Жаңалықтар

42500 теңге: тұрғындар сауалы таусылар емес

Дүйсенбі күні «Aqtòbe» телеарнасындағы «Індет пен міндет» бағдарламасына 

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова қатысып, ақтөбеліктердің тікелей эфир арқылы қойған сұрақтарына жауап берді.

Алдымен қала әкімінің орынбасары Ақтөбедегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, қалалық әкімдік жанынан құрылған жедел штабтың жұмысы туралы айтты. Ал  Мақпал Тұрмағамбетова бүгінгі таңда «жыр» болған 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақының кімдерге берілетінін айтты. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы бойынша 300 мыңнан астам арыз түскен. Ал төлемге қол жеткізгендер саны — 122 мың адам.

Бұған дейін бірнеше мәрте 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақының кімге тиесілі, ал кімге тиесілі емес екендігі туралы бірнеше рет ресми мәлімет берілсе де, тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдар таусылар емес. Бірі 42 500 теңге алуға өтініш бергенін, бірақ әлі хабар ала алмай отырғанын айтып хабарласса, енді бірі аталған жәрдемақыны кейін қайтарған. Бірақ «аталған қаражатты қайтадан алуға бола ма?» деп сұрақ қойды.

— «Неліктен маған бұл жәрдемақы тиесілі емес?» деп сұрайтын азаматтар көп. Айта кетейік, төлемдерді біздің мекеме жүргізбейді. Бұл жерде бірнеше мәселе болуы мүмкін.Қайта-қайта өтініш жасаудың қажеті жоқ.Бір реттік жиынтық төлемді (2561 теңге) төлегеннен кейін сол сәтте өтініш жазсаңыз, онда жәрдемақы берілмеуі мүмкін. Өйткені бір реттік жиынтық төлем ең алдымен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсуі керек. Содан кейін құжат рәсімделеді. Ал егер төлем уақытынан кешігіп жатса немесе сіздің өтінішіңіз не себепті кері қайтарылғанын білгіңіз келсе, 1414 нөміріне хабарласуыңызға болады,— деді Мақпал Тұрмағамбетова.

Ал тікелей эфир арқылы хабарласып, 1, 2, 3-топтағы мүгедектерге тиесілі 20 мың теңгені алу үшін қайда барып тіркелу керектігін сұраған тұрғындарға:

— Бұл үшін ешқайда барып тіркелудің қажеті жоқ. Аталған топтағы мүгедек азаматтардың барлығына кезең-кезеңімен 20 мың теңгеден аударылатын болады, — деп жауап берді.

Тікелей эфир барысында  коммуналдық төлемдер үшін беріліп жатқан 15 мың теңгенің кімдерге тиесілі екенін сұрап хабарласқандар да көп болды. Бұл сұрақтың жауабын ақтөбеліктер 909 605 нөміріне қоңырау шалып, біле алады.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайтындығы туралы мәлімдеген болатын.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button