Басты жаңалықтарЭкономика

«Шалқар PREMIUM-2» минералды су құю зауыты ашылды

Шалқар қаласында «Минеральные воды Казахстана» ЖШС «Шалқар PREMIUM-2» минералды су құю зауытының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы — 9959,1 шаршы метр, кірме теміржол ұзындығы — 816 метр, зауыттың өндірістік қуаты 1,5 литрлік «Шалқар» емдік-асханалық минералды суын айына 2 400 000, ал 0,25-05 литрлік «Шалқар» минералды суын айына 1 500 000 бөтелкеге дейін өндіруге әлеуеті бар. Зауытты іске қосу үшін тартылған инвестиция көлемі 580 000 000 теңгені құраған.

Зауыттың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Бауыржан Қаниев мемлекетімізде жүргізіліп отырған сындарлы саясатының арқасында еліміз өркендеу мен жаңару жолына түсіп, еңсеміз жылдан-жылға биіктеп келе жатқанын айтты.

Сондай игіліктің бір айғағы — Шалқар қаласында ерекше жаңалық болып отырған Шалқар минералды су зауытын қайта құрудың екінші кезеңінің аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріліп отырған  «Шалқар PREMIUM-2» минералды су құю зауытының ашылуы болып отыр.

Аудан басшысы облыстық мәслихат депутаты, ауданның белді кәсіпкері Бердібек  Шәкірбекұлының қолдауымен ашылып отырған бұл зауыттың пайдасының зор екенін ерекше атап өтті. 90 адам жұмысқа тартылатын кәсіпорыннан қаншама отбасына кіріс кіріп, әлеуметтік жағдайлары түзелетініне тоқталды.

Зауыттың салтанатты ашылу шарасына жиналған жұртшылықты ұлттық мереке — Наурыз мейрамымен құттықтап, отбастарына бақ-береке тіледі.

Осы қуанышты шара барысында жиналған қауым тағы да жақсы жаңалықтардың куәсі болды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан көпбалалы және толық емес, сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға пәтер сертификаттары табыс етілді. Мұндай қуанышқа 15 отбасы бөленіп, мереке қарсаңында өздеріне үлкен сыйлық жасаған облыс және аудан басшыларына алғыстарын жаудырды. Олардың қатарында бірінші топ мүгедегі Азат Махамбетов, толық емес отбасылары Нора Сәрсенбаева, Венера Әбдіжәмілова, Ақбасар Құрмантаева және көпбалалы аналар Дәмелі  Жылқаманова, Бақыткүл Күншібаева,  Жаңагүл Көшеновалар, т.б. бар.

Сонымен қатар денсаулығын түзеуге мұқтаж 20 адамға санаториялық шипажайға жолдамалар табыс етілді. Олардың қатарында «Алтын алқа» иегері Күләш Байсейітова, Ұлы Отан соғысы мүгедегінің жесірлері Айман Көбеева, Кәбира Қуанова, «Күміс алқа» иегерлері Күлпан Көшербаева, Жаңылған Уәлиева, т.б. бар.

Қала тұрғыны, еңбек ардагері Боранбай Дәменов зауыттың алдағы жұмысының оң жүруіне, елге пайдасының тиюіне ақ тілегін арнап, батасын берді.

Біз салтанатты сәтте қуанышқа бөленген аналарды әңгімеге тартқан едік.

Ақбасар ҚҰРМАНТАЕВА, жалғызбасты ана:

— 2007 жылдан бері үй кезегінде едім. 10 жылдан бері қаламыздағы қарттарға арналған жатақханада тұрамын. Оған дейін балаларыммен пәтер жалдап тұрдық. Екі балам бар. Қызым Гүлназ 2-курс студенті. Көп жылдан бері қоғамдық жұмысқа тартылып, көше тазалығымен айналысамын.

Міне, биыл Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында екі бөлмелі пәтер сертификатын алып, отбасымызбен үлкен қуанышқа кенеліп тұрмыз. Ерекше толқып, көтеріңкі көңіл күйдеміз. Көптен күткен баспаналы болу арманымыздың орындалғанына, жағдайымызды ескеріп, бізге сый жасаған басшыларға ризашылығымызды білдіреміз.

Күләш БАЙСЕЙІТОВА, «Алтын алқа» иегері:

— Аллаға шүкір, 9 балам бар. №8 орта мектепте кіші қызметкер болып еңбек етіп, осыдан екі жыл бұрын зейнеткерлікке шықтым. Жолдасым 2012 жылы қайтыс болды.

Осы наурыз айында мерейлі 60 жасқа толдым. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында шипажайға демалуға сертификат алып тұрмын.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button