Жаңалықтар

Бағаны негізсіз жоғарылатқандарды автоматты жүйе анықтайды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша  департаменті биылғы жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттік сатып алулардан 62 миллион теңгеден аса қаражат үнемделгенін хабарлады. Бұл «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау  жүйесі арқылы жүргізілген мониторинг негізінде анықталды.

Биылғы жылдың қаңтарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен  «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы бірлесе «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесін жүргізуді бастаған еді. Сол кезден бері  тауарлар мен қызмет түрлеріне сатып алу лоты жарияланғанда, бағаны негізсіз жоғарылататын мемлекеттік сатып алу процесіне қатысушылар автоматтандырылған талдау арқылы анықталып отырды.

Лоттағы  тауарлар мен қызметтердің  орташа  бағасы  осындай тауар не  қызмет түрлеріне жарияланған өзге лоттардағы бағамен автоматты түрде салыстырылғандықтан, алшақтыққа жол берген мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор нысандары бірден анықталады.

Осы департаменттің бас маманы Н.Қалдыбаевтың айтуынша, мұндай баға бұрмалаушылығына жол бергендерге  орташа нарықтық бағаларды қолдану ескертіледі. Соған қарамастан мемлекеттік сатып алу саласы құқықбұзушылыққа бейім әрі осы салада қылмыстар жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2019 жылы  Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы қызмет Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік сатып алу саласында 14 құқықбұзушылықты анықтады. Ал 2018 жыл бойынша  мұндай 9 дерек тіркелген еді.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Ақтөбе облысы бойынша  департаменті  мемлекеттік сатып алу бойынша алдын ала дайындалып жатқан немесе заң бұзғандар туралы дәлелді ақпараттарды білетін азаматтардың «1424» телефонына қоңырау шалып, не бірыңғай call-орталыққа  хабарласуын сұрайды.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button