Пікір

Аспаздық сырын үйреніп жатырмын

Нұргүл РАМАЗАНОВА, 

«Өркен» үлгілі 

балалар вокалдық тобының жетекшісі.

Коронавирус инфекциясын таратуға жол бермеу мақсатында Қазақстан аумағында Президент Жарлығымен төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі. Осыған орай облыстық халық шығармашылығы орталығында да қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жоспарланған мәдени іс-шаралар кейінге шегерілді.

Сондай-ақ, қызметкерлерге кезекті еңбек демалысын алуға болатындығы хабарланды. Осы орайда мен де «Өркен» үлгілі балалар вокалдық тобының жетекшісі болғандықтан, кезекті еңбек демалысымды алуды ұйғардым. Бірақ вокалдан сабақ беруден қол үзбей, жұмысымды онлайн жүйесімен жүргізуді жөн санадым. Қазіргідей технология дамыған заманда бұл өте тиімді.

Әлеуметтік желілер арқылы тарайтын түрлі қауесеттерге иланбай, мемлекеттік органдардың, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттарын басшылыққа алғанымыз дұрыс. Дәрігерлердің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, індеттен қорғану үшін гигиена сақтасақ, бәрі жақсы болады. Ең бастысы, сабыр — ақыл серігі екенін ұмытпайық. Сосын бос уақытты мейлінше тиімді пайдаланып, отбасымызға, сүйікті ісімізге арнасақ жақсы емес пе? Мысалы, мен ғаламтор арқылы аспаздық қабілетімді жетілдіріп жатырмын. Сол сияқты ас әзірлеу бойынша ғана емес, басқа да қажетті ақпараттарға қанық болып, үйде отырып-ақ бірталай істі бітіруге болатынына көзім жетті.

Ақтөбе қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button