Басты жаңалықтар

Облыс әкімі медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен орынбасары Мейрамбек Шермағанбет М.Оспанов атындағы медицина университетінің №2 жатақханасында болып, оқшауланған азаматтарды жатқызуға арналған бөлмелермен танысты.
Жатақханада бүгінгі таңда 350 төсек орны әзірленген.
Сондай-ақ бұл күні облыс басшысы жедел жәрдем бригадасының сақтық шаралары үшін жасалған медициналық жабдықтарымен танысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша мұндағы медицина қызметкерлерінің барлығы 56 мың бір реттік маскамен, 500 дана арнайы киіммен қамтылған. Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, қосымша көпреттік киім қорлары да жеткілікті. Бүгінгі таңда мұндай жедел жәрдем бригадасы барлық ауданда бар, ал облыс орталығында бесеуі жұмыс жасайды. Басқарма басшысы азаматтарды оқшаулау мақсатында әзірленген төсек орындары санын бұдан да көбейтіп, 3000-ға дейін жеткізуге мүмкіндік бар екендігін айтты.
— Қиын-қыстау кезеңде күндіз-түні жұмыс жасауға жұмылдырылған облыстағы 500-ге жуық медицина мамандарын ынталандыру мақсатында жалақысын көтеру мәселесін қолға алыңдар, республикалық бюджеттен өзге жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастырылсын, — деді Оңдасын Оразалин.
Бақылау орындарымен танысқан аймақ басшысы ақ халаттылармен кездесіп, оларға қолдау білдіретіндігін айтты. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбеде 840 бақылау орындары жасақталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button