Жаңалықтар

Ас-садақалар кейінге қалдырылуы керек

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындарды, іс-шараларды мүмкіндігінше кейінге шегеріп, бүкіл мешіттерде және асханаларда садақа өткізуді тоқтатуға шақырды.

Қазіргі таңда мұндай сақтық шаралары Қазақстанда ғана емес, қазіргідей індеттің таралу қаупі бар барлық елдерде қолға алынып, әлем мұсылмандары көпшіліктің қатысуымен өтетін діни шараларды тоқтатуда. Осыған орай 16 наурыз—15 сәуір аралығында «Нұр Ғасыр» мешітінде садақалар өткізілмейтіндігін хабарлаймыз. Марқұмның артынан садақа асын беру – сауапты амал. Алайда 40 күндік, жылдық ас-садақаларын беру – міндетті діни рәсім болып табылмайтынын еске салғымыз келеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», — дегендей, қауіпті індеттің таралуының алдын алып, сақтық шараларын қолданып, көпшілік іс-шараларды, соның ішінде садақа беруді тоқтату керек. Оның үстіне 40 күндік, жылдық ас-садақаларын күнін санап тұрып беру – шарт емес, кешіктіріп берсе де қабыл болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір жерде жұқпалы аурудың бар екенін білсеңдер, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар», – дегендей, әрбір адам өз отбасына, ұжымына, туған-туыстарына жауапты болғандықтан, бұл, ең алдымен, өздеріңізге қымбат болған жандардың аман-саулығы үшін қажетті шара. Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде жұртшылықтан жоспарланған ас-садақаларды кейінге қалдыруын және ондай шектеуге түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Төлеби қажы ОСПАН,

Облыстың бас имамы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button