Құқық

Ақтөбеде 31 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Елімізде енгізілген төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға қатысты бірнеше факті анықталды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы жедел штабы хабарлады.

Аталған жедел штаб хабарламасына сүйенсек, облыс прокуратурасының үйлестіруімен аудандық прокуратуралардың және жергілікті полиция қызметінің мобильдік топтары жүргізген бірлескен рейд нәтижесінде бірнеше құқықтық тәртіп бұзу дерегі тіркеліп, 18 наурыздан бастап барлығы 31 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мысалы, медициналық масканы алып-сатқаны үшін сот қаулысымен бір адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 463-бабы бойынша 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Одан барлығы 9500 маска тәркіленіп,облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілді.
Төтенше жағдай кезінде шектеулерді сақтамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабының 6-тармағы бойынша кафелердің, барлардың, жалпы алғанда 15 қоғамдық тамақтану орнының иелері мен әкімшілері жауапкершілікке тартылған. («Версаль», «Атлант», «Мята», «Легион», «Салем», «Black Barry», «Нұржау», «Саз сырнай» 2 рет, «Питос», «Свежак», «Ардағым», «Донер Хаус», «Ассорти», «Пивной бар»).
Осындай жауапкершілікке 5 сауда үйінің, сауна/моншалар мен букмекерлік кеңселердің және ойын клубтарының иелері де тартылған («Арай», «Каргала», «Тарелка», «Лото Клуб» 2 рет, «Киял»).
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабының 3-тармағы бойынша санкцияланбаған жиналыс ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін 5 жеке тұлға жауапқа тартылған. Оның ішінде 3 адам 10 тәулік мерзімге қамауға алынып, 2 адамға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ, 1 жеке тұлға «Фейсбук» желісінде төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпсіздік туғызатын жалған ақпаратты жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Инстаграм» желісінің 2 белсенді пайдаланушысы үй карантинін бұзу және қоғамдық орындарға бару туралы жалған ақпарат салды. Бұл ақпарат қоғамдық резонанс туғызып, теріс пікірлер қалыптастырды. Арандатушылық әрекеттері үшін олардың біреуі 3 тәулікке қамалды, екіншісіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 478-бабы бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 476-бабы бойынша мұндай құқық бұзғандаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (26510 теңге) айыппұл және 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылады. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 478-бабының санкциясы 40 айлық есептік көрсеткіш (106040 теңге) мөлшеріндегі айыппұл мен 30 тәулікке дейінгі қамауға алуды көздейді. Сондықтан тұрғындардан төтенше жағдай режимін сақтауға және құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін іс-әрекеттерден сақ болуға шақырамыз», — делінген хабарламада.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button