Құқық

Ақтөбеде тәртіп бұзғандарға қатысты 18 дерек анықталды 

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары елдегі төтенше жағдайға қатысты арнайы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Мұндағы мақсат — халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әр тұрғынның жеке бас гигиенасын сақтауы маңызды екенін түсіндіру. Бұл бағытта күн сайын тәртіп сақшылары ерікті-студенттермен бірге көңіл көтеру орталықтарын аралап, рейд өткізеді. Осы орайда волонтерлер медициналық маска, қолғап, антисептиктермен қамтылғанын айта кету керек.

Ресми дерекке сәйкес, елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өңірде 18 тәртіп бұзушылық анықталған. Негізінен дәмхана, мейрамхана, компьютерлік клубтардың иелері сағат 22.00-ден кейін банкеттер өткізуге қарсылық танытпағаны белгілі болды.

Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар күн сайын дезинфекциялық жұмыстарды жасауға, аумақта тазалық талаптарын орындауға шақырады.

Көпшілікке белгілі болар, пандемияға байланысты ірі сауда орындары сағат 10.00-18.00, ал азық-түлік сатпайтын базарлар сағат 11.00-17.00 аралығында жұмыс істеуі керек. Өз кезегінде дәмхана мен мейрамханаға 50-ден артық адам жиналмауы және олар басқосуын сағат 22.00-ге дейін тәмамдауы керектігі — жалпыға ортақ талап. Бұған құлақ аспағандар 10 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 15 күнге қамауға алынады..

Полицейлер заң бәріне ортақ екендігін, оған қарсы шыққандар жазаланатынын ескертеді. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button