Жаңалықтар

Алаяқтарға алданып қалмаңыз!

Бүгінде әлеуметтік желілерде көптеген қазақстандықтардан жеке мәліметтерін сұрату арқылы электронды цифрлық қолтаңба алуға көмектесу, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардан ЖСН, ЭЦҚ, банк картасының нөмірін, тіпті оның пин-кодын сұрай отырып, әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеп беру қызметін көрсету секілді ұсыныстар түсуде. Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтардың мұндай қызметтерден бас тартуын сұрайды.

Өйткені, жеке мәліметтерін, оның ішінде электронды цифрлық қолтаңбасын бөтен адамдарға беру арқылы азаматтар жеке деректері мен мүліктеріне қауіп төндіретінін түсінуі керек. Оның үстіне, аталған төлем азаматтардың шотынан өздерінің «қолғабыс етуімен» ұрлануы мүмкін.

Электрондық цифрлық қолтаңба мен оның құпиясөзін алған алаяқтар азаматтың egov.kz-тегі барлық жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Оған қоса, олар жалған келісімдер жасасу үшін оның атына кәсіпкерлік ашып, баспанасына бейтаныс тұлғаларды тіркеп, тіптен көлігін өзге адамның атына шығара алады. Банк картасының ПИН-кодын  алғаннан кейін алаяқтар ондағы барлық қаражатты шешіп алуы мүмкін, — дейді  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік  корпорациясы  КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз қызметкері Әсел Мұстафина.

Сондай-ақ ол қазақстандықтардың онлайн түрдегі мемлекеттік қызметтердің барлық мәселесі бойынша, соның ішінде ЭЦҚ мен жаңа әлеуметтік төлем түрі бойынша ақысыз түрде және еш қауіпсіз 1414 бірыңғай байланыс орталығынан көмек ала алатындығын айтады. Қоңырау шалу тегін. Қазіргі уақытта оның жұмысына халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам қызметкері тартылған.

Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісінде «eGov помощь» тобы құрылды, онда қарапайым желі қолданушылары, IT-мамандар және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерінен тұратын бірқатар еріктілер жиналды. Олардың барлығы egov.kz порталының белсенді қолданушылары, олар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алады және азаматтарға электрондық үкімет порталын пайдалануды үйретуге дайын. Сондай-ақ еріктілер азаматтардан еш жеке деректерін талап етпейді, тек сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестер беру арқылы мемлекеттік қызметті алуға көмектеседі. Егер азамат ескертуімізге қарамастан, ақылы түрде күмәнді «көмекшілердің» қызметтерін пайдаланып үлгерсе және жеке мәліметтерін берсе, Азаматтарға арналған үкімет оларға ЭЦҚ-ның құпиясөзін pki.gov.kz-тегі жеке кабинеті арқылы өзгертуді немесе кілттердің күшін жоюды ұсынады, — дейді Әсел Мұстафина.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button