Пікір

Тапсырманы да орындайық, тәртіпке де бағынайық

Гүлайым ЖОЛАУШЫБАЙ,

№19 мектеп директорының

оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Дәл қазіргі уақытта еліміз бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайды басынан өткізіп жатыр.  Ес білгелі республика аумағында төтенше жағдай жарияланып, еліміздің үлкен қалаларында карантин режимі енгізілгенін көрмеппіз. Тек Қазақстанды ғана емес, дүниежүзін алаңдатып отырған коронавирус індеті күн санап ушығып барады.

Аты жаман індеттің алдын алу үшін ел ішінде санитарлық режим күшейтіліп, қоғамдық тәртіп бақылауға алынды, көпшілік қауымның қатысуымен өтетін іс-шаралар тоқтатылды. Оқушылар мерзімінен бұрын демалысқа, ал студенттер қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Бірақ осы ретте, бұл жасалып жатқан шараларды тұрғындар дұрыс түсінсе екен деймін. Карантин режимі енгізілген қалаларда оқып жатқан немесе аталған мегаполистерге қонаққа барған азаматтардың өзінің және өзіне жақын жандардың амандығы үшін сол қалаларда бола тұрғаны жөн. Қаланың өзге өңірлермен байланысын уақытша тоқтатып, оқшаулауы — індеттің таралып кетпеуін қадағалау.  Сондықтан  теміржол, әуе қатынастары тоқтады екен деп, өзге облыстарға таксимен шығудың қажеті жоқ. Бұның барлығы — тұтас бір елдің денсаулығы үшін жасалып жатқан шаралар.

16 наурыздан бастап мектеп оқушылары каникулда. Ал мұғалімдер қауымы тапсыруы тиіс қағаз-құжаттарын электронды түрде жазып, онлайн режимде орындап жатыр. Осы ретте, балалары демалыста жүрген ата-аналарға балаларын адам көп шоғырланған жерге жібермеулерін сұраймыз. Автобусқа отырып, дүкенге барған кезде медициналық бетперде киіп, гигиеналық талаптарды сақтап жүруін қадағаласа  дейміз.

Тарихқа көз жүгірсек, ата-бабаларымыз бұдан да қиын кезеңде өмір сүріп, сол қиындықтарды бірлігі мен ынтымағының арқасында жеңе білген. Мемлекет басшысы атап өткендей, «татулық пен тұтастықтың арқасында кез-келген қиындықтан шығуға болады». Бұл — уақытша дүрбелең.

 Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button