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Моисеенко қазір облыста 38 мың украин тұратынын және олардың басын қосатын ұлттық-мәдени орталығының тыныс-тіршілігін баяндады, сөзінің соңында Ақтөбе қаласының құрылуына ат салысқан украин азаматтарының есімін мақтанышпен айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрқайыр Телеуов ақсақалдар кеңесінің биыл құрылып, жұмысын бастап кеткенін айтты.

«Қазақстан кәрістері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы Константин Цхай Елбасының Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауының маңыздылығын қолдау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ХІІІ сессиясына қатысушылары мен «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің «...барша отандастарымызды этностар арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға, бейбітшілік үшін ұстамдылыққа, шыдамдылыққа шақыратын» Үндеуімен таныстырды.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button