Құқық

Қызметтерінен босатты

Тәртіптік кеңес

Әр шенеуніктің өзіне жүктелген міндеті, қызмет шеңбері бар. Мәселен, Алға ауданының әкім аппараты кеңсе бөлімінің бастығы Асқар Тайжановқа негізінен әкімдіктің ішкі шаруашылық жұмыстары жүктелген.  Әкім аппараты балансында тұрған автокөліктердің жарақтылығын қадағалау соның біреуі ғана. Осы автокөліктердің техникалық ақауларын жөндеу және қызмет көрсетуге әкім аппараты биылғы жылдың 16 ақпанында бағалық ұсынымдарды сұрату арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу негізінде 145750 теңгеге «Данай-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасады. Қаралған қаржы көрсетілетін қызмет үшін алдын ала төлем есебінде аталған серіктестіктің есеп- шотына аударылады. Көліктердің жөнделуімен байланысты жасалған акт негізінде аударылған ақша қаражаттары есептен шығарылады. Алайда, Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) тексеруі кезінде бұл қаражаттардың заңсыз есептен шығарылғаны анықталды. Әкім аппаратының кеңсе бөлімінің бастығы А.Тайжанов серіктестікке аударылған бюджеттік қаржыны жеке мақсатқа пайдаланғаны белгілі болды. Ол әкімдіктен өз атына берілген сенімхатты малданып, мемлекеттік мекеменің балансындағы автокөліктерге қосып, өзінің жеке көлігін де жөндеттіріп алған. Оған бюджеттік қаржы есебінен 36960 теңге  жұмсалған.

Демек, шенеуніктің  қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып, қылмыстық әрекеттерге барғаны бұлтартпайтын фактілермен дәлелденіп отыр. Алайда, Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті аталған фактіні құжаттандыру барысында өз кінәсін мойындап, жасаған теріс қылықтарына қатты өкініш білдіріп жазған арызын, мемлекетке келтірген материалдық залалды толық өтегенін ескеріп, қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.

ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысындағы Тәртіптік кеңесінің сәрсенбі күнгі отырысында осындай әрекеттеріне байланысты тәртіптік ісі қаралған Асқар Тайжановты Тәртіптік кеңес мүшелері бірауыздан қызметінде қалдыруға болмайды деп шешті.

Қаржы полициясының тексеруі Байғанин ауданының бірқатар орта мектептерінде қаржы мәселесіндегі берекетсіздіктің орын алып отырғанын көрсетті. Бюджет қаржысын мектеп директорлары мен есеп қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып қалталарына басқаны анықталды. Тәртіптік кеңестің осы отырысында мәселелері талқыланған Байғанин ауданының Матайқұм орта мектебінің директоры Мақсат Абжанов 307726 теңгені,  Көкбұлақ орта мектебінің есепшісі Эльмира Қадақова 227160 теңгені жалақы ретінде артық алған. Жаңатаң, Байғанин орта мектептерінің есепшілері Айнұр Жексембаева, Гүлзия Ыбырайымның да әрекеттері осыған ұқсас. Мектеп кассасына қол салып, бюджет қаржысын өз қажеттеріне жаратқан. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде қылмысын мойындап, кешірім алып, жазасын жеңілдеткен олардың әрқайсысы Тәртіптік кеңестің отырысында түрлі дәлел айтып, өз қызметтерінде қалуға тырысып бақты. Бірақ Тәртіптік кеңес мүшелері олардың бірде-біреуіне жеңілдік жасамады, бірауыздан қызметтерінен босатуға ұйғарым жасады.

Бұл күнгі Тәртіптік кеңестің отырысында  алты мәселеге байланысты 15 тәртіптік іс қаралды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button