Жаңалықтар

Салғырттық танытуға болмайды

Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ,

ҚР Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының органдар трансплантациясы жөніндегі үйлестірушісі:

Коронавирус — өте қауіпті індет. Ауырған адам жөтелгенде, түшкіргенде вирус сыртқа шығып, тез таралады.

Есіктің тұтқасы, лифт түймесі, баспалдақтың жақтауына жабысқан вирус тез жұғады.  Адамдар бұл жерлермен жиі жүреді. Сондықтан салғырттық танытпай, тазалыққа жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Медициналық бетперде киіп, қолды залалсыздандыратын сұйықтықпен жуу керек. Бұлар болмаса, қарапайым сабынмен жиі жуған дұрыс.

Көшеге шыққан адам үйге келген соң сырт киімін шешіп, балконға іліп қойғаны дұрыс.

Егер аса қажет болмаса, көпшілік жиналатын жерге бармаған жөн. Әсіресе, той-жиындарды шектей тұрса, артық болмайды.

Даурығып, үрейленіп, азық-түлікті қаптап сатып алудың да қажеті жоқ. Вице-премьер Ералы Тоғжанов әлеуметтік маңызды деген 19 түрлі азық-түліктің қоры жарты жылға жететінін айтты.

Тұрғындар үрейленбей, қарапайым сақтық шараларын жасағаны дұрыс.

Жәмиля ЖҰМАБАЕВА, Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы «Анвар» көтерме сауда орталығының басшысы:

— Коронавирусқа байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Әрине, ірі ойын-сауық, мәдени орталықтары өз жұмысын тоқтатқанымен, азық-түлік сауда желілері қалыпты режимде жұмысын жалғастыра береді.

«Анвар» сауда орталығына халық көп келетіндіктен, коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Біздің қызметкерлер де тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтындықтан, медициналық бетперде киіп, тазалық жұмыстарын жіті қадағалауда. Әзірге азық-түліктің бағасы көтерілген жоқ. Қажетті өнімдер күн сайын толықтырылып жатыр.

Лаура МАРАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

— Кез келген вирустан сақтану ережелерінің бірі  — тазалыққа көңіл бөлу. Қазіргі таңда тазалық құралдарының түр-түрі бар. Бүгін «Дина» гипермаркетінен соның бірнешеуін сатып алдым.

Осындай халық көп жүретін орындарда бетперде киіп жүру маңызды. Осыдан бір ай бұрын бетпердені 60 теңгеден сатып алсақ, бүгін 120 теңгеден алып жатырмыз. Дәріханалардың көпшілігінде маска жетіспеушілігі байқалады. Осы мәселе шешімін тапса екен деймін.

 

Нарқозы ҚАРТЖАН, қала тұрғыны:

 — Жалпы жұртшылық көп жиналатын орындарда карантин режимі қатаң сақталуда. Вирустың алдын алу шараларына немқұрайлы қарамауымыз керек. Бұл туралы күнделікті оқып, біліп жатырмыз. Бірінші кезекте, иммунитетті арттыру, тазалықты сақтау, дұрыс тамақтану, жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту керек.

«Сақтансаң Құдай сақтайды» демекші, қоғамдық орындарда бетперде киіп жүрген абзал.

Басқа жаңалықтар

Back to top button