Басты жаңалықтар

Кәсіпкерлердің көмегі — 750 мың теңге

«Ел болып жеңеміз!» Осындай атпен ақтөбелік фермерлер коронавируспен күресіп жатқан ақ халаттыларға ақшалай көмектерімен үн қосты.  Ақтөбе фермерлер орталығы ұйымдастырған бұл шараға аудан, ауылдардан 200-ден астам кәсіпкер атсалысқан.

Олар мұндай ортақ бастаманы бірауыздан қолдап, бас-аяғы 2-3 сағаттың ішінде 750 мың теңге ақша жинап берген. Әркім өзінің шамасына қарай берілген қаражат бір жерге жиналып, Халық банкінде ашылған есепшотқа аударылды.

Мемлекеттің шағын және орта бизнес саласына жасаған қолдаулары мен жеңілдіктерін көріп отырмыз.  Осындай сын сағаттарда біздің де қарап отырғанымыз болмас. Күні кеше Халық банкі өзі бастап дәрігерлерге 100 миллион теңге берді. Соған үн қостық. Бұл — ортақ іс. Аурумен ең бірінші дәрігерлер бетпе-бет келеді. Күндіз-түні күреседі. Олардың жұмысын бағалау керек. Елімізде өзіміздің балаларымыз, болашақ ұрпағымыз тұрады. Әрқайсысының денсаулығына жауапты ақ халаттыларға көмек — елге көмек, — дейді фермерлер орталығының өкілі Руслан Шүйіншалин.

Оның айтуынша, қаржылай бере алмағандар оның орнына қой, ірі қараларын ұсынып жатыр екен. Олар Наурыз мерекесінде арнайы мал сою алаңында сойылып, қарттар үйі мен мүгедектер қоғамына таратылып беріледі. Сонымен қатар, алдын ала алынған тізім бойынша 130 адамға ет тегін үлестіріледі.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button